Бір топ жасөспірім ер адамды тепкінің астына алған
Желіде бірнеше жасөспірімнің ер адамдарды жабылып соққыға жыққан сәті түсірілген видео тараған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Ақпаратқа сәйкес, кадрлар Қаскелең қаласында түсірілген. Оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті түсініктеме берген.
Видео сипаттамасында Қаскелеңде бір топ жасөспірімнің мас күйде болған бірнеше ер адамды ұрып-соққаны, тұрғындардың полиция шақырғаны жазылған.
Кадрлардан жасөспірімдердің жерде жатқан ер адамға соққы жасағанын көруге болады. Кейін олардың бірі үйдің жанында отырған қызыл жейделі ер адамға жақындап, жерден алған затты лақтырған. Артынша сол ер адам арқасынан тепкі жеген.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары оқиғаға қатысушыларды анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізген.
“Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың мас күйде болған ер адамға дене жарақатын салғаны анықталды. Балаларын тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жасөспірімдердің ата-аналары жауапкершілікке тартылды”, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды.
Сонымен қатар заңды өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Оларға қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтыны ескертілді.
Полиция жәбірленуші ешкімге шағымданбайтынын айтып, арыз жазудан бас тартқанын хабарлады.
Ведомство ата-аналар мен заңды өкілдер балаларының тәрбиесі, жүріс-тұрысы және қауіпсіздігі үшін жеке жауапты екенін еске салды. Кәмелетке толмағандар жасаған кез келген құқыққа қайшы әрекет Қазақстан заңнамасына сәйкес құқықтық бағасын алады.







