Декларация-2026: 15-ші қыркүйекке дейін

1 506

Фото:© depositphotos.com2026 жылы қазақстандықтардың бір бөлігі алғаш рет 270-нысан бойынша міндетті декларация тапсыруы керек,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Биылғы басты мерзім - 15-ші қыркүйек. Осы күнге дейін есеп өткізбегендерге ескерту, ал қайталанса айыппұл салынуы мүмкін. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі бірнеше жылдан бері кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. 2026 жылы ережелер тағы өзгерді: кейбір формалар қысқартылды, есеп беру тәртібі жеңілдетілді, алайда шетелдік активтер мен ірі қаржылық операцияларға бақылау күшейді. Қазақстанда декларациялау жүйесі 2021 жылдан бастап іске қосылды. Негізгі мақсат - азаматтардың табысы мен мүлкінің ашықтығын қамтамасыз ету, көлеңкелі табыс пен жасырын активтерді азайту.
Жүйе бірнеше кезеңмен енгізілді:
- 2021 жылдан бастап - мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары;

- 2023 жылдан - мұғалімдер, дәрігерлер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері;

- 2024 жылдан - кәсіпкерлер, ЖШС құрылтайшылары мен директорлары;

- 2025 жылы барлық азаматтарды қосу жоспарланған еді.

Кейін билік төртінші кезеңді тоқтатты. Соның нәтижесінде көптеген қарапайым азаматтар бастапқы 250-форма декларациясын тапсырудан босатылды. 2026 жылы декларация тапсыруға міндетті адамдардың тізімі әлі де ауқымды болып отыр. Көпшілік екі декларацияны шатастырады. Бірақ олардың міндеті екі түрлі.
- 250-форма - жүйеге алғаш кіру декларациясы. Бұл форма бір рет қана тапсырылады. Азамат мемлекетке өзінің бастапқы активтерін көрсетеді.
Мысалы: шетелдегі пәтер; шетелдік банктегі шот; криптовалюта; қарыздар; ірі көлемдегі қолма-қол ақша.

2026 жылы үйде сақталатын қолма-қол ақша лимиті - 10 000 АЕК немесе 43,2 миллион теңге. Бұдан көп болса, көрсету міндетті.
270-форма - жыл сайынғы есеп
Бұл формада бір жыл ішіндегі табыс пен мүліктегі өзгерістер көрсетіледі.
Мысалы: жаңа пәтер сатып алу; акциялардан дивиденд алу; криптовалюта сатып алу; шетелдік шот ашу; инвестициялық табыс.

Маңыздысы - 270-форманы тапсыру үшін бұған дейін 250-форма өткізілген болуы керек. 2026 жылы декларацияны кімдер тапсырады?
- Мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға кіретін барлық тұлғалар декларация тапсырады: мемлекеттік қызметкерлер; әкімдік қызметкерлері; судьялар; құқық қорғау органдары; квазимемлекеттік сектор өкілдері. Олардың жұбайлары да декларация өткізуге міндетті.
Тіпті қызметкер жұмыстан теріс себеппен босатылса да, тағы 3 жыл декларация тапсырады. Кәсіпкерлер мен ЖШС құрылтайшылары.

2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған сәйкес, егер азамат жылжымайтын мүлікті сатып алғаннан кейін 2 жыл өтпей сатса, табыс салығы есептелуі мүмкін.
2026 жылы 270-форманы төрт тәсілмен өткізуге болады: Онлайн eGov.kzСалық төлеуші кабинеті; Мобильді қосымша арқылы - e-Salyk Azamat; ХҚКО немесе салық басқармасы арқылы ; Пошта арқылы - тапсырыс хатпен жіберуге болады. Бірақ мерзімге кешігу қаупі жоғары.
Егер декларацияда қате кетсе: алғаш рет - ескерту; бір жыл ішінде қайталанса - 3 АЕК айыппұл. 2026 жылы бұл шамамен 12 975 теңге.