53 жастағы тұрғын бір үйір жылқыны атып тастаған
Қарағанды облысының Нұра ауданында бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді. Заречное ауылының маңында 17 жылқының өлексесі табылып, 14-і оқ жарақатынан қаза болғаны анықталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Куәгерлердің сөзінше, жергілікті фермер көлікпен жайылымға кіріп, жылқыларды қуып жүріп, шетінен атқан. «Сафари» тәрізді бұл әрекет ауыл тұрғындарын шошытқан. Оқиғадан кейін күдікті оқиға орнынан ізін суытқан.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабы («Бөтеннің мүлкін әдейі жою немесе бүлдіру») бойынша іс қозғалған. Күдікті ретінде 53 жастағы Нұра ауданының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілген.
Қазір барлық мән-жай анықталып жатыр. Тергеу амалдары басталған.
Ал жергілікті тұрғындар істің әділ тергелуін талап етіп отыр. Олар бұл қылмыстың жабылып қалуынан қауіптенеді.