Бір туған ағайынның балалары бір-бірімен үйлене берсе болады – имам

1 769

Ағайынды адамдардың балалары бір-бірімен көңіл жарастырып, отбасын құра берсе болады деген имамдардың пәтуасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қырғыз молдаларының уағызы бойынша, жеті атасынан бері қыз алыспайтын қазақтың ұстанымы дұрыс емес екен.

Олар шариғаттан, құраннан дәлел келтіруге тырысқан, деп хабарлайды Экспресс К.

Имамдардың бейнежазбасын Facebook-тегі парақшасында белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила жариялады. Онда қырғыз имамдар ағайынды адамдардың балалары бір-бірімен үйлене берсе болады деп уағыз айтып отыр.

Ниса сүресін қарасаңыздар бір туғандар, 4-5 атасы емес, бір-екі туғанның балалары үйленсе болады. Ешмат пен Ташмат бір туған. Соның балалары бір-бірін алса болады. Бөлелер — Зейнеп пен Фатима, екеуі бір ата-анадан туған. Олар үйлене берсе болады,— дейді имам.


Қырғыз молданың бұл айтқанын тағы бір имам қостайды. Ол "Шариғат бойынша бір туған ағайыннның балалары бір-бірін алса болады" — дейді. Бірақ жеті атадан қыз алыспайтын қазақ үшін бұл азғындық дейді кәсіпкер.


"Мына имамдардың айтуынша ағайынды адамдардың балалары бір — біріне үйлене беруіне әбден болады екен.."Жеті ата өтпей үйленуге болмайды",- деген сонда қазақтың надандығы ма?"Шымшық сойса да қасапшы сойсын" дейсіздер ғой.. Сонда осы имамдарды, ислам ғалымдарын тыңдасақ не болғаны? Ұрпағымыз азғын болып кетпейді ме?", деп жазды Ахметбек Нұрсила.


Имамдардың айтқанына желі қолданушылары да түрлі пікір жазған.


"Ол қазақтың мақалы, оның қырғыздың имамдарына түк қатысы жоқ", "Оттағандар! Бұлар өздері сияқты біздің де балаларымыз бір-бірімен үйленгенін қалайды екен! Қазақ халқындай дана халық жоқ әлемде!", "Туыстық неке — адамгершілік, мораль, қазақи дүниетаным, генетика тұрғысынан дұрыс емес. Алланың сөзі тұрғысынан дұрыс. Енді, осы жерде "Алла тарапынан" деген сөздің орнына "араптың салты тарапынан" десеңіз бәрі түсінікті бола қалады", "Шынымен шариғат осылай дей ме? Онда бұл нағыз сорақылық!", — деп жазды желі қолданушылары.