"Қазақстанда су тапшылығы көп балалы отбасылардың азаюына алып келеді" - эколог

3 261

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда су тапшылығы мәселесі көтеріліп келеді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


2022 жылы Маңғыстау облысының халқы ауыз су тапшылығынан зардап шексе, 2023 жылы Астана халқы судың жоқ екенін айтып, көшені жапты. Жыл өткен сайын мәселе шешімін табудың орнына одан әрі ушығып келеді. Осы тұста Stan.kz тілшісі эколог, БҰҰ сарапшысы Вадим Нимен сұхбаттасып, Қазақстандағы су проблемасы мен келешекте туындауы мүмкін қауіп-қатер туралы сұрап көрді. 


Елдегі су тапшылығы туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан. Сарапшылардың мәліметін тілге тиек еткен президент 2040 жылға дейін суға деген сұраныс 50%-ға артатынын мәлімдеді. Ал 2050 жылға қарай Қазақстан "суға мұқтаж" елдердің санатына қосылады дейді. 

"Қазір Қазақстанда 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозған. Оның 200-де төтенше жағдай туындау қаупі бар. Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет. Төтенше жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін қатерлердің алдын алу үшін нақты шараларды қолға алған жөн. Сондай-ақ су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керек", – деді президент.

Дегенмен экобелсенділер елдегі су мәселесін бұрыннан көтеріп келеді. Мәселен, экобелсенді Сәкен Ділдахмет 2022 жылы Астанадағы ауыз су тапшылығының негізгі себебі ретінде қалалық бас жоспардың дұрыс жасалмағанын атады. Себебі жапониялық архитекторлар Астанада халық саны 2030 жылы 800 мыңға жетеді деп болжаған. 


Ал 2023 жылдың маусым айында ауыз судан тарыққан Астана халқы көшеге шығып, жолды жапты. Судың түнде бірнеше сағатқа ғана берілетінін алға тартқан олар су мәселесін тез шешуді талап етті. 


Тек Астанада ғана емес, Ақтау тұрғындары да ауыз су тапшылығымен бетпе-бет келді. Шарасыз халық тіпті "Ноғаев мырза, су қайда?" деп плакаттар іліп, флешмоб бастаған. Осылайша облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың назарын аударғысы келіпті. Бұл жағдайдан кейін аймақ басшысы мәселені жылдам шешуге уәде берді. 


Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанда өзендер көлемінің 90%-ы көктемде түзіледі. Оның үстіне ел аумағы арқылы өтетін өзендердің жартысынан көбі өзге елдерден бастау алады. Бұл су тапшылығы мәселесінің басты себебі, дейді мамандар. Сондай-ақ суды тиімсіз пайдалану да мәселені одан әрі ушықтырып отыр. 


Бұлай деуге де негіз бар. Бүгінгі таңда Қазақстан су тұтыну көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр. Жан басына шаққанда әр адамға 3,5 мың литрден келеді. Салыстыру үшін, көрші Ресейде бұл көрсеткіш 1,3 мың литр болса, Германияда бар болғаны 855 литр, Ұлыбританияда 348 литр екен. 


Сонымен қатар Қазақстан ауыз су мен шаруашылыққа арналған суға деген тапшылық бойынша Азияда Бангладеш, Үндістан мен Қытай сынды елдерден кейін 8-орынға тұрақтады. Қазір су жетіспеуі Сырдария, Орал, Іле, Шу мен Талас өзендерінің бассейнінде және орталық аймақтарда сезіледі. 


Эколог Вадим Ни қалалардағы су жетіспеушілігінің негізгі себебі халық санының өсуі дейді. Астана қаласын мысалға келтірген маман мәселенің бірнеше қырын ашып берді. 

"Астанадағы ауыз судың негізгі көзі – Астана су қоймасы. Біріншіден, сорғы-фильтрлеу станциясының қуаты су тапшылығының техникалық себебіне айналды. Су қоймасында жалпы қуаты 305 мың текше метрлік екі қондырғы бар, ал тәулігіне олар 330 мың текше метр су жеткізеді. Осы тұста станция қаланың қажетін қанағаттандыра алуы қажет. Су бар, бірақ барлығына жетпейді. Егер суды жеткізсе, сапасы төмендеп кетуі мүмкін. Ал екінші мәселе – судың қолжетімділігі. Сонау 2003 жылы әріптесім су қоймасының 600-700 мың адамға жететінін есептеп шығарды. Халықтың басқа бөлігін сумен қамту үшін балама көздерді іздеу қажет. Кей қалалар өзеннен су алады, енді бірі жерасты суын қолданады. Әйткенмен бұл су қорлары күндердің күнінде сарқылады. Мысалы, өзен деңгейі төмендеп кетсе, сорғы станциясы суды тұтынушыға жеткізе алмайды", – деп түсіндірді маман. 

Экологтың сөзінше, судың тапшылығынан қашып құтыла алмаймыз. Проблема алдағы уақытта өзге де қалаларда туындайды. 

"Қазір халық саны өсіп келеді, сәйкесінше қажеттіліктер де артады. Ал қолжетімді су көлемі азая береді. Қазір өзендердің жылдың ағыны 90 текше шақырымға тек, оның жартысы өзге елдердің аумағында қалыптасады. Ондаған жыл бұрын бұл көрсеткіш 125 текше шақырым деңгейінде еді. Бір қуантары, Қазақстанда су тұтыну деңгейінің азайған. 1990-жылдары экономиканың барлық салаларында 35 текше шақырым су тұтынылса, қазір 25 текше шақырым деңгейінде. Бірақ өзге елден келетін су көлемі азайды, ал сұраныс артып келеді", – дейді Вадим Ни.

Маман Қазақстандағы су мәселесін шешуде өзге елдермен ортақ шешімге келе алмау кедергі келтіріп отырғанын айтады. Себебі еліміз көрші мемлекеттерден келетін суға жартылай тәуелді. 

"Бұл елдер қатарында Ресей мен Қытай, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан бар. Барлығы су қоймасын салып, өз аумағында су жинағысы келеді. Мәселені шешудің бір жолы – Су шаруашылығы министрлігін құру. Осылайша өзге елдермен келіссөз жүргізу үшін салалық ведомствоның абыройын арттыруға болар еді. Сондай-ақ суды тиімді пайдалану керек. Мысалы, Жамбыл облысында өзге көкөніс мәдениеттерімен қатар қант қызылшасының жоспары жасалады. Соңында мұның барлығына судың жетпейтіні анықталады", – деп қосты Вадим Ни. 

Эколог маман Қазақстанда суды тиімді пайдалану туралы түсіндірме жұмыстары қажет екенін тілге тиек етті. Осылайша елдегі су тапшылығы мәселесімен күресте нәтижеге қол жеткізуге болады екен.

"Жұмсалған суды есептейтін құрылғылар орнатылмай тұрып қанша су есепсіз ысырап болды. Біз бұған назар да аудармайтын едік. Тұрмыстық деңгейде адамдар суды тиімді пайдалануға бейімделе алады ғой?! Мәселен, ваннаның орнына душты қолданса, қанша литр суды үнемдеуге болады. Ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, адамдарды ынталандырса, тез бейімделіп кетер едік. Ал өнеркәсіпте суды қайта пайдалану жақсы дамып келеді. Біз кәріз суларын мүлде қолданбаймыз. Кей елдерде кәріз суын тазартып, ауыл шаруашылығында пайдаланады. Мұндай тәжірибе Әзірбайжан мен Арменияда бар", – деді ол.



Вадим Нидің сөзінше, халық санының өсуі мен климаттың өзгеруі келешекте судың қолжетімділігіне әсер етеді екен. Сондықтан көп балалы отбасылардың саны уақыт өте азая береді дейді. 

"Бұл су тұтыну, бала еңбегі және басқа факторларға байланысты. Қазір азаматтар 25-30 жасқа дейін материалдық тұрғыдан толық қамтылады. Елде халық санының өсімі сақталады, бірақ өткен жылдардағы қарқынмен емес. Адамдар өмір жағдайына қалай икемделіп кеткенін өздері де байқамай қалады. Оның үстіне климаттың өзгеріп жатқаны жасырын емес. Ауа температурасы көтерілсе, суға сұраныс артады. Меніңше, 2050 жылға қарай Қазақстандағы өзен бассейндерінде су тапшылығы пайда болады. Бірақ жағдай соншалықты қорқынышты болады демеймін. Су тапшылығы мәселесі көп балалы отбасылардың азаюына алып келеді. Айтып өткенімдей, адам кез келген жағдайға бейімделеді. Су тұтынуға қатысты көзқарасымыз әлі де өзгереді", – деп аяқтады маман.