Жастарға сенім – елге серпін: Шиеліде халықаралық жастар күні атап өтілді
Шиелі ауданында Халықаралық жастар күні ерекше форматта аталып өтті. «Жастарға сенім – елге серпін» атты салтанатты кездесу барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өңірдің белсенді жастарымен ашық әрі еркін форматта пікір алмасып, жас буынның жетістіктеріне жоғары баға берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ресми статистикаға сәйкес, Шиелі ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы 27 545 жас бар. Бұл – аудан халқының 30,2 пайызын құрайды. Демек, жастар — қоғамның ең белсенді әрі қуатты тобы. Аудан әкімінің айтуынша, бұл әлеуетті ел игілігіне тиімді пайдалану – басты міндет.
– «Бүгінгі жастар – болашақтың құрылысшылары. Мемлекет жастардың дамуына жағдай жасап отыр. Ендігі кезекте сіздердің ел үшін еңбек етуге деген ұмтылыстарыңыз маңызды», – деді Айтбай Насриддинұлы құттықтау сөзінде.
Жыл басынан бері аудандық Мансап орталығына жүгінген 608 жасқа түрлі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Нәтижесінде:
- 259 жас тұрақты жұмысқа орналасса,
- 349 жас жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылған.
Бұл – аудан көлемінде жастарға көрсетіліп отырған нақты қолдаудың нәтижесі.
Шиелі ауданында волонтерлік бағыт та қарқынды дамып келеді. «Біз біргеміз – Шиелі» және «AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты түрлі бағытта белсенді жұмыс атқаруда. Әлеуметтік қолдау, қайырымдылық, экологиялық акциялар – бұл жастардың бастамасымен жүзеге асып жатқан игі істердің бір парасы ғана.
Іс-шара барысында білім, спорт, мәдениет, өндіріс және жұмысшы мамандықтары бойынша жетістікке жеткен жастарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил және аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев жастарға жылы лебіздерін білдіріп, олардың ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
Мағжан Жұмабаевтың: «Мен жастарға сенемін!» деген тарихи үміті – дәл бүгінгі жас буынның табандылығы, ел дамуына қосқан нақты үлесі арқылы өз шынайылығын дәлелдеп отыр. Кездесуде айтылған әрбір пікір, көрсетілген әрбір құрмет – жастарға деген үлкен сенім мен жауапкершілікті білдірді.
Ашық форматтағы бұл кездесудің басты мақсаты – жастармен еркін пікір алмасып, оларға қолдау көрсету ғана емес, олардың ой-пікірін тыңдау, мәселелерін талқылап, шешу жолдарын бірлесе қарастыру болды. Шара жастарға үлкен серпін беріп, алдағы істерге шабыттандырды.