6 ай оқу , 6 ай әскери бөлімде: Қазақстан әскерінде түбегейлі реформа жасалады
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің жаңа жүйесі енгізілуі мүмкін. Енді әскерге шақырылған азаматтар алғашқы алты айын арнайы оқу орталықтарында өткізіп, қалған алты айда әскери бөлімдерде қызмет етеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Сонымен қатар әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігін күшейту, олардың құқықтарын қорғау және жаңа әскери құрылымдар құру жоспарланып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстандағы әскери қызмет жүйесін түбегейлі жаңарту мәселесі қаралды. Жиында Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскери реформа жоспарының негізгі бағыттарын таныстырды. Құжат халықаралық тәжірибе, заманауи соғыс жүргізу тәсілдері және отандық әскери мамандардың ұсыныстары негізінде әзірленген.
Әскердегі қызмет екі кезеңге бөлінбек
Жоспарланған реформаның ең маңызды жаңалықтарының бірі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын жаңа үлгісіне көшу. Жаңа жүйеге сәйкес, әскерге шақырылған азаматтар:
Алғашқы 6 айда арнайы оқу орталықтарында әскери даярлықтан өтеді.
Кейінгі 6 айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік міндеттерді орындауға машықтанады.
Яғни сарбаздар бірден әскери бөлімдерге жіберілмей, алдымен арнайы дайындықтан өтеді. Бұл олардың әскери дағдыларды меңгеруіне және кейінгі қызметке бейімделуіне мүмкіндік бермек.
Әскердегі әлімжеттікке қарсы жаңа шаралар қарастырылды
Реформада әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, әскерде әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Бұл құрылымдар сарбаздардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталмақ. Сонымен қатар әскери бөлімдерде жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу, тәртіпті күшейту және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.
Қазақстанда Ұшқышсыз жүйелер күштері құрылмақ
Әскери реформаның тағы бір маңызды бағыты – Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау. Жоспар бойынша, елімізде Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру көзделіп отыр. Бұл қазіргі заманғы әскери технологиялардың маңыздылығы артып отырған кезеңде қолға алынбақ. Бұдан бөлек, әскерді басқару, қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру және Қарулы Күштердің негізгі компоненттерін нығайту жоспарланған.
Әскери мектептердің саны артуы мүмкін
Реформа аясында жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жүйесіне де өзгерістер енгізу көзделген. Атап айтқанда, «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлық сапасын арттыру ұсынылған.
Жаңа тәртіп қашан енгізіледі?
Әзірге аталған өзгерістер әскери реформа жоспары аясында ұсынылып отыр. Мерзімді әскери қызметтің жаңа үлгісіне көшудің нақты мерзімі жарияланған жоқ. Реформа жүзеге асқан жағдайда Қазақстан армиясында сарбаздарды даярлау, әскери бөлімдердегі тәртіп, қызметшілердің құқықтарын қорғау және қорғаныс жүйесін басқару бағыттары жаңартылмақ.
Қаз
Рус






