1-сынып оқушысына тиіскен мұғалім жазадан сытылып кетуі мүмкін бе?
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Шымкенттегі жекеменшік мектепте 1- сыныптағы қызға жыныстық сипатта тиіскен информатика мұғалімі жазадан сытылып кетуі мүмкін, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Сыныптағы камераға айғақтар түсіп қалса да, полиция бұл сұмдықты ауыр қылмыс емес, "жеңіл теріс қылық" деп тіркеген.
36 жастағы мұғалім 1- сыныптағы қызға оғаш әрекет жасаған. Ол сыныпта басқа балалардың көзінше қыздың басын өзінің ұятты жеріне басып, тізесіне отырғызған. Мұны білген қыздың анасы дабыл қағып, полицияға арызданған. Мұғалімнің балаға қатысты ерсі әрекеттері сыныптағы бейнебақылау камерасына түскен. Ал анасы видеоны өз көзімен көріп, ұстаздың не істегеніне көз жеткізген.
Анасының айтуынша, бұл жағдайдан кейін баланың мазасы кеткен. Мектепке барудан қорқып, жиі жылайтын болған және тәбеті нашарлаған. Күйзеліс салдарынан психолог көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Ақпан айынан бері тергеу басталғанымен, күдікті осы уақытқа дейін қамауда отырғанымен, әлі жазаланбаған. Алайда мұғалім өз кінәсін үзілді-кесілді жоққа шығаруда.
Қаратау аудандық полиция басқармасы мұғалімнің әрекетін қылмыстық кодекстің 121-1-бабы бойынша, яғни “16 жасқа толмаған балаға сексуалдық сипаттағы тиісу” деп бағалаған. Алайда жәбірленушінің анасы тергеу кезінде-ақ бұл баппен келіспейтінін мәлімдеген. Соған қарамастан, іс сотқа осы бап бойынша жолданған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты істі қарау барысында мұғалімнің әрекетінде бұдан да ауыр қылмыстың белгілері болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Сондықтан сот істі қосымша тергеуге қайтарып, мұғалімнің әрекетін қылмыстық кодекстің 124-бабы — “Кәмелетке толмаған адамды азғындық жолға түсіру” бойынша қайта саралау мәселесін қарауды ұсынған. Алайда айыпталушы бірінші сатыдағы соттың бұл шешіміне шағым түсіріп үлгерген.
Апелляциялық сот алқасы айыпталушының шағымын қанағаттандырып, істі қосымша тергеуге қайтару туралы қаулының күшін жойды. Сөйтіп, істі қайта қарау үшін сотқа жолдады.
Нәтижесінде іс қылмыстық кодекстің 121-1-бабы бойынша қаралатын болды. Бұл бапта көзделген жаза қоғамдық жұмыстарға тарту немесе түзеу жұмыстарымен шектелуі мүмкін. Себебі 2027 жылға дейін қолданыста болатын мораторийге байланысты аталған бап бойынша қамауға алу жазасы қолданылмайды.
Қаз
Рус






