Қызылордада жасөспірімдер бұзақылығы 5 есе артқан

3 102

Фото: Канатбек КАМЫСБАЕВҚызылорда облысында жасөспірімдер бұзақылығы былтырға қарағанда 5 есе артып отыр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап. 


2023 жылы кәмелетке толмаған 84 бала қылмыс жасаған. Соның жартысы белгісіз себептермен мектепке бармайды. Жалпы облыс орталығы қауіпсіз мекен болмай тұр.  Қаланы қақ жарған Сырдария өзенінің сол жағалауындағы шағын аудан тұрғындары кеш түссе, көшеге шығудан қалдық дейді. Оған топтық төбелес пен ұрлық-қарлықтың көбеюі себеп. 

Дарияның арғы бетіндегі алапта қазір 80-ге жуық көпқабатты үй бар. Салынып жатқаны қаншама. Жаңа шағынауданға қоныстанған тұрғындар қас қарайса далаға шығуға қорқамыз, дейді. Ымырт үйіріле топтасатын жасөспірімдер ауладағы көліктер мен үйдің есік-терезе бөлшектерін сындырып, ұрлап жатады. Қаланың шеті болғасын сай-саланың бұзақылары осында жиналады.       


"Бұзық балалар өте көп бұл жақта. Жаздай төбелес. Полиция шақырсақ бірде келеді, бірде келмейді. Бұзық балалар кіріп мына есіктердің бәрін сындырып, білгендерін істеп кетіп жатыр. Халық көп, бала-шаға өте көп. Жаңағы айтқандай полиция бекеті болса шамалы реттелер еді ғой, тәртіп орнайды",- дейді Жансая Яшкурова.


"Бізге балалар алаңын салып берсе екен жаңадан. Және де көшемізге жарықтандыру орнатып берсе екен дейміз. Қазіргі таңда подъездердің домофондары ұрланып жатыр шетінен. Камера бар әр подъезде, бірақ ол қосылмаған. Оны қосу үшін жоғары жақтан рұқсат алуымыз керек екен. Аналардың ойында жүрген осы сұрақтар шешіліп, жағдайымыз жасалса екен," - дейді қала тұрғыны Индира Оразбаева.


Былтыр сол жағалаудағы шағынауданда 260 құқықбұзушылық тіркеліп, 22 қылмыс болған. Басым бөлігі балалар жасайтын ұрлық.  

 "2023 жылы кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың деңгейі 78 пайызға өскен болатын. Міне соның алдын-алу бағытында жұмыстар және құқықбұзушылық профилактикасы барысында әрекетсіздік жасаған құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдарының кемшіліктері атап өтіліп, алдағы уақытта болдырмау бағытында нақты тапсырмалар берілді.",- дейді облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев.

18 жарым мыңдай тұрғын қоныстанған жаңа шағынауданда полицияның бақылау жүйесіне қосылған камера жоқ. Осыншама тұрғынға 4 учаскелік және 2 ювеналды полиция инспекторы ғана бөлінген.    

"Штаттық бірліктерді ұлғайтуға ұсыныстарымызды бердік. Бұл әрі қарай жалғасын табатын болады. Сонымен қоса қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында мөлтек аудандарға биылғы 2024 жылғы жоспарланған жергілікті бюджет есебінен бейнекамералар мәселесі қолға алынады. Осы жерлердегі белгіленген орындарға бейнекамералар қоямыз.  Ұры-қарылар мен бұзақыларға тосқауыл қою үшін полиция басқармасы сол жағалаудағы патрульдік экипажды арттырумен қатар Ұлттық ұлан сарбаздарын тартуды жоспарлап отыр.",-дейді  қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ердәулет Жәукеев.