"Нәжіске толып қалған жөргекпен тамақтандырып, мазақ қылған:": Астанада студенттен зәбір көрген науқастардың туыстары жағдайды баяндап берді

1 834

Астанада ерекше қажеттілігі бар науқастарды қорлап, оны видеоға түсірген студенттің соты басталды, - деп хабарлайды “Opennews.kz” ақпарат агенттігі.



Жәбірленуші тараптың адвокаты Мерхат Ахметолдин сот процесі жеделдетілген тәртіппен өтіп жатқанын айтты. Өйткені сотталушы өз кінәсін мойындады. Медицина факультетінің студентінің қолынан үш адам зардап шекті.

Ахметолдиннің айтуынша, қазір сотталушы үйқамақта.

"Біз ең ауыр жазаны – бас бостандығынан айыруды талап етеміз", – деді жәбірленуші тараптың адвокаты.

Студенттен зәбір көрген ерекше қажеттілігі бар балалардың туыстары сотта жағдайды баяндап берді.

"Менің анамның беті, қастарының жаны көгерген. Ол не болып жатқанын түсінбеді. Ол онсыз да 30 жылдан бері басқа әлемде өмір сүріп жүр. Ол тіпті мені танымай қалды",– деді зәбір көргендердің бірінің қызы. 

Жәбірленушінің қызы видеоны көргенін айтты. Онда ол анасын толып қалған жөргекпен тамақтандырған. Әйелдің қолын байлап жатқызып, оны бокс қолғабымен мазақ қылып ұрған. Науқастарға ойына келгенін көрсетіп, мазақ еткен. Оның айтуынша, сұмдық жағдайды көрген соң түнде көз ілуден қалған.

Қызының айтуынша, осыдан кейін хосписте анасының мінез-құлқы өзгере бастаған. Ол ер адамдарды көрсе үрейленіп қорқа беретінді шығарған.

"Енді оның не үшін қорыққаны белгілі болды", - деді жәбірленушінің қызы.

Сот отырысында зардап шеккен аутизммен ауыратын баланың анасы да сөз сөйледі. Оның айтуынша, бұл жағдайдан соң баласы оңалту орталығына барудан қорқып қалған. 

"Видеода мен сотталушының ұлымды мазақ етіп, оған отыруға, тұруға бұйрық бергенін көрдім. Шалбарының ішіне қолын салып, сұқ саусағымен баламның бөксесінен түртіп жатқанын көрдім (дәйексөз этикалық себеппен өзгертілді). Балам жылап жіберді”,- деді зардап шеккен баланың анасы.  

Сотталушы өзінің кінәсін толық мойындады және жасаған ісіне өкініш білдірді.

"Мен айыптау тарапымен толық келісемін және өз кінәмді мойындаймын. Істегені ісіме өкінемін. Қылмыстық істе көрсетілген дәлелдерге дау айтпаймын. Істеген ісіме өкінемін", - деді сотталушы.

Сотта жәбірленуші тарап өкілдері сотталушыдан моральдық шығынды өтеу туралы талап арызбен жүгінетіндерін мәлімдеді.

Еске салайық, ол бұған дейін егде жастағы науқастар мен ауыр диагноз қойылған балаларды қорлаған. Хосписте жұмыс істеп, науқастарды ұрып-соғып, олардың нәжісін жеп жатқанын видеоға түсірген.

Студент “азаптау” бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.