Аудан әкімінің халықпен кездесуі Мәдениет, Мырзабай ахун ауылдарында жалғасты

230
Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың елді мекендер халқымен кездесуі Мәдениет, Мырзабай ахун ауылдарында жалғасты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Алдымен атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсат-міндеттерге кезек берген Асқарбек Темірбекұлы бір сәт елдің талап-тілегіне де құлақ түрді.

Кездесуде мәдениеттік ардагерлер жарық, аяқ су секілді біршама мәселені сөзіне арқау етті. Асқарбек Темірбекұлы көтерілген мәселелерге алдағы уақытта жұмыс жасалатынын жеткізді, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Иә, Мәдениетте алдағы жылы біршама жоба жүзеге асады. Жаңағы жиында халық көтерген аяқ су мәселесіне жұмыс жасалады, бұл бір. Мұнан бөлек ауылдағы ауыз жүйесі кеңейтіледі. Ал халық айтқан көшелердің жарық мәселесі де 2023 жылы шешімін табады. Алдағы жылы ауылдағы 3 көшенің сапасына қатысты сметалық құжаттың әзірленетіні де мұндағы елдің еңсесін бір көтерді. Ал жарық, аяқ су, жол, жалпы тоқсан сайын халық көтерген мәселелер бүгінге дейін шешімін тауып келеді. Кездесу соңында ауыл ардагерлері аудан әкіміне алғыс айтып, жұмысына жоғары баға берді.

Мырзабай ахунда халықпен кездесу ауылдағы білім ошағында өтті. Ауылдағы мәдениет үйінің жоқтығы, емхана мәселесі осыған дейін де тұрғындардың талап-тілегіне арқау болған. Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжанов қос мәселеге нүкте қойды. Яғни келер жылы Мырзабай ахунда ауылдық емхананың іргетасы қаланады. Ал 2024 жылы ахун атындағы ауылда мәдениет үйі бой көтереді.

Мұнан бөлек ахун атындағы ауылда келер жылы толықтай электр желісі жаңартылады. Бұл жобаға ел қазынасынан 127,1 млн теңге, облыстық бюджеттен 14,1 млн теңге қаралып тұр.

Биыл да Мырзабай ахун ауылында елдің талап-тілегіне біршама жұмыс жасалды. Бірнеше көшенің сапасына мән берілді, ауылдағы спорт алаңы жаңартылды. Ал жарық, аяқ суға қатысты да мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асты.
Бұл ауылда жергілікті халық тарапынан бірде-бір мәселе айтылмады. Себебі аудан басшысы тізбектеген келер жылдың еншісіндегі жобалар тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілді мәселе екен. Бұйыртса ахун атындағы ауыл алдағы жылы жарқын жобалардың алаңына айналғалы тұр.