Шымкентте қатты желдің салдарынан шатырлар ұшып, бір бала зардап шекті
Шымкентте тұрған қатты жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Салдарынан бірнеше көлікке зақым келіп, бір бала жарақат алған.
31 мамыр күні Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті қатты жел соғып, оның жылдамдығы секундына 15-20 метр болатаны туралы дауылдық ескерту жариялаған.
Алайда 1 маусым күні желдің жылдамдығы секундына 26 метрге дейін жеткен. Салдарынан қалада төтенше жағдай орын алған.
"Желдің салдарынан қала бойынша 3 коммерциялық объектінің, 5 көпқабатты тұрғын үйдің, 2 білім беру объектісінің шатырлары ұшып, автокөліктердің, ғимараттардың үстіне құлаған. Жалпы алғанда 3223 шаршы метр шатыр құлаған, 6 автокөлікке зақым келген, 2009 жылы туған бала зардап шекті", - дейді ТЖД.
Одан бөлек, бірнеше ауданда ауданда жарық сөніп қалған.
"Қаратау ауданы Нұрсат шағынауданында, Қызыл су, Исфиджаб, Өтеміс, Сайрам, Шапырашты тұрғын үй алаптарында электрқуаты сөнген. Қайнарбұлақ, Сайрам аудандық электрстансаларының мамандары қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, сағат 22:18-де аталған мекенжайларда электрқуаты қайта қосылды", - дейді қалалық ТЖД.
Оқиға орындарында ТЖД жеке құрамынан 24 адам, 7 техника мен басқа да құтқару қызметтерінің қызметкерлері жұмыс істеген.
Сондай-ақ, төтенше жағдай бойынша Шымкент қаласы ТЖ департаментінде жедел штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. ТЖД жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.