ӨҢІРДЕ КҮРІШ ЖИНАУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 92 ПАЙЫЗЫ ОРЫНДАЛДЫ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
ӨҢІРДЕ КҮРІШ ЖИНАУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 92 ПАЙЫЗЫ ОРЫНДАЛДЫ
Қызылорда облысында биылғы күзгі егін жинау науқаны жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте айтылды. Жиында аграрлық сектордың негізгі көрсеткіштері, егін жинау жұмыстарының барысы, су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және шаруаларды мемлекеттік қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Брифинг барысында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Даулетбек Абдирасулов өңірдегі егін жинау науқанының қазіргі қарқынына тоқталып, биылғы аграрлық маусымның ерекшеліктері туралы мәлімет берді.
«Биылғы жылы егісті тұрақты суаруға 3 миллиард 250 миллион текше метр су лимиті бөлініп, барлығы 193 мың 700 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Президент тапсырмасына сәйкес күріш алқабы 10 мың 900 гектарға оңтайландырылып, орнына суды аз қажет ететін дән жүгерісі 10 мың гектарға егілді.
Бүгінгі таңда негізгі дақылымыз – күріштің 64 мың 800 гектары орылып, бұл жалпы егіс көлемінің 92 пайызын құрап отыр. Қазіргі таңда 294 мың 250 тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 50,7 центнерді құрауда. Күрішті жинау жұмыстарын қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірмей аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Даулетбек Жәнібекұлы.
Өңірде күріш шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыттарының бірі саналады. Сондықтан егін жинау кезеңінің уақытылы әрі сапалы аяқталуы шаруалар үшін де, жалпы облыстың аграрлық экономикасы үшін де маңызды. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстарына қажетті техника жұмылдырылып, шаруашылықтарда өнімді ысырапсыз жинауға басымдық берілуде.
Биылғы егіс құрылымында суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру мәселесіне де ерекше мән берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күріш алқабын кезең-кезеңімен оңтайландыру арқылы су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын сақтау көзделіп отыр. Осы мақсатта дән жүгерісі секілді суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғайтылды.
Бұдан бөлек, брифингте су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстардың нәтижесі сөз болды. Қолдау шараларының арқасында өңірде заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 14 мың 200 гектарға жетті.
Су ресурстарын тиімді пайдалану – Сыр өңірі үшін аса маңызды мәселенің бірі. Осыған байланысты шаруашылықтарға заманауи технологияларды енгізу, суару жүйелерін жаңғырту және әр гектардан алынатын өнім көлемін арттыру бағытында түсіндіру және қолдау жұмыстары жүргізілуде. Су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласының басым бағыттарының бірі болмақ.
Брифингте мал шаруашылығына қажетті азық қорын қалыптастыру жұмыстарының да сәтті аяқталғаны айтылды. Қысқы кезеңге қажетті мал азығы толықтай қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, жоңышқа мен табиғи шөп дайындау науқаны жоспарға сәйкес жүргізіліп, шаруашылықтар қажетті қорды жинақтады. Бұл мал қыстату науқанын тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Биыл аграрлық секторды қолдауға 35 миллиард 900 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат шаруалардың өндірістік әлеуетін арттыруға, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтарды жаңартуға, заманауи технологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталуда.
Сонымен қатар салаға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өскен. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 2,1 есеге артты. Бұл өңірдегі аграрлық өндірістің инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы, биылғы егін жинау науқанының негізгі кезеңі жоспарлы түрде жүргізілуде. Күріштің 92 пайызы жиналып, шаруалар науқанды белгіленген мерзімде аяқтауға күш салуда. Алдағы күндері ауа райы қолайлы болған жағдайда қалған алқаптардағы өнімді жинау жұмыстары да жеделдетілмек.
Қызылорда облысы үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды салаларының бірі. Сондықтан егін көлемін тиімді жоспарлау, су ресурстарын үнемдеу, еңбек өнімділігін арттыру және шаруаларды тұрақты қолдау өңірдің аграрлық әлеуетін одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда басты міндет – қалған күріш алқаптарындағы өнімді уақытылы жинап, науқанды сапалы аяқтау. Сонымен қатар келесі жылға дайындық жұмыстарын ертерек бастап, су үнемдеу технологияларын одан әрі кеңейту, егіс құрылымын тиімді қалыптастыру және ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа инвестициялар тарту көзделіп отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Қаз
Рус






