«5 жігітке сатамыз» Қорлық көрген қыз терезеден секіріп кеткен
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тонау, бопсалау және пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша екі қызға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Былтыр көктемде кәмелет жасқа толмаған қыздар жәбірленушіні ақша бопсалау мақсатында Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің біріне алып барған. Олар қызды «2 сағатта 100 мың теңге таппасаң, 5 жігітке сатамыз» деп қорқытып, жабылып соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған қыз қорыққаннан 3-қабаттағы терезеден секіріп кеткен. Салдарынан жәбірленушінің екі өкшесі, омыртқасы зақымданып, қолы сынды.
"Сот үкімімен Т. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, оған 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Н. да тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, оған 5 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген сот хабарламасында.
Сот сотталушылардан жәбірленушінің пайдасына ортақ тәртіпте моралдық залалды өтеу есебінде 3 миллион теңге және адвокаттың қызметіне жұмсалған шығыстар үшін әрқайсысынан 600 мың теңгеден өндіріп алды. Сот сотталушылардың жас екені жазаны жеңілдететін жағдай деп таныды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қаз
Рус






