Қала әкімдігі жаңадан көлік алу үшін 140 млн теңге жұмсамақ

1 385

Семей қаласының әкімдігі мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы 140 миллион теңгеге 8 жаңа көлік сатып алмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Жаңа көлік алу үшін бюджеттен 140,8 миллион теңге бөлініпті. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, әр көлік үшін 17,6 миллион теңге қарастырылған. 


Лот туралы ақпаратта көліктерге қойылатын талаптарды көруге болады. Әкімдік сатып алынатын көліктердің "Кроссовер" корпусында болуы керек деген шарт қойған. 


"Қысқаша сипаттамасы: жеңіл, В санаты, автоматты трансмиссия, көлемі 2000 куб.см-ге дейін", – делінген порталда. 


Сатып алуға қатысу үшін тек екі өтінім ғана келіп түскен. Қазіргі таңда өтінімдер қаралып жатыр, жеңімпаз туралы мәлімет жоқ.  


Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жаңа көліктерді неліктен сатып алып жатқанын түсіндірді. 


"Семей қаласы әкімдігінің қолданысындағы көліктер 2003, 2010, 2013 жылдары шығарылған. Ескірді, кейбірінің қосалқы бөлшектері өндірістен алынып тасталған. Кейбірі миллион, жеті жүз мың, бес жүз мың шақырым жол жүрген. Ескі көліктерді ұстау қымбатқа түседі, сондықтан оларға бюджет қаржысын жұмсау тиімсіз. Бағасы 0 теңге", – деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі. 


Ескі көліктер жаңа автокөлік сатып алынған соң аукцион арқылы сатылады екен. Ал түскен қаржы бюджетке түседі.