Каспийдегі қайғылы жағдай 11 жылдан кейін қайта қайталанды: Сол кезде аман қалған әскери жағдайды айтып берді

1 511

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

Фото: lada.kz11 жыл бұрынғы Каспийдегі әскери қызметкерлер қаза тапқан қайғылы оқиғаның қатысушысы жағдайдың қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі . 


Бұрынғы жараның беті қайта ашылды ма?

2015 жылы Ақтауда “Орталық-2015” оқу-жаттығуының екінші кезеңі өткен. Теңіз десантын түсіру эпизоды кезінде теңізге бортында 52 әскери қызметкері бар алты БТР-80 шыққан. Оқу-жаттығу “Оймаша” полигонынан шамамен бес шақырым жерде өткен. Теңізде шамамен 150 метр жүрген соң қатты жел соғып, толқын көтерілген. Салдарынан әскери техника суға бата бастаған. Оқиға кезінде төрт әскери қызметкер қаза тапқан.

Сол кезде Қорғаныс министрі қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетов оқиғаның мән-жайы мен себебін толық анықтау үшін арнайы топ құрып, оны оқиға орнына шұғыл жіберуді тапсырған.

Сол күні қаза тапқан төрт әскери қызметкердің аты-жөні де айтылды. Олар:

19 жастағы Бауыржан Жолдабай, Оңтүстік Қазақстан облысының Сауран ауданынан әскерге шақырылған;

оның құрдасы Атырау облысының Құлсары ауданынан шақырылған Асылжан Махамбетов;

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан шақырылған 23 жастағы Замир Адилов;

Атырау облысының Мақат кентінен әскерге алынған 19 жастағы Бағытжан Қалыбай.

Сол кезде Асылжан Махамбетов пен Бағытжан Қалыбайдың әскердегі қызметін аяқтауына бір ай қалған.

Сол оқу-жаттығулар кезінде мерзімді әскери қызмет атқарған әскери қызметкер HOLA News  басылымына оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Ол БТР-лардың бірінің ішінде болған. Сұхбат беруші аты-жөнін құпия сақтауды сұрады.

Оның айтуынша, әскерилер қайғылы оқиғаға дейін шамамен он күн бойы қолайлы ауа райы жағдайында жаттығу өткізген. Алайда дәл теңізге шығатын күні ауа райы күрт өзгерген. 

“Дәл оқу-жаттығу өтетін күні ауа райы бұзылды. Бірақ бізге сонда да БТР-лармен кемеден түсуге бұйрық берілді”, – дейді ер адам. 

Оның айтуынша, теңізге 6 көлік түсіріліп, олардың төртеуі бірден бата бастаған.Ол мінген БТР жағаға аман жеткен екі көліктің бірі еді. Әр көлікте 9–10 адамнан болды.

Ер адамның сөзінше, әскери қызметкерлердің бір бөлігін кемеден түсірілген қайықтар құтқарса, кейбірі жағаға өздері жүзіп жеткен. 

"Бәріміз есеңгіреп қалдық. Бізге ешкім ештеңе түсіндірген жоқ, жолдастарымыздың суға батып кеткенін өзіміз түсіндік", – дейді ол.

Тергеудің ресми қорытындысы бойынша, қайғылы оқиғаға жеке құрамның жеткілікті деңгейде дайындығының болмауы себеп болғаны айтылған.

Бұрынғы әскери қызметкердің айтуынша, БТР-лар суға артқы жағымен бата бастаған, сондықтан әскери қызметкерлер алдыңғы есіктер арқылы шыққан. 

Бүгінгі қайғылы жағдайдан кейін ер адам бірден 11 жыл бұрынғы оқиғағаны еске алғанын айтады. Оның айтуынша, екі оқиғада да “ауа райы жағдайы бірдей болған”. 

“Қорытынды жасалмайды, қателіктерден сабақ алмайды. Осыдан небәрі 10 жыл бұрын ғана дәл осындай қайғылы жағдай болды ғой. Бізге батып бара жатқан жағдайда не істеу керегі үйретілген жоқ”, – дейді ер адам. 

Оның пікірінше, 2015 жылғы оқу-жаттығулар кейінге қалдырылуы тиіс еді. 

“Шешуші күн еді, олар комиссияға көрсету үшін кейінге қалдырғылары келмеді. Менің ойымша, оқу-жаттығуларды ауа райы дұрысталғанға дейін бір-екі күнге кейінге шегеру қажет еді”, – дейді бұрынғы әскери қызметкер. 

Сонымен қатар ер адам бүгінгі оқиғаға не себеп болғанын нақты білмейтінін атап өтті. Алайда оқу-жаттығу кезінде сарбаздарға төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керегін дұрыс үйрету қажет деп есептейтінін мәлімдеді. 

Кінәлілер қалай жазаланды

Қайғылы оқиғадан бір жыл өткен соң, 2016 жылы 25 қарашада сот үкімі шықты. Іс бойынша алты адам, оның ішінде әскери лауазымды тұлғалар сот алдында жауап берді. Олардың барлығына Қазақстан Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) бабы бойынша айып тағылды.

“Батыс” өңірлік қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысы полковник Мұрат Нұғманов, теңіз жаяу әскерлері бригадасының бұрынғы командирі подполковник Ерболат Төлікбаев және 25744 әскери бөлімінің теңіз жаяу әскерлері командирінің орынбасары Рашид Жілқайдаров 2,5 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қоныс колониясында өтеуге сотталды.

25744 әскери бөлімінің екінші батальоны бесінші ротасының екінші бөлімшесінің командирі, кіші сержант Абай Баймұратов 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал 25744 әскери бөлімінің теңіз жаяу әскерлері взводының командирі, аға лейтенант Бауыржан Төлегенов пен осы бөлімнің екінші батальоны бесінші ротасының үшінші бөлімшесінің командирі, кіші сержант Ерасыл Көбеген кінәлі деп танылып, алты айға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, оларға шартты жаза тағайындалды.

Істі Ақтау гарнизонының әскери соты қараған.

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.