Фотостудияда 4 жасар қыздың үстіне 80 кг айна құлаған

1 372

Фото: Видеодан скриншотАлматыдағы фотостудияда отбасылық фотоға түсуге келген кезде 4 жасар қыздыың үстіне үлкен айна құлаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Анасы Сарбиназдың айтуынша, бала моральдық және физикалық азап шекті. Ол фотостудия өкілдерінің кінәларын мойындамай, кінәдан жалтарғандарына наразы. Сондай-ақ іс тоқтап қала ма деп алаңдайды.

Алматылық Сарбиназ 25 қазанда “Еtage15” атты фотостудияға күйеуі, 4 және 1,5 жасар қызымен келген. 

“Фотостудияға келгеннен кейін 20 минуттан соң қатты дүрсіл естілді. Қарасам, қызым Алая сынған әйнектердің арасында қан-қан болып жатыр. Оның үстіне 80 келілік айна құлады. Айнаны бекітпей, қабырғаға қисайтып, сүйеп қойған екен. Ол туралы ескерткен жоқ, жай тиіп кеткенде құлауы мүмкін”, – деді Алаяның анасы.

Қызды жедел жәрдем алып кеткен. Оның беті мен қабағы қатты кесілген, миы шайқалған. Әйел фотостудия басшылығының әрекетіне наразы. Сөзінше, ондағы ер адам дөрекілік танытып, әйелдің өзін кінәлаған.

“Жедел жәрдемнен соң фотостудиядан 1,5 жасар қызымды алып кетуге келдім. Ер адам өзін фотостудия басшысымын деп таныстырды. Мен одан айнаны неге қабырғаға бекітпегенін сұрадым, ол дөрекілік танытып, өзімді кінәлі етті, боқтық сөздер айтты. Олар қызмет көрсеткесін қауіпсіздікке жауапты болуы керек. Балалармен келетінімізді білді. Сол айна 1,5 жасар балама да құласа не болар еді?”, – деді ол.

Сөзінше, фотостудия тарапы кешірім сұрап, хабарға да шықпаған. Енді ана іс аяқсыз қала ма деп қорқады.

“Аталған дерек бойынша Медеу аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі тексеру жүргізіп жатыр.  Іс-шаралар кешенінің қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.