ҚЫЗЫЛОРДАДА «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
ҚЫЗЫЛОРДАДА «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбында «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті. Рухани-танымдық маңызы зор жиынға еліміздің әр өңірінен келген мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер саласының майталмандары және аналар қауымдастығының мүшелері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – еліміздің рухани өміріндегі ананың биік мәртебесін айшықтау, ұлт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жандардың еңбегін дәріптеу, олардың өнегесін кеңінен насихаттау, сондай-ақ отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені нығайту. Сонымен қатар цифрлық технологиялар қарқынды дамыған қазіргі кезеңде ана мен отбасының қоғамдағы рөлін саралап, жас ұрпақтың саналы әрі жауапты болып қалыптасуына қажетті бағыттарды талқылау көзделді.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, ғалым, биотехнолог, отандық QazVac вакцинасының авторы Күнсұлу Закария, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Аналар кеңесі» ұйымының төрайымы Назипа Шанаи, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, әнші Мәдина Сәдуақасова және еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар қатысты.
Форумның ашылуында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысушыларға ризашылығын білдіріп, ананың қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды. Аймақ басшысы үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған республикалық басқосудың ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді
талқылауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей: “Анаға деген құрмет – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан асыл құндылықтарының бірі. Отбасы – ұлттың түпқазығы, ал ана – сол шаңырақтың шайқалмас тірегі”.
Қаламыздағы аналардың құрметіне арналып салынған “Анаға тағзым”, жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған “Отбасы орталықтары” ел игілігіне қызмет етуде. Бұл ғимараттар арулар мен аналардың, жас отбасылардың құтты шаңырағына айналды.
Бүгінде уақыт өзгерді. Цифрлық технологиялар қарыштап дамып, жасанды интеллект дәуірі келіп жетті. Ақпарат ағыны еселеп артты. Президентіміз айтқандай, бұл жаһандық өзгерістер жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа міндеттер де жүктейді.
Осындай кезеңде қоғам мен отбасындағы ананың рөлі бұрынғыдан да маңызды әрі жауапты бола түсті. Цифрлық дәуірде ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбиені қатар беру – басты міндетіміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысының сөзінде дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мен заманауи өзгерістерге бейімделудің өзектілігі кеңінен көрініс тапты. Шынында да, бүгінгі қоғамда ана тек отбасының берекесін сақтаушы ғана емес, баланың дүниетанымын қалыптастыратын, бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіретін және өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал ететін негізгі тұлғалардың бірі.
Қазіргі цифрлық дәуірде бала тәрбиесіне қатысты міндеттер де күрделене түсті. Интернет пен әлеуметтік желілердегі ақпарат көлемінің артуы, жасанды интеллект технологияларының кеңінен таралуы жас ұрпақтың ақпаратты қабылдауына, ойлау жүйесіне және мінез-құлқына әсер етуде. Мұндай жағдайда балаларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ақпараттың шынайылығын ажыратуға үйрету, цифрлық қауіпсіздікті түсіндіру және технологияларды тиімді пайдалануға баулу маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, форумның «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбы уақыт талабымен үндеседі. Ана тәрбиесінің дәстүрлі негіздерін сақтай отырып, балаларды жаңа технологиялар әлемінде саналы шешім қабылдауға үйрету – бүгінгі отбасының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Ұлттық тәрбие мен заманауи білім өзара сабақтасқанда ғана өскелең ұрпақтың рухани дамуына және қоғамдағы жауапкершілігінің артуына негіз қаланады.
Ұлттық тәрбие және заманауи қоғам: ортақ міндеттер
Форум барысында қатысушылар дәстүр сабақтастығы мен ұрпақтың болашағы, еліміздегі әйел ғалымдардың орны, қоғамдағы ана мен баланың жағдайы, талантты таныту, тұлғаны қалыптастырудағы ананың рөлі, отбасы құндылықтары, қолдау тетіктері, жаңа бастамалар және ана денсаулығы тақырыптарында ой-пікірлерін ортаға салды.
Талқылауларда ананың бала тәрбиесіндегі орны мен қоғамның рухани дамуына қосатын үлесіне ерекше мән берілді. Отбасындағы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жауапкершілік пен мейірімділік сияқты қасиеттердің қалыптасуы ең алдымен тәрбие ортасына байланысты. Осы ретте ата-ана мен қоғамның өзара ынтымақтастығы балалардың үйлесімді дамуы үшін маңызды.
Жиынның маңызды бағыттарының бірі – әйелдердің ғылым мен қоғамдық өмірдегі рөлі. Қазіргі таңда әйелдер білім, медицина, ғылым, кәсіпкерлік, мәдениет және басқа да салаларда елеулі жетістіктерге жетіп, елдің дамуына үлес қосып келеді. Олардың тәжірибесі мен жетістіктерін дәріптеу жас қыздардың білімге ұмтылуына, өз қабілеттерін дамытуына және қоғам өміріне белсенді араласуына серпін береді.
Отандық QazVac вакцинасының авторы, ғалым әрі биотехнолог Күнсұлу Закарияның форумға қатысуы да ғылымдағы әйелдердің орнын айқындайтын маңызды қырлардың бірі болды. Ғылым жолындағы ізденіс, кәсіби табандылық пен ел игілігіне қызмет ету үлгісі жас ұрпаққа, әсіресе ғылымға қызығатын қыз балаларға бағыт-бағдар бере алады.
Сонымен бірге ана мен бала денсаулығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Отбасының әл-ауқаты мен қоғамның тұрақты дамуы үшін ана денсаулығын сақтау, балалардың дұрыс өсіп-жетілуіне жағдай жасау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру маңызды. Анаға қамқорлық көрсету – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі.
Форумда отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған қолдау шаралары мен жаңа бастамалардың маңызы да сөз болды. Жас отбасыларға қолдау көрсету, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасындағы өзара түсіністік пен сенімді қалыптастыру – қоғамның рухани тұрақтылығына ықпал ететін негізгі бағыттар.
«Анаға тағзым» – ұрпақ тәрбиесіне арналған маңызды алаң
Қызылордада аналарға құрмет көрсету мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қаладағы «Анаға тағзым» орталығы мен «Отбасы орталықтары» осы бағыттағы жұмыстардың маңызды бөлігі саналады. Мұндай нысандар аналар мен қыз-келіншектердің басын қосып, тәжірибе алмасуына, жас отбасыларға қолдау көрсетуге және ұлттық тәрбиені насихаттауға мүмкіндік береді.
«Анаға тағзым» республикалық форумы да осы игі бастамалардың жалғасы ретінде ананың қоғамдағы мәртебесін көтеруге, отбасы институтын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Еліміздің әр өңірінен келген делегаттардың бас қосуы ортақ мәселелерді талқылауға, тың идеялармен бөлісуге және өзара тәжірибе алмасуға жол ашты.
Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі тек отбасының ғана емес, білім беру ұйымдарының, қоғамдық институттардың және тұтас қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Баланың бойына ізгілік, адалдық, еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру үшін ата-ана мен қоғамның бір бағытта әрекет етуі қажет. Ал цифрлық ортада баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның технологияларды дұрыс пайдалануына көмектесу осы міндеттердің жаңа қырын айқындайды.
Ананың мейірімі мен өнегесі, отбасындағы тәрбие және ұлттық құндылықтарға деген құрмет – ел болашағының берік негізі. Сондықтан ана мәртебесін көтеру, әйелдердің қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейту, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау және отбасы құндылықтарын сақтау бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Қызылордада өткен «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы осы мәселелерді кеңінен талқылап, ананың қоғамдағы ерекше орнын тағы бір мәрте айқындады. Басқосу ұлттық тәрбиенің сабақтастығын сақтай отырып, заманауи өзгерістерге бейімделудің маңызын көрсетті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






