Екі аяғынан айырылған Алуаның Германияға баруы үшін көмек қажет

1 642

Фото: instagram.com/help.aluabekenАстанада автобус апатына ұшырап, екі аяғынан айырылған 8 жастағы Алуа есімді қыздың туыстары оның қазіргі жағдайы мен отбасының қалай өмір сүріп жатқанын баяндады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Автобус апатынан зардап шеккен Алуа Бекеннің нағашы ағасы Бақтияр оңалтуға ақша жинау мақсатында Instagram желісінен help.aluabeken парақшасын ашқан. Әлеуметтік желідегі парақшада туысы Алуаның ем алу барысын және оның отбасының қазіргі жағдайын баяндаған.

Оның жазуынша, Алуаға автобус апаты болған 2 маусымда және 9 маусымда екі рет ота жасалған. Екінші ота гангрена болып кетпеуі үшін жасалған. Ағасының сөзінше, қыздың бір аяғы апат кезіндегі соққыдан жұлынып кеткен, екіншісі жарамсыз болып қалған.

"Оны өзіміз көрдік. Аяғын сақтап қалу мүмкін болмады деп есептеймін. Алуамыз қатты өзгеріп кетті. Сондай өмірге құштар, өжет, ақжарқын қыз болатын. Өте қағылез, белсенді еді, езуінен күлкі кетпейтін. Қазір тұйықталып қалды. Күлімсіремейді, сөйлеспейді, үндемейді, сұраққа жауап бермейді, бәрін түсініп тұрса да, тіпті анасымен сөйлеспейді", – деп жазады ол.