Қызылордада алаяқтық жасаған адвокат сотталды
Қызылорда облысында алаяқтық жасаған адвокат пен оның әйелі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қызылорда қалалық №2 сотының баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда қалалық №2 сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен, ҚК-нің 28-бабы 4-бөлігі арқылы 367-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен айыпталған А. мен Г-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Адвокаттық қызмет көрсетіп жүрген А-ның әйелі Г. танысы М-ны қылмыстық іс бойынша жауаптылықтан босатып беремін деген себеппен алдаған.
Танысының алаяқтық пиғылынан бейхабар жәбірленуші М. тексеруді тоқтату үшін пара беруге келіскен. Сол үшін танысы Г-ға 5 млн теңгені қолма-қол санап берген. Сотталушылар А. мен Г. қылмыстық іс-әрекетін жалғастырып, қалған 3 млн теңгені алу үшін тағы хабарласқан. Бұл жолы департаменттің лауазымды адамдары параның қалған бөлігін сұрап жатқандығын жалған айтқан. Осылайша қалған ақшаны қолма-қол алған. Келесі кезекте олар М-ға қатысты тексеруді тоқтатылатынын айтып, ақшаны тиісті адамдарға бергендігін жеткізген. Салдарынан адвокат пен әйелі алаяқтық жолмен қомақты ақшаны қалтаға басып, жәбірленушіге ірі мүліктік залал келтірген.
Сотталушылар ҚР Қылмыстық кодекснің 190-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен, ҚК-нің 28-бабы 4-бөлігі арқылы 367-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылды.