ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС 41-СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс 41-сессиясы өтті. Сессия жұмысына мәслихат хатшысы, қала әкімінің орынбасарлары, жауапты бөлім басшылары, тұрақты комиссия мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сессияның негізгі күн тәртібінде «2025–2027 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Сонымен қатар, округтік және учаскелік сайлау комиссияларындағы бос орындарды толықтыруға қатысты тиісті өзгерістер де енгізілді.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтитын нақты басым бағыттар
Сессия барысында қала басшысы Нұржан Сәбитұлы 2025–2027 жылдарға арналған нақтылау тек формальды қаржылық түзету емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды қадам екенін атап өтті.
Сессияда көтерілген негізгі мәселелердің қатарында:
- әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алу;
- Қызылорда қаласының архитектуралық-сәулеттік келбетін жаңғырту;
- туристік әлеуетті арттыру;
- қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту, атап айтқанда:
- жолдарды жөндеу;
- ауыз сумен қамтамасыз ету;
- кәріз жүйесін жаңғырту;
- «Сабалақ» елді мекенін газдандыру және осы аумақта су қоймасы құрылысын жүргізу;
- ағын суларды биологиялық тазарту станциясын жаңғырту және автоматтандыру жұмыстары қамтылды.
Бюджет нақтылауы – халық игілігіне бағытталған шешім
Жиын соңында қала әкімі нақтылау аясында көзделген барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Бюджетті оңтайлы жоспарлап, қаржының тиімді жұмсалуын бақылау – әр сала басшысының басты міндеті екенін ескертті.
Қалалық мәслихат депутаттары ұсынылған өзгерістерді қолдап, тиісті шешім қабылдады. Бұл шешімдер алдағы уақытта Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосатын болады.