Қазақстанда ақылы жол көбейіп, жол жүру қымбаттайды
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қазақстан жолдарындағы қозғалыс шығыны күннен-күнге артып барады. Ақылы учаскелердің қатары көбейіп, жол жүру ақысы да біртіндеп өсіп келеді. Алайда бұл әзірге бастамасы ғана. 2027 жылдан бастап Көлік министрлігі ақылы жолдардың тарифін жыл сайын көтеруді жоспарлап отыр. Жаңа ұсынысқа сәйкес, жеңіл автомобильдер үшін жол ақысы 30%-ға, автобустар мен жүк көліктері үшін 50%-ға дейін өскелі тұр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жүргізушілер мен жүк тасымалдаушы компанияларға қосымша салмақ түсіреді. Олар енді жаңадан ақылы болған жолдар үшін бір шығындалса, бұрыннан ақылы жолдың тарифінің көтерілуінен екінші шығындалады.
Көлік министрлігі бағаның өсуін жолдарды күтіп ұстау, жөндеу және жағдайын қалыпты деңгейде сақтау шығындарының көбеюімен түсіндіреді. Алайда кәсіпкерлер бұл шешімді қолдап отырған жоқ.
Жүк тасымалдаушылардың бастамашыл тобының өкілі Аслан Ғазез "Дневной формат" бағдарламасының эфирінде жол ақысын көтеруге үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, қосымша қаржылық ауыртпалық жүк жеткізу құнына тікелей әсер етіп, отандық компаниялардың онсыз да күрделі жағдайын одан сайын қиындатады.
Ақыр соңында қымбатшылықтың зардабын қарапайым халық тартады. Өйткені тауарды жеткізу шығыны артса, дүкендегі баға да өсері сөзсіз.
Сарапшы өз кәсіпкерлерімізге қосымша салмақ салғанша, шетелдік жүк тасымалдаушылар үшін жол ақысын көтеруді ұсынды. Сонымен бірге қазақстандық жүк көліктеріне шетелдік жүктерді тасымалдауға мүмкіндік беру керек деп есептейді.
Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет тарифтерді көтерумен қатар, жергілікті тасымалдаушыларға жеңілдіктер жасау мәселесі де қарастырылып жатқанын жеткізді. Мәселен, жылдық абонемент енгізу, кешкі уақытта және мереке күндері жол ақысын төмендету ұсынылуда.
Астана–Алматы бағытымен жүру шығыны 7 есе өсті
Жүргізушілер жол ақысының қалтаға түсіретін салмағын қазірдің өзінде сезінуде: ақылы жолдардың ұзындығы тоқтаусыз ұлғайып жатыр. Мәселен, 2026 жылғы 10 шілдеден бастап Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал автожолының басым бөлігі ақылы болды. Бұл – Астана мен Алматыны жалғайтын негізгі трассаның ұзындығы 645 шақырымнан асатын маңызды телімі.
Бұған дейін осы бағыттың Балқаштан Бурылбайталға дейінгі небәрі 91 шақырымы ғана ақылы болатын. Енді жеңіл автокөлік жүргізушілері бұл жолмен алдын ала төлем жасағанда 2 028 теңге, ал, кейін төлеген жағдайда 2 340 теңге санап беруге тиіс. Ауыр жүк көліктері үшін жол ақысы тіпті 29 343 теңгеге дейін шығандады.
Салыстырсақ, бұрынғы 91 шақырымдық ақылы учаскеден өту құны көлік санатына қарай небары 330 теңгеден 4 136 теңгеге дейін тұратын. Салдарынан, жүргізушілер Астана–Алматы бағытымен жүру шығыны жеті еседен астам өскеніне шағымданады. Мұндағы басты себеп тарифтің көтерілуі ғана емес, ақылы жол учаскесі ұзындығының бірнеше есеге күрт ұлғаюы екенін ескерген жөн.
Ақылы жолдан ақшасын "үнемдегісі" келген кейбір пысық жүргізушілер тіпті заңды белден басуға дейін барып жүр. "ҚазАвтоЖол" дерегінше, 2026 жылдың басынан бері республикалық ақылы жолдарда мемлекеттік нөмірін жасырған, қолдан жасаған немесе өзгертіп алған 1 942 көлік анықталды.
Олар жол камераларына нөмірін көрсетпеу үшін небір айлаға барады: арнайы жапсырма жапсырудан бастап, перделер мен нөмірдегі сандарды жасыратын электронды панельдерге дейін қолданады.
Жол қызметкерлері мұндай заңбұзушылықтар тіркелген видеоны полицияға жолдайды. Мемлекеттік нөмірге қатысты айла-шарғы жасаған жүргізуші куәлігінен де айырылып қалуы мүмкін.
Жол ақысын жинаудың жаңа жүйесі қарастырылуда
Бүгінде Үкімет жол алымдарын жинау жүйесін түбегейлі өзгерту мәселесін талқылауға кірісті. Премьер-министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ақылы автожолдарға қатысты мәселелерді зерделеу үшін арнайы жұмыс тобын құрды.
Шенеуніктер басты назарын коммерциялық жүк тасымалына аударып отыр. Әзірге ұсынылған жаңа төлем тәртібінің жекеменшіктегі жеңіл автокөлік жүргізушілеріне қатысы жоқ.
Алайда Үкіметтің көздегені бұдан да ауқымды: жол өзін-өзі қаржыландыруға көшірілсін дейді. Бюджеттен 1 тиын бермеуді қалайды.
Ұсынылып отырған бастамалардың қатарында көлік компанияларына арналған жылдық абонементтер енгізу, тарифтерді көліктің экологиялық класына, қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарының көлеміне және асфальт жамылғысына түсіретін салмағына қарай саралау бар. Сондай-ақ шетелдік жүк көліктері үшін міндетті сақтандыруды енгізу мәселесі де қарастырылуда.
"ҚазАвтоЖол" бизнес-талдаушысы Фархад Нұрқамалов тасымалдаушыларға әлі жасамаған, бірақ жоспарлап қойған жол жүру қашықтығы үшін алдын ала төлем жасауға мүмкіндік беруді ұсынды. Осы арқылы ұлттық компания төлемдердің жиналу деңгейін арттырып, берешекті азайтуға ниетті.
Сондай-ақ келесі жылдан бастап, Қазақстанда жол салу тәсілінің де өзгеретіні жарияланды. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті ведомстволарға бүкіл саланы қайта құруға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Бұл "қайта құруға" себеп те жоқ емес. Бас прокуратура жол саласына жүргізген ауқымды тексерулерден кейін 33 қылмыстық іс қозғады. Анықталған заңбұзушылықтардан мемлекетке келген алдын ала шығын 8 миллиард теңгеден асып кеткен.
Қазақстандағы ең көп көлік жүретін ақылы жолдар
2026 жылы республикадағы ақылы жолдардың ауқымы тағы артты. Шілде айында Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал бағытындағы 645,64 шақырым және Бурылбайтал – Күрті бағытындағы 80 шақырым жол ақылы болды. Ұзындығы 772,955 шақырымдық Талдықорған – Өскемен алып тасжолында да төлем жүйесі енгізілді.
Бірақ дәл осы жолда жеңіл көліктер мен жүк көліктеріне қойылатын талап әртүрлі. Жеңіл автокөлік иелері бірінші санаттағы жолдың тек 32,4 шақырымы үшін ақы төлейді. Ал, жүк көліктері мен автобустар бүкіл бағыттың ақысын өтеуге міндетті.
Алдағы жылдары ақылы жолдардың ұзындығы бұдан да артқалы тұр. Мемлекеттік жоспар бойынша:
2026 жылдың соңына дейін ақылы жолдардың ұзындығы 7,5 мың шақырымнан асуы керек;
2027 жылы 9 мың шақырымға дейін ұлғаяды;
2028–2029 жылдары 11 мың шақырымға жетеді.
Ақылы жолдарға қатысты өзгерістердің артында қомақты қаржы тұр. Себебі, бұл жолдар "ҚазАвтоЖол" үшін үлкен табыс көзіне айналған.
Мәселен, 2024 жылы ақылы жолдардан 48 млрд теңге жиналса, 2025 жылы бұл сома екі есе өсіп, 87 млрд теңгеге жуықтады. Ал, 2026 жылдың алғашқы он айында ғана ұлттық компанияның қоржынына 95 миллиард теңге түскен.
Бастапқыда 2026 жылға арналған жоспар 100 миллиард теңге еді. Бірақ "ҚазАвтоЖол" басшысы Дархан Иманашев жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 105 миллиард теңгеге жеткізуді болжап отыр.
Дархан Иманашевтің мәліметінше, жиналған ақшаның 95%-ға дейінгісі ақылы ғана емес, тегін республикалық жолдарды да күтіп ұстауға жұмсалады. Бұған дейін соңғыларына мемлекет бюджетінен 70 миллиард теңгедей бөлінетін. Енді барлық жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға қажетті ақшаны жүргізушілер көтеретін болды.
Жыл басынан бері, қаңтар–қазан айларында ақылы жолдармен 68,3 миллион көлік жүріп өткен. Соның 49,1%-ы ең көп пайдаланылатын бес бағытқа ғана тиесілі.
Қазіргі кезде Қазақстанда жалпы ұзындығы 6 379,59 шақырым болатын 28 ақылы жол жұмыс істеп тұр. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында қай жолдарда көлік көп жүргенін көрсететін рейтингін жариялады.
Қазақстандағы 28 ақылы жолдағы қозғалыс қарқыны:
Алматы – Қонаев – 10 834 980 автокөлік жүрісі;
Шымкент – Өзбекстан шекарасы – 8 033 519;
Шымкент – Тараз – 5 652 809;
Тараз – Қайнар – 4 964 599;
Шымкент – Қызылорда – 4 061 676;
Астана – Теміртау – 3 698 981;
Астана – Щучинск – 3 407 291;
Қонаев – Талдықорған – 3 193 009;
Тараз қаласының айналма жолы (Қайнар–Шымкент) – 2 526 954;
Щучинск – Көкшетау – 2 446 971;
Қостанай – Денисовка – 2 307 727;
Алматы – Қорғас – 2 262 135;
Астана – Павлодар – 2 177 036;
Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – 1 749 169;
Қызылорда – Арал – 1 518 380;
Көкшетау – Петропавл – 1 517 210;
Павлодар – Семей – Қалбатау – 1 135 232;
Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор) – 1 133 840;
Шу – Бурылбайтал – 945 933;
Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк) – 789 421;
Қандыағаш – Мақат – 784 775;
Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы) – 751 516;
Орал – Ресей шекарасы (Самара) – 573 394;
Талдықорған – Өскемен – 500 670;
Орал – Ресей шекарасы (Саратов) – 487 254;
Үшарал – Достық – 472 465;
Бурылбайтал – Күрті – 264 253;
Бейнеу – Ақжігіт (Өзбекстан шекарасы) – 130 616.
Әрине, шенеуніктердің Қазақстандағы барлық жолға бір күнде шлагбаум қойып шығып, лезде ақылы ету жоспары жоқ. Ақылы учаскелер біртіндеп көбейеді. Бірақ соның өзі жүргізушілерге оңай тиіп отырған жоқ.
Бұрын тегін жүрген жолдардың ақылыға айналуы, тарифтердің жыл сайын көтерілуі және "орташа жылдамдық" сияқты ақылы учаскелердегі айыппұлдар түрлерінің көбеюі жол шығынын толассыз арттырып жатыр. Әсіресе, ауыл мен қала арасында күн сайын қатынайтын қарапайым жолаушыларға да, аймақтар арасында жүк тасымалдайтын жеткізушілерге де бұл соққы болып тиюде.
Бір жағынан, мемлекет жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға қаражат керек дейді. Екінші жағынан, жол ақысын және басқа алымдарды төлейтін халық пен кәсіпкердің де мүмкіндігі шексіз, әмияны түпсіз емес.
Оның үстіне анықталған қаптаған бұзушылықтар "ақылы жолдардан түсетін миллиардтаған теңгенің жол сапасын жақсартуға толық жұмсалатынына" күмән туғызды. Бір анығы, Қазақстанда ақылы жол көбейген сайын көлікпен жүру де қымбаттай беретін болды.
Қаз
Рус






