Қызылордалық шаруалар су тапшылығынан шығынға батуда

532

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғындары егіс алқаптарының су тапшылығынан қақсып жатқанын айтуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

 

Егіншілер егіс алқабына дәнді мамыр айының басында сепкен екен. Айтуларынша, бір атызды тегістеп, оған дән себуге 500 мың теңге шығын кетеді. Бірақ алқапқа су келмегендіктен, егілген дән құсқа жем болыпты. 


“Көктемнен бері дән еккенмен, қазір жер қаңсып жатыр. Су болмаған соң кетпенін алып үйге қайтады. Ол адам қайтіп бала-шағасын асырайды. Мысалы, менің 400 миллион теңге несием бар қазір. Күріш болмаса ертең мен несиені қалай төлеймін? Су бермеймін, айналайын екпе дегенде екпей-ақ қоятын едік”, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Құлмағанбет Исаханов. 


Биыл Сырдария өзенінің деңгейі көтерілген. Алайда егістікке келіп жатқан судың мөлшері өте аз екенін айтады. Сондықтан жауаптылар құрғақшылықты қолдан жасап отыр дейді.


“Су шаруашылығын кінәламай тұрмайсың. Әрбір елді мекенге қанша гектар егін егу керегін айтқан. Бірақ сол аумаққа су тауып бере алмай отыр. Сосын қайтып кінәлі болмайды олар”, – деп қосты қожалық басшысы Фархат Мәтешов. 


Ал су шаруашылығының мамандары биыл Жаңақорған ауданындағы күріш алқабына тиесілі мөлшерден артық су жіберіп жатқанын мәлімдеді. Бірақ қыста жауын аз болғандықтан, су алқаптарға тез сіңіп кетеді дейді. 


“Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарында да су тапшылығының зардабын тартып отыр. Мысалы, Жалағаш ауданының өзінде жоспарға сәйкес суды ала алмай отырған шаруа қожалықтары бар. Суды осы бірқалыпты деңгейде сатап отырсақ, 10 маусымға дейін біз толық басып бітеміз деп күтілуде”, – деді "ҚАЗСУШАР" РМК Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаев.