Тәуелсіздік күні жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоймаса игі

4 707

Тәуелсіздік күні жылдағыдай Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қоймауы керек, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 

Желтоқсан айы басталмай жатып, еліміздің барлық қалаларында Жаңа жыл мерекесіне кірісу «дәстүрге» айналғанын, осы мақсатта миллиондаған қаражат шығындалатыны белігілі. 

16-желтоқсан - Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған күні. Бұл күн - төбемізден қара түнек кетіп, күніміз көкке көтерілген күн. Бұл күн - басымызға бақ қонған күн. Бұл күн - азаттықтың ақ таңы атқан күн. Бұл күн - бодандықтың бұғауы быт-шыт болып бұзылған күн. Бірақ, біз осы күнді қалай тойлаймыз?

Жаңа жылға дейін еліміз үшін маңызы үлкен мереке Тәуелсіздік күні жөнінде еш ақпарат кездестіре алмаймыз. Тек қана үш-төрт күн қалғанда ақпарат құралдарында кейбір бағдарламаларда жүгіртпе жолдар беріле бастайды. Бұл Тәуелсіздік күнін Жаңа жыл мерекесінің, шыршаның көлеңкесінде қалып қоятынын көрсетеді.  Егер біз ұлт ретінде тәуелсіздігімізді қадір тұтсақ, ең алдымен тәуелсіздік күніне көңіл бөлуіміз керек емес пе?! 

Шындығына келсек, Тәуелсіздік күнін атап өтудің өзі тәрбиелік, тағылымдық тұрғыда мәні зор. Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген атажұртында дербес мемлекет ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуі ел тәуелсіздігінен бастау алады. Біз үшін жаңа жыл мерекесінен гөрі ұлттық мерекеміз - Тәуеліздік күні қымбат!  Сондықтан да, Қазақстан халқы үшін тәуелсіздік күнінің алар орны ерекше. Тәуелсіздік тұғырлы болуы үшін оның қадіріне жету қажет. Ол - кез-келген азаматтың Отан алдындағы парызы. Осы парыздың жауапкершілігін бүгінгі ұрпақ қаншалықты ұғынып жүр?

Еліміздің барлық ойын-сауық, сауда орталықтарында жаңа жылдық безендіру. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарының барлығында дерлік тура осы көрініс. Еліміздің "басты шыршасы" да әлдеқашан ерте жанады. Жаңа жылдап ұрандаған жарнамалардан көзің ашылмайды. Бұның бәрі ел тұрғындарына жаңа жылдық көңіл күй сыйлап, тәуелсіздік мейрамын көлеңкеде қалдырады. 16-17 желтоқсан келгенше бұл мейрам туралы еш жерде айтылмайды да, тойланбайды да. Бір жарым ай бұрын жанған шырша шамдары мен қызылды-жасылды "жаңа жыл" деген жазуға оранған қалаларымыз Тәуелсіздік мейрамын жұтып жібергендей. 

Мысалға, Қостанай облысының әкімдігі орталығында жағылатын бас шырша мен мұз қалашыққа  40 млн теңге қарастырылған, Абай облысы жаңа жылдық мәдени іс шараларды өткізуге 13 млн теңге бөлінеді, Алматыда 59 миллион 800 мың теңгеге безендіру жоспарланған. Ұлытау облысының әкімдігі бас шыршаның безендірілуі мен жағу салтанаты, концерттік бағдарламалар 4 млн теңге жұмсалмақ. 

 

 Жаңа жыл мейрамын тойламау керек деген ой емес,  жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастау керек секілді. Өз тәуелсіздігімізді біз өзіміз шулатып тойламасақ, өзіміз керек қылмасақ, бұл мейрамның ешкімге де керегі жоқ! 

Тәуелсіздік - шындығында, ұлы мейрам. Ал оның қадірін білмеудің арты үлке өкінішке әкеп соқпасына кім кепіл...