Зейнеткерлердің қарызын кешіру ұсынылып отыр
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев зейнеткерлердің қарызын кешіруді ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Депутаттың сөзінше, қарызға белшеден батқан азаматтарға көмектесу үшін банктерге берешегін кешіріп, соттан тыс және сот арқылы "банкрот" деп тануға, төлем қабілетін арттыруға арналған заң дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл борышкерлерге ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ, өтініш беруге оңтайлы жағдай жасауға тиіс болған. Сондай-ақ, оның шарттарында 6 млн 291 мың теңгеден аспайтын қарыздарды банкроттыққа тапсыруға болатыны көрсетілген.
Депутат "зейнетақы қорынан қомақты қаржы алып, ел игілігі үшін пайдаланып жатқандықтан, зейнетақыны кіріс көзі деп санау ұят емес пе?" деген сауал қойды.
Қайрат Балабиев мынадай ұсыныс жасады:
Әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босатуды;
- Республикалық базадан банктерде берешегі бар зейнеткерлерді анықтауды;
- Құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс және сот арқылы "банкрот" деп тану процесін жеңілдетуді;
- Зейнеткерлердің қарызын кешіруді;
- Барлық екінші деңгейлі банктер мен "Қазпошта" мекемесінен де зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшоттарды жаппай ашуды ұсынды.