Жаңа үй 2 жылда жарылды: Қабырғадан көрші көрінеді

1 500

Фото: ©Видеодан скринАқтөбедегі жаңа тоғыз қабатты үш үйдің тұрғындары өздерін басқа жерге шұғыл түрде қоныстандыруды талап етіп отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлердің қабырғалары небәрі екі жылдың ішінде жарыла бастаған. Қабырғаларда көрші пәтерлердегі адамдар бір-бірін көре алатындай үлкен саңылаулар пайда болған,  - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғындар бір күні үй опырылып, үйінді астында қаламыз деп қорқады. Ал әкімдік өкілдері әзірге дүрбелеңге негіз жоқ екенін айтып отыр. Дегенмен қазір үйлерге кешенді тексеру басталды.

Қала шетіндегі осы үйлердің тұрғындары күн сайын қабырғаларды тексереді. Жарықтар барған сайын үлкейіп, ал құрылыс конструкцияларының арасында қол сұғуға болатын саңылаулар пайда болған. 

Тұрғындардың айтуынша, жоғарғы қабаттарда пайда болған жарық қазір төменгі бөлігіне дейін жеткен. Пайда болған саңылаулар арқылы көршілер бір-бірінің пәтерінде не болып жатқанын көре алады. Үш үйдің тұрғындары да шұғыл түрде басқа жерге қоныстандыруды талап етіп отыр.

“Біз іс жүзінде апатты жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Мұнда мүгедектігі бар адамдар, қарттар, балалар, көпбалалы отбасылар көп. Күн сайын қорқынышпен өмір сүріп, ертең оянамыз ба, аман қаламыз ба деп уайымдағымыз келмейді”, – дейді тұрғындардың бірі Айгүл Каженова.

Тоғыз қабатты үш тұрғын үйде барлығы 200-ден астам отбасы тұрады. Бұл пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға, яғни мүгедектігі бар адамдарға, жетімдерге және көпбалалы отбасыларға берілген. Олар қоныс тойын жақында ғана атап өткен. Үйлердің салынғанына әлі екі жыл да толмаған.

“Түнде әлдебір тарсылдаған дыбыстар естіледі. Бұған дейін бәрі жақсы еді, бір сәтте үйімде ұсақ жарықтар пайда бола бастады. Бұл өмірге қауіпті. Бізге жаңа баспана беруді талап етеміз. Сарапшылар келіп, бұл үйді зерттеуге 15-20 күн қажет екенін айтты. Бірақ тұрғындардың басқа жерге көшіп баруға мүмкіндігі жоқ”, – дейді тұрғындардың бірі Ботагөз Шакуова.

Тұрғындардың шағымынан кейін шенеуніктер үйлердің құрылыс сапасын тексеруге кірісті. Алайда тексеру нәтижелері әлі дайын болмаса да, жаңа пәтер иелерін сабырға шақырып, әзірге алаңдауға негіз жоқ деп отыр.

“Қазір тоғызыншы және техникалық қабатта жарық пайда болған жоқ, панельдің өзі ажыраған. Осыған байланысты сарапшыларды шақырдық. Сарапшылардың қорытындысы шыққаннан кейін тиісті жобалық шешім қабылданып, соған сәйкес ақау жойылады. Қазіргі уақытта үйдің қирау қаупі жоқ”, – дейді Ақтөбе қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жантурин.

Сондықтан әкімдік әзірге үш жаңа үйдің тұрғындарын эвакуациялауды жоспарлап отырған жоқ. Алайда тұрғындар күнде үреймен өмір сүріп, мазасы қашқан. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.