Сырдария ауданының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушысы, полиция подполковнигі Әділхан Қанзадаев аудан бойынша алаяқтық қылмысының, оның ішінде интернет алаяқтық қылмысының алдын алу туралы айтып берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Әділхан Серікқазыұлы өз сөзінде бүгінгі күні елімізде қарқынды белең алып келе жатқан «Интернет алаяқтық» қылмыстарының жәй-күйіне тоқталды.
"Интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Қазір бәріміздің өмірімізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасу тетігі болып қана қоймай, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналды. Мұндай қылмыстарға жол бермеу, алдын алу жұмыстары еліміздің ғана емес, қазіргі таңда бүкіл әлем елдерінің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр", – деді полиция подполковнигі.
Одан әрі Әділхан Серікқазыұлы интернет-алаяқтардың алаяқтардан айырмашылығы туралы айтты. Яғни интернет-алаяқтарды анықтап жауапкершілікке тарту әлде қайда қиын. Себебі олардың кім екені, қайда екені белгісіз, ал шет елдерде жұмыс істейтін қылмыскерлерді табу тіпті қиын. Ал осының барлығын анықтау жұмыстары, ұзақ уақытқа созылатын тергеу амалдарын талап етеді.
Әдетте алаяқтар жәбірленушілерді сауда-саттықтағы жалған жеңілдіктермен, қаржыны тым жоғары пайызбен еселеп берумен, тауарын тиімді шарттармен сатып алумен қызықтырады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің атын жамылып, жақын туысының есірткі затымен ұсталып тұрағынын айтып қаржы бопсалайды, кей жағдайда өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, дербес деректерін заңсыз иемдену арқылы қаражат жымқырады немесе бөтеннің атынан онлайн-несиелер рәсімдеп жатады.
"Интернет алаяқтықтың негізгі түрлері: ұялы телефон арқылы қоңырау шалып банк қызметкері боп таныстырады, ұялы телефон арқылы қоңырау шалып полициядан деп таныстырып, әр түрлі сылтауларымен қорқытып, ақша талап етеді, онлайн несиелер рәсімдейді, ОЛХ, Сату.кз және басқада сату алаңдарында, «Binance» криптобиржалық алаңдарды, Колесо.кз, Крыша.кз, Ватсап арқылы ақша көбейту, Инстаграм әлеуметтік желілері, Букмермерлік кеңсе арқылы ақша көбейтемін деп алаяқтық жасайтындар. Өңірімізде алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында, облыстық полиция департаментінің кибер қылмыстармен күрес саласы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге, сондай-ақ ерекше қызығушылық танытатын ғаламтор парақшаларына жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылық белгілері бар күмәнді ақпараттарды әшкерелеп, бұғаттау бағытында үздіксіз жұмыстар атқаруда", – деді Сырдария ауданының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушысы, полиция подполковнигі Әділхан Қанзадаев
Бұған қоса, аудан тұрғындарына әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы түсіндірмелік мақалалар мен бейнероликтер жарияланып, сақтық шаралары ескертіліп келеді.
Интернет алаяқтарға тосқауыл қоюдың бір ғана жолы – бұл бір бірімізге жанашырлық танытып, қаражатымыздың қауіпсіз сақталуы үшін сақтық шаралары туралы кеңінен насихаттап, жұртшылыққа ескерту болып табылады.
"Аудан тұрғындарын, сақтық шаралары ретінде, жеке куәлік деректерін, төлем карталарының мәліметтерін, құпия сөздерді және смс кодтарды ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар мен күмәнді сілтемелер арқылы төлем жүргізбеуге, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға шақырамыз", – деді Әділхан Қанзадаев.