Досым Сәтпаев: Бірінші президент елді қақпанға түсірді. Екіншісі одан қалай шығарын білмей отыр
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік арнаға берген сұхбаты жөнінде пікірін әлеуметтік желіде жазды. Сарапшы ең бірінші кезекте мемлекет басшысының Қазақстанның ЕАЭО мен ҰҚШҰ-ға мүшелігіне баса мән берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақстанның уытты ЕАЭО мен ҰҚШҰ ұйымдарына мүшелігінің репутациялық тәуекеліне қарамастан қиындықтың бәрі мынада: Қазақстанның осынау аймақтық бірлестіктерден шығуға бағытталған талпынысын Ресей дұшпандық деп қабылдайды. Міне, Ақорда осыдан қорқады. Сол себепті «Россия 24» арнасында Қазақстан президенті республиканың ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дан шықпайтынын айтты. Бірінші президент Қазақстанды қақпанға түсірді. Екіншісі одан қалай шығарын білмей отыр», - деп жазады Досым Сәтпаев.
Ол сонымен бірге Қазақстанның қазіргі жағдайда бар қолынан келетіні – Қазақстан тарапынан келіссөз жүргізетін адамдардың сапалы құрамын ғана күшейту екенін мәлім етті. Сол арқылы олар елдің ұлттық мүддесін қорғап, Ресейге қарсы санкцияның елге салқыны тиіп кетуіне жол бермеуі керек.
«Бұл ретте Қазақстан билігіне Мәскеуді ызаландырып алмай, екіншіден санкцияға да ілініп қалмай, екі отың ортасында жүруіне тура келеді», - дейді ол.
Досым Сәтпаев Қазақстаның президентінің XXV Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысқанын айтады. Ол форум «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» ұранымен өткен.
«Жаңа әлем дегендеріне қарағанда әңгіме «путиндік әлем» туралы болуы керек. Бұл жерде біз Ресейдің оппозициялық қайраткері Илья Яшиннің мына сөзімен келісеміз: ол жақында Украинада соғыс бастаған Ресей Брежневтің кеңестік Доктринасын немесе бір кездері КСРО-ның Социалистік блогына енген Орталық-Шығыс Еуропа елдерінің ішкі істеріне араласуға мүмкіндік берген шектеулі егемендік Доктринасын жүзеге асырады деп мәлімдеді. Енді бұл доктрина Ресейге Кеңес Одағына кірген посткеңестік елдердің ішкі істеріне араласуға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Грузияда солай болды. Кейін Украинада соғыс басталды. Соғыс бір жағынан, Ресейдің әскери әлсіздігін көрсетті, бірақ екінші жағынан, ол елдің сыртқы саясаттағы агрессивтілігін арттырды. Қазақстан билігі осыдан қауіптенеді.
Сарапшы бұл тұрғыда Қазақстан үшін балама күш санаулы екенін атап өтеді.
«Біріншіден, аймақта геосаяси балансы сақтап, түркі елдерімен экономикалық және саяси ынтымақтастықты күшейте беру керек. Екіншіден, Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстан аймақтқ кооперацияның моторы бола алады. Еуропалық одақтағы Германия мен Франция секілді», - деп түйеді Досым Сәтпаев.