Алматы облысында нағашы атасы 3 жастағы егіз қыздарды зорлаған

2 289

Алматы облысы Бақанас ауылында 3 жасар егіз қызды өгей нағашы атасы зорлаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.


Бақанас – Балқаш ауданының орталығы. 6000-нан астам тұрғыны бар. Дәл осы ауылда өгей нағашы атасы 3 жасар екі қызды зорлаған.


Сұмдығы сол, бүлдіршіндерге жасалған қиянатты нағашы әжесі де, анасы да білген, бірақ полицияға шағымданбаған.


"Бұл әйелдің егіз қызынан кейін екі жаста тағы бір баласы бар, үлкен балалары да бар дейді. Өзі 1997 жылғы. Жағдайы нашар, фазендада тұрады. Егіздің біреуінің ішінен қан кеткен. Жедел жәрдеммен апарғанда, памперсі қанға толып кеткен. Сол жерде анасы егізімнің сыңары деп айтып қалған. Дәрігерлер сыңарын да алдырып, оның бұған дейін зорланғанын анықтаған", - дейді Бақанас ауылының тұрғыны Әсел Омар.


Бақанастық ата-аналар жиналып, істің рас-өтірігін білу үшін ауруханаға барған. Дәрігерлер болған жағдайды растаған.


"Күдікті қыздардың анасын да, нағашы әжесін де қорқытып ұстаған. Сол себепті олар айтпаған. Ал шын мәнінде қыздардың зорланғанын нағашы әжесі де, анасы да бұрыннан білген", - дейді Әсел Омарова.


Адандық аурухана мамандары бала ауыр жағдайда түскенін айтты. Ал аудандық прокуратура екі адамның күдікті ретінде қамалғанын хабарлады.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бүлдіршінге ота жасалғанын атап өтті.


"3 қыркүйек күні сағат 14:25-те жедел жәрдем бригадасы 2020 жылы туған екі баланы (егіз) анасымен бірге бөлімшеге жеткізді. Балалар барлық қажетті тексеруден өтті. Балалардың жағдайы орташа ауыр болған. Хирургиялық бөлімшеге жатқызылды. Жалпы анестезиямен операция жасалды. Медициналық көмек толық көлемде көрсетілді", - дейді ведомство.


Ал полиция егіздің екеуінің де зорланғанын айтады.


"Алматы облысында кішкентай қызды зорлады деген кідікке ілінген 40 жастағы ер адам ұсталды. Ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу барысында күдікті қыздың сыңары да зорлағаны анықталды. Күдіктінің әйелі де қамауға алынды", - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сайдилдин.


Бақанастық ата-аналар бұндай жағдайға тікелей полиция кінәлі дейді. Өйткені бүлдіршіндерді зорлаған күдікті бұған дейін де осындай әрекетімен көзге түскен, бірақ айыппұлмен құтылған. Тұрғындар жиналып, аудандық әкімдіктің ғимаратына барды. Олар "сот ашық түрде өтсін" деп талап қойды.