Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пункті қайта ашылды
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасында жаңғыртудан өткен «Жібек жолы» (Түркістан облысы) және «Гишт-Куприк» (Ташкент облысы) өткізу пункттері ресми түрде өз жұмысын бастады. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының қаржы министрі Мәди Такиев, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев және Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қаржы министрлігі шекаралық аймақтағы инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен арадағы шекаралық аумақта 10 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, іске қосылды. Биылғы 10 айда шекарадан өткен автокөлік саны 23% өсіп, 1,7 млн-ға жетті. Еліміз бойынша кеден төлемдері мен салық түсімі 4,3 трлн теңгеге (шамамен 10 млрд доллар) ұлғайып, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 18,5% артқан.
Бұл жобаның негізгі артықшылығы – жолаушылар көлемімен айқындалып отыр. Мәселен, 2024 жылы «Жібек жолы» арқылы 11 млн астам адам өткен. Өткізу пункті жөндеуге жабылған уақытта азаматтарға басқа бағыттармен қатынауға тура келіп, бұл іргелес жатқан өткізу пункттерінің жүктемесін арттырды. Маңызды нысандағы жұмыстың жандануы екі ел арасындағы бағытты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Осы ретте ауқымды жөндеудің аясында ескірген инфрақұрылымның орнына жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуықтайтын екі жолаушылар терминалы салынды. Оның бірі елімізге келетін азаматтарды қабылдауға, екіншісі шекарадан өтетіндерге арналған. Автокөліктерді тексеру үшін ауданы 6 мың шаршы метр болатын ортақ қалқа (жаппа) қарастырылған. Кіреберістегі қозғалыс жолақтары 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылды. Жолаушылар мен көлік ағындары бөлінді, бұл аталған аумақтағы қозғалысты тиімді ұйымдастыруға әсер етеді.
Қарбалас уақытта жаңартылған инфрақұрылым тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Бұған қарап, тиісті нысанның мүмкіндігін бағамдай беруге болады.
Терминалдар төлқұжатты тексеруге арналған 82 кабинамен және 20 автоматтандырылған Q-gate паспорттық бақылау жүйесімен жабдықталған. Заманауи жүйелер жекелеген бақылау рәсімдерін электронды форматта жүргізіп, жолаушыларға қызмет көрсету аясын кеңейтуге жол ашады.
Кедендік бақылау бағытында рентген аппараттары, жолаушыларға арналған сканерлер, радиацияны тексеретін жабдықтар, сондай-ақ автобустар мен жеңіл автомобильдерді тексеруге арналған инспекциялық-тексеру кешендері орнатылды. Техникалық жарақтандыру қауіпсіздік талаптарын сақтап, бақылау рәсімдерінің тиімділігін арттыруды көздейді.
«Жібек жолы» мен «Гишт-Куприк» пункттерінің бірлескен ашылуы екі мемлекет көшбасшыларының стратегиялық әріптестік пен одақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған саясатының жалғасып жатқанын айғақтайды», - деді Мәди Төкешұлы.
Тұтастай алғанда, «Жібек жолының» туризмнің әлеуетін арттырудағы маңыздылығы да зор. Мұнда жеке тұлғаларға, жеңіл автокөліктер мен жолаушылар автобустарына қызмет көрсетуге тиісті жағдай қарастырылған. Осы арқылы туристік бағыттар кеңейіп, автобус турлары жолға қойылып, халықаралық жолаушылар тасымалы, оның ішінде Қазақстан арқылы өтетін транзиттік маршруттар нығая түседі деп болжанған.
Бауырлас елдердің халқына бұл отбасылық сапарға шығып, білім алумен қатар іскерлік қатынасты күшейтуге септігін тигізбек. Ал туристік компаниялар мен тасымалдаушы ұйымдар Қазақстан-Өзбекстан бағытының күретамырына қан жүгіртіп, тың серпін бере алады.
«Біздің басты мақсатымыз - кедендік бақылаудағы қауіпсіздік пен сенімділіктің жоғары деңгейін сақтай отырып, әрбір азамат үшін шекарадан өтуді жылдамырақ, ыңғайлырақ және болжамды ету» - деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев.
Аталған өткізу пункттерін өзара келісіммен жаңарту екіжақты көлік қатынасы мен іскерлік әріптестікті, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға оң әсер етеді.
Бұл рәсімге еліміздің тарапынан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов қатысты.
Қаз
Рус






