Қызылордада қамауға алынған әйел терезе арқылы қашып кеткен
Қызылордада тергеу барысында қамауға алынған әйел төсек жаймасын батареяға байлап, терезе арқылы қашып кеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аға сержанты тергеу-қамаудағы әйелді күзету бойынша қалалық постты қабылдап, аурухана бөлмесінің дәлізінде отырған. Ал күдікті әйелмен бір бөлмеде инспектор-психолог әділет лейтенанты болған.
Таңғы сағат 4 шамасында тергеу-қамауға алынған әйел оны күзетіп тұрған әділет лейтенантының ұйықтап кеткенін пайдаланып, қашып кеткен. Ол төсектің екі жаймасын жылыту батареясына байлап, терезе арқылы қашқан. Кейіннен әйел ұсталып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне қамалды.
Алайда қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін қызметінен есіктің сыртында болған аға сержант қуылған. Бұл шешімге келіспеген ол сотқа жүгінді.
Жергілікті соттар жұмыстан заңды түрде босағанын айтып, өтінішін қабылдамаған. Жоғарғы сот бұл шешімді өзгертті.
Жоғарғы Сот аталған жайт онымен еңбек шартын бұзуға негіз бола алмайтынын мәлімдеп, аға сержантты өз жұмысында қалдырды.