Мұрат Бектанов қаңтар оқиғасы тұсында халыққа оқ ату жөнінде Тоқаевқа бағынбаған – Жасарал Қуанышәлин
Белгілі оппозиция өкілі, саясаткер Жасарал Қуанышәлин қаңтар оқиғасы кезінде қорғаныс министрі болған Мұрат Бектановтың халыққа оқ ату жөнінде Тоқаевқа бағынбағанын айтты. Сөзінше, осыдан кейін министрді орнынан алып тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Саясаткер Бектановтың орнына келген қазіргі қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ҰҚШҰ әскерімен бірге қарапайым халыққа қарсы оқ атқанын айтты.
Ол сонымен қатар өзінің де қаңтар оқиғасы кезінде алаңда болғанын айтты. Алаңға шыққандардың барлығы бейбіт шерушілер екенін айтқан Қуанышәлин, басқа жерлерде қиратулар мен өртеулердің бір уақытта орын алғанын жеткізді.
Жасарал Қуанышәлин Тоқаевтың елімізге шетелден 20 мың терроршылар келгені және барлығы аяқталған соң елден ұшып кеткені туралы айтқанын нағыз өтірік деді.
ҚР парламентінің экс-депутаты сондай-ақ ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстанға келуі алдын ала келісілгенін атап өтті.
Еске салайық, 21 ақпан күні Бас прокуратура ҚР бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың ұсталғанын растады. Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы ("Биліктің әрекетсіздігі"), әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Бас прокуратураның кейін таратқан мәліметінше, 2022 жылдың 19 ақпанынан бастап аталған адамға қатысты Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізіп келеді, күдіктінің іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша қарастырылуда.
Осы бапқа сәйкес әскери жағдайда билікті асыра пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алған болатын.
"Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық", – деді Президент.