Жаңақорған теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

2 267

Фото: Жаңақорған аудан әкімдігі«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бастамасымен Жаңақорған кентіндегі теміржол вокзалы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары басталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл бастама – өңірдегі жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, вокзалдың қауіпсіздігі мен заманауи талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Қазіргі таңда вокзал аумағында:

  • Аралық қабырғаларды бұзу,
  • Ескі сылақтарды түсіріп, қайта сылау,
  • Ғимараттың қас бетін қаптау сынды күрделі құрылыс жұмыстары атқарылуда.

Жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақтылы атқарылуын аудан әкімі Мәжит Самитов тікелей бақылап, вокзалға арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында әкім мердігер мекеменің жауапты өкіліне нақты тапсырмалар жүктеп, құрылыс материалдарының сапасына және атқарылып жатқан жұмыстың сапалы орындалуына ерекше мән беруді тапсырды.

«Теміржол вокзалы – Жаңақорған кентінің келбетін айқындайтын нысандардың бірі. Жөндеу жұмыстары заман талабына сай жүргізіліп, сапа мен қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс», – деді аудан басшысы.

Аталған жобаны жүзеге асырып жатқан бас мердігер – «Дәнекер» ЖШС. Күрделі жөндеудің нәтижесінде вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушыларға жайлы жағдай жасалады деп күтілуде.

Жаңғырту жұмыстары толық аяқталған соң, теміржол вокзалы тек инфрақұрылымдық нысан ғана емес, ауданның инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыратын маңызды орталыққа айналмақ.