ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНАН НЕГЕ ЖИІ ШУ ШЫҒАДЫ?

4 167

Қызылорда облыстық балалар ауруханасында науқас балалардың саны артып, дәрі-дәрмек тапшылығы орын алуда, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Көпбейінді балалар ауруханасына қатысты ата-аналар жиі пікір таластырып жатады. Оның басым бөлігі балаларға берілетін ең қажетті деген медициналық дәрі-дәрмектің жоқтығы. Аурухана 2016 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Балалар ауруханасында бүгінде 11 бөлімше, ота жасау блогы, жансақтау бөлімі жұмыс істейді. Десе де пульмонология бөлімшесіне қатысты әлеуметтік желіде жиі мәселе көтеріліп, тұрғындар наразылықтарын білдіріп жатады. Бүгінде Көпбейінді балалар ауруханасының пульмонология бөлімшесінде дәрі-дәрмектің жоқтығы мен медициналық қызметкерлердің жетіспейтіндігін атап өтті.


«100 ден аса бала жатыр. 1 бөлімшеге 5 медбике берілген оның бірі ингаляция жасатып, екіншісі ауыр дәрежелі науқастарды қабылдаса, екі медбике дәрі егіп тұр. Медбике жетіспеушілігі қатты байқалады. Медбикелерге тағар сыным да айыбымда жоқ. Басшылық тарап осы сынды өзге де аурухана кемшілігін біле тұра, қол қусырып отырғаны қалай? Әрбір науқасқа берілетін катетер, не лейкопластырь жоқ.  Өзіміз сырттан алдырып отырмыз. Бала денсаулығына бей-жай қарау ма бұл?» -дейді шағымданушы Аруназ.


Ем іздеп барған жандар, жоқшылықпен күресіп әлекпіз деп шырылдайды. Ал, аурухана басшылығы аталмыш жағдайға қатысты:

«Бүгінде біздің пульмонология бөлімінде 128 бала ем алуда. Дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Жоқ дәрілерді СК Фармацияның сатып алуды өткізбеуіне байланысты кейбір дәрі-дәрмектің тапшылығы болған. Сол үшін біз жергілікті жеткізіп берушілермен келісіп алып жатырмыз. Медбике жетіспеушілігі жоқ. Біз арнайы нормативке сәйкес жұмыс жасап жатырмыз. 60-орындық бөлімді қосымша ашып қойдық. Бәрі нормативке сәйкес жүріп жатыр», - дейді Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері  Әбдіғабит Әбіләзімұлы.