Гүлжауһар Раева: «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілді дамытуда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалында биылғы жылы филиалда 75 бастауыш ұйым, 4024 мүше бар,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жыл басында аудандық филиалдың алқа мәжілісінің отырысы өтіп, онда жылдық жоспары талқыланып бекітілді. Барлық бастауыш ұйымдармен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Мұнан соң «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалында тіл жанашырлары, алқа мүшелері Әбдірахман Құлдүйсенов, Шегебай Құндақбаев, Нұрлан Бейбітов, Гүлжанат Өмірқызының қатысуымен алқа мәжілісі өтті. Онда филиал төрайымы Күлжауһар Раева атқарылып жатқан жұмысты қорытындылап, «Жаңа Наурыз», «Абай мұрасы», «Жаңа туынды» жобалары бойынша филиал ұйымдастырып өткізген іс-шаралармен бөлісті.
Тіл тазалығын сақтауға, көрнекі ақпараттардың дұрыс жазылуын қадағалауға бағытталған рейдтердің де оң нәтиже бергенін көрсетті. Алдағы жұмыс жоспарымен таныстырып, қоғам белсенділерінің пікірін тыңдады. Облыстық Тілдерді Оқыту Орталығының маманы, мемлекеттік тіл оқытушысы ретінде тіл мәртебесін арттыру, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің мерейін көтеру мақсатында бірлесіп бірнеше байқау ұйымдастыруға ұсыныс білдірді. Алдағы уақытта аудандық мәдениет және спорт бөлімі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалымен бірлесіп жұмыс жүргізе береді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі–ұлт болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын, тілін, қадір-қасиетін, иба-ізетін, мінез-құлқын, жалпы ұлттық қасиеттерін даралайтын құндылықтарға негізделген отырыс болды. Шараға аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов, Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары, қоғам белсенділері аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, «Ұлт бірлігі Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаев, Жосалы кенті ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев және аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Нұрлан Бейбітов, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева, аудандық білім бөлімінің әдіскері, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Тәжігүл Әбенова, облыстық Тілдерді Оқыту Орталығының аудандағы мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова, Қармақшы Жастар Денсаулығы Орталығының психологы Кетебаева Әмина, аудандық Жыраулар үйінің маманы Айдынбек Скендіров, аудандық Мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері Бауыржан Қайрбаев, Қармақшы аудандық Оқушылар үйінің бұқаралық- ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Аймаханова Марал, кент кітапханасының меңгерушісі Ақкүміс Қарашаева «Қармақшы аудандық жастар орталығы» КММ-нен ерікті жас Рахат Бақытжанұлы қатысты. Шараның мақсатымен «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы ГүлжауҺар Раева таныстырып, жүргізіп отырды. Халқымыз еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт-дәстүрлермен сусындатып, туған тілін, елін, жерін адал сүюді үйреткен. Алдымен жиналған қонақтар ұлттық үлгімен безендірілген бөлмеде дастарқан үстінде дидарласып, көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту мерекесінің маңызы жайлы әңгімелесті. Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары Әбдірахман Құлдүйсенов пен Асқар Мереков ақ тілегін ақтарып, бата берді. Белсенді жастар Айдынбек Іскендіров пен Гүлжанат Дүзенова тіл туралы өлең оқыды. Мұнан соң оқу залында «Тіл – баға жетпес байлық» атты кітап көрмесімен танысып, дөңгелек үстел отырысы жалғасты. Отырысты «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева жүргізіп отырды. Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов сөз алып, тіл мәртебесін көтеру жолында талмай еңбектеніп жүрген тіл жанашырларына алғысын білдірді. Қоғамдағы ең өзекті деген ХХІ ғасырда шешендік өнер қажет пе? Ұлттық киім кию руханиятты жаңғырта ма? Ұлттық мінезімізден ажырап қалған жоқпыз ба? Ата-ананың перзент алдындағы борышын білесіз бе? секілді сұрақтар төңірегінде ойларын ортаға салды. Қатысушылар көптің көкейіне орнаған шешендік сөздер шешендердің даналық сөздері жайлы, ұлттың, мәдениеттің бет бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып қазақтың киім үлгілері туралы, ұлттық мінезге заман лебінің әсері жайлы, ата-ананың бойында тазалық, имандылық болса, дүниеге келген ұрпақ та саналы болатыны туралы жан- жақты пікірлер ортаға салынды. Тіл белсендісі Әмина Кетебаева ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін оқыды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының «Ардақтайық ананы» атты кездесу ұйымдастырылды. Ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Әйел ананың қоғамдағы орны да ерекше. Әйел отбасының береке-бірлігімен қатар еңбекте де, қоғамдық жұмыстарда да қызмет атқаруда. «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандық Жыраулар үйінде шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арнап «Ардақтайық ананы» атты тіл жанашырларымен мерекелік кездесу болып өтті. Кездесуге аудандық филиалдың алқа мүшелері Әбдірахман Құлдүйсенов, Шегебай Құндақбаев қатысып, 8 наурыз мерекесімен құттықтап, тіл жанашыры ретінде қоғамға белсенді араласып жүрген тыныс-тіршілігімізге нәр берген жүректері мейірімге толы қайсар да сымбатты, аяулы да ардақты қыздарды құттықтап, мерекелік лебізін білдірді. Аудандық филиал төрағасы Гүлжауһар Раева ауданда қазақ тілі қоғамының бастауыш ұйымдарынан келген мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге белсене араласып жүрген тіл жанашырларына облыстық, аудандық филиалдың Алғыс хаттары мен сыйлықтар табыс етті. Мереке құрметіне аудандық Жыраулар үйінің үйірме жетекшісі Өтегенов Руслан жырдан шашу шашты. Көктемнің шуақты мерекесінде елімізге береке-бірлік тілеп, ұлттық салт-дәстүріміздің, тіліміздің дамуына қосқан зор үлестері үшін алғысын білдірді.
22 наурыз Ұлыстың ұлы күні- мерекесіне арнап №1 санаториялық бөбекжай бақшасы ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Бал мекендегі Ұлы күн, Құтты болсын Ұлыс күн!» атты іс-шарада бөбекжай ауласына ақшаңқан киіз үй тігіліп, ата-аналар, ардагерлер, жақын орналасқан мекемелерден қонақтар шақырылып, ұжым мүшелері мен бөбекжай тәрбиеленушілері қазақтың дәстүр-салтын бейнелеген өнерлерін көрсетті. Тұсау кесу рәсімін өткізіп, өмірге жаңа қадам басқан балапанға ақ жол тіледі. Мерекелік іс- шараны балабақша меңгерушісі Марина Маханова ашып, мерекемен құттықтап ыстық лебізін білдірді. Шараға «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева қатысып, мерекемен құттықтап, бастауыш ұйымдағы белсенді тіл жанашырларына облыстық, аудандық филиалдың Алғыс хатары мен сыйлықтарын табыс етті. Бөбекжай бақшасының ардагерлері «Ұлыс оң болсын, қайда барса жол болсын!», «Ұлыс береке әкелсін!», «Наурыз құтты болсын!», «Қызыр дарысын, бақ қонсын!», «Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін!», «Бұл күнге жеткенде бар, жетпеген де бар, айдан-аман, жылдан есен өтейік» деп ақ тілектерін жеткізді. Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар- деп, қатысушыларды дастархан басына шақырып, Наурыз көже ұсынып, ұлттық тағамдардан дәм татырды.
Аудандық мәдениет және спорт бөлімі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалы, аудандық орталық кітапхана мен облыстық тілдерді оқыту орталығының аудандағы мемлекеттіктіл оқытушысының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі- уақыт тудырған қажеттілік» атты бірлескен іс-шара өткізді. Латын әліпбиіне көшу үрдісі және маңыздылығы талқыланған басқосуда қатысушылар өз ойларын ортаға салды. «Латын графикасына өту туралы шешім қашан қабылданды, Қазақстан латын гарфикасына қашан өтпек? Латын графикасының қазіргі талқыланып жатқан нұсқасы қандай?, Ересектердің жаңа әліпбиді үйренуіне қандай жағдай жасалады? Латын графикасы не үшін керек?» деген сұрақтар төңірегінде Шегебай Құндақбаев, Гүлжауһар Раева, Дәурен Ержанов, Әмина Кетебаева, Ләйля Сыздықова, Гүлжамал Жанәділова, Шара Нақыпова, Жансая Бегман, Алтынай Мешітбаевалар пікір білдірді.
Басқосуға жиналған қоғам белсенділерінің пікірі латынға көшуді қолдайтындықтарын аңғартты. Латынға көшуге дайындық күн тәртібінен түспеу қажет. Сонда бізге оны тез меңгеру қиынға соқпайды. Уақыт жоғалтпай дұрыс шешім қабылданады деген сенімде.
Қазақ әуелден босағадан аттаған жас келіннің тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан бүл үрдіс бүгінгі күнде де өз маңызын жойған жоқ. Аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» тақырыбында келіндер сайысы өтті. Мағыналы байқауды Халықаралық Қазақ тілі қоғамының аудандық филиалы ұйымдастырды. Басты мақсат – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қазіргі жас келіндер арасына ежелден ұмыт болған ата -дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік және ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеу. Байқау шымылдығын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ашып, келіндерге сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
– Атадан қалған ұлттық тәрбие қай кезде де өзекті. Біз ұлы иманды, қызы инабатты ұлттың ұрпағымыз. Балаларымыздың дұрыс болуын қаласақ «Келешегіңді ойласаң, бесігіңді түзе» демекші, тәрбие беруді бесіктен бастағанымыз жөн. Осындай өнегелі іс-шаралардың қатары көбейе берсін, – деп бақ сынаушы келіндерге батасын берді.
«Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай, көл дария секілді пейілдері-ай» десе дегендей-ақ қазақ келіндерінің бар болмысын бойларына жиған ауданның 7 келіні баптарын да, бақтарын да сынады. Қатысушылардың бірі – ұстаз болса, енді бірі – дәрігер, тағы бірі – кітапханашы. Сан-салада табысты еңбек етіп, бір отбасының түтінін түтетіп, әулет тізгінін жалғап отырған берекелі келіндер ұлттық киіммен сахнаға көрік берді.
Келіндер 5 кезең бойынша сынға түсті. «Сәлем – сөздің атасы» атты алғашқы кезеңде өздерін таныстырған келіндер ортаны өлең-жырмен толтырды. Ал «Өнерлі өрге жүзер» атты екінші кезеңде қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Әуелетіп ән салған келіндер көп қошеметіне бөленді. Сонымен қатар қатысушылардың арасында жолдасымен, енесімен, қызымен бірге ән шырқағандар болды. Бұл дегеніңіз нағыз отбасылық бақыт. Себебі бақ сынауға бел буған отбасының бір мүшесіне деген құрмет, сыйластық, әрі қолдау. Осындай берекесі жарасқан отбасыларға көрермен қауымы да ерекше ризашылығын білдіріп отырды. Бұл кезең сайыстың ең көрікті бөлімі десек те болады. Қазір қоғамда белең алып отырған «ене мен келін» деген суық қарым-қатынастың керісінше жарасымдылығын көрсетіп, ой салған өнер ортасы болды. Ән де шырқалды, би де биленді, мағыналы өлең де оқылды, сіңліге сыр да жеткізілді. Бәрі де қазақы қалыппен, әдемі қимылмен өрілді. Ал «Ана көрген тон пішер» атты кезеңде талапкерлер өз қолдарымен жасалған бұйымдарын әділ-қазылардың алдына ұсынды. Ерекше дизайнмен жасалған көрпеше, жастық, түрлі бұйымдар көздің жауын алып, бір-бірінен асып түсті. Қатысушылардың әрбірі бір ғана бұйым емес, бірнеше бұйымды сахна төріне алып шыққанда келіндердің бос уақытын тиімді өткізіп, жоқтан бар жасап, қажетсіз дүниені кәдеге жарататын шебер, епті екенін аңғардық.
Ал «Бесік жыры» деп аталған кезесі кезеңде келіндер бесік жырын жанды дауыста түрлі сахналық композициямен ерекше етіп орындады. Бұл кезеңде де отбасы мүшелері, әсіресе енелері келіндеріне қолдау білдіріп, сахна төріне шықты. Бесік жырын айтып қана қоймай, бесікке қажетті жабдықтарды толық түсіндіріп, жас келінге аналық ақыл, әжелік нақыл да айтылды. Тағы бір айта кетерлігі, бір қатысушы өзімен бірге қызын да кішкене бесікпен сахна төріне отырғызып, бесік тербеткені көпті сүйсінтті. Бұл қыз тәрбиесінің нәзік бір көрінісі, болашақ ана болуға дайындықтың алғашқы сатысы, әрі көпке үлгі болды.
«Ақылына көркі сай» атты соңғы бөлімде келіндер білімін сынса салды. Салт-дәстүр, қазақы тұрмыс-тіршілікке орай дайындалған сұрақтарға қатысушылар тапқырлық танытып, тосылмастан жауап берді.
Иә, қазақ халқында «Жақсы қыз болу – бақыт, жақсы ұл болу – одан да үлкен бақыт, ал жақсы келін болу – нағыз бақыт» деген мақал бар. Қай кезде де қазақтың келіндері өздерінің ибалылығымен, инабаттылығымен үлкенге де, кішіге де үлгі бола білген. Сайысты қорытындылаған әділ-қазылар сайыс барысында үміткерлер тарапынан кеткен кемшіліктерді жасырмай ортаға салып, олардың өзгелерді тәнті еткен жақсы жақтарын да атап өтті.
– Бүгін тағылымды, тәрбиелі, үлкен мәні бар іс-шараның куәсі болдық. Салт-дәстүрді ұстану, үлкенді құрметтеу, сәлем салу – мұның бәрі қазақылығымызды танытып тұратын ұмытылмайтын дүниелер. Келіндердің барлығы жақсы өнер көрсетіп, салт-дәстүрді жете білетіндігін аңғартты, – дейді әділ-қазы алқасының төрайымы Нұршат Наурызбаева. Осылайша, қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болғаны рас. Соның нәтижесінде «Инабатты келін» номинациясы бойынша аудандық оқушылар үйінің «Шахмат» үйірмесінің жетекшісі Фариза Жұмағазықызы, «Өнерпаз келін» номинациясын Төретам кентіндегі №269 мектептің мұғалімі Жадыра Серікбаева иемденді. Ал жүлделі үшінші орынға №3 «Ертөстік» бөбекжай-бақшасының логопед-дефектологі Айгерім Үсенбаева мен №250 мектептің мұғалімі Раушан Өтепова лайық ден танылды. Ал екінші орынды №28 мектептің мұғалімі Назерке Тарғанова жеңіп алса, бірінші орын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Мөлдір Жазықбаеваға бұйырды. Ал аудандық аурухананың І санатты дәрігері, зертхана меңгерушісі Гүлдана Қалмаханова сайыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Сайысқа қатысушы барлық талапкерге арнайы диплом, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сайысты ұйымдастырушылар қатысушыларға қойылған талаптар өте жоғары болғанын, десе де жас келіндердің өздерін жақсы қырларынан таныта алғандарын жеткізді.
– Біздің Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы 30 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында сөз саптауға, білімдік деңгейді анықтауға байланысты түрлі іс-шаралар өткізілді. Ал биылғы жылға біз қазақ келіндерінің қай бағытқа қарай бара жатқанын, тіліміз бен дәстүр-салтымызға қалай қарайтынын анықтау мақсатында осы келіндер сайысын Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырдық. Бауыржан Момышұлы «Бесік жырын айта алмайтын келіндерден қорқамын» деген еді. Біздің сайысқа «Бесік жырын» қосуымыздың басты себебі осы. Алайда, келіндер бесік жырын керемет айтып, бізді қорықпауға болатынымызды аңғартты. Келіндер сайысы өте жоғары деңгейде өтті. Ауданның ибалы да инабатты келіндері сайысқа қатысуға ниет білдіріп, өздеріңіз байқағандай ерекше дайындалып келгендерін паш етті. Бұл іс-шара отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ана тілімізді ұрпақ санасына сіңіріп құрметтеуге, қоғамдағы аналар мәртебесінің артуына сеп болады деп ойлаймын. Қатысушыларды қолдауға келіп отырған отбасы мүшелеріне, ұжымға арнайы уақыт бөлгені үшін ерекше алғысымды білдіремін. Осы байқаудың мәнді де, сәнді, көрікті өтуіне қол созған баршаңызға алғысым шексіз, – деді Қармақшы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева.
Иә, қазақ халқында келіннің орны қашанда ерекше. Бүгінгі төрімізде отырған қызымыз ертең бір азаматтың жары, бір әулеттің келіні, болашақ ана. Сондықтан әрбір қазақ қызы өз шаңырағының бақыты болсын дейміз. Сахнада да сәлемін үзбеген инабатты келіндер, бір-бірін қолдауға дайын шаттығы шалқыған отбасылардың қатары арта берсін.
Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы ҚБ Қармақшы аудандық филиалы 15 мамыр Халықаралық отбасы күніне орай өткізілген шарада тіл белсендісі "Үлгілі отбасы" номинациясымен аудандық Жыраулар үйінің маманы Скендіров Айдынбектің отбасын марапаттап, сый -сияпат табыстады.
Ұлтымыздың, сондай-ақ мемлекеттің ең басты байлығы, ерекше белгісі, бөлінбес бөлшегі болып табылатын қазақ тілін тек білу ғана емес, көздің қарашығындай сақтай және дамыта отырып, оны ұрпақтың келесі буынына жеткізу – әр азаматтың қасиетті парызы. Ал мемлекеттік тілдің заңды мәртебесіне лайық қызмет етуін ең алдымен атқарушы билік, мемлекеттік қызметшілер қамтамасыз етуі керек. Бұл жалпы жұртшылық осынау игі істен қалыс қалуы керек деген сөз емес. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалы өз маңына тіл жанашырларын, белсенді азаматтарды топтастыра отырып, мемлекетік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолдануын бақылауға алып, тілбұзарлықпен күресуде.
Қай жерде болмасын ең алдымен көрнекі ақпарат көзге түседі, осы шындық болмысты бейнелеудің жоғарғы қалпы ойлауға, сондай-ақ мінез-құлықты қалыптастыратын, өзгертетін психологияға әсер етеді.Көрнекі ақпараттың қазақ тілінде анық, қатесіз, көз тартарлық болуы кентке көрік беріп, адамдардың назарын өзіне аударып қана қоймайды, таңбалық қызмет арқылы ойды білдіреді, оның материалдың тірегі болып табылады. Тіл тазалығы –ар тазалығы екенін еске салып ай сайын осындай жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесін беріп келеді. Кент орталығындағы Көшербаев көшесінде ораласқан «Эльнұр» сауда дүкенінің жарнамасында жазылған «Я – Жосалы» деген деген үлкен жазу «Мен – Жосалы» деп өзгертілді. Сондай-ақ маңдайшадағы қисайған, түсіп қалған әріптер қайта жаңаланып ілінді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева, Қармақшы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Қайырбаев Бауыржан, Қармақшы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі қызметкері және тіл жанашырларымен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бап талаптарына сәйкес кәсіпкерлік нысандарға жарнамалардың талапқа сай жасалуына, маңдайшалардың әріптері түскен, қате жазылған жазуларға ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген рейд жсалды. Бірқатар нысандарды аралап дәмхана, мейрамхана, дүкендер мен тағы басқа жалға берілетін ғимараттардың сыртқы келбетіне көңіл аударылып, ғимарат иелеріне бірқатар ескертпе жұмыстары жүргізілді.
Қармақшы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Қайырбаев Бауыржан:
– Біз мемлекеттік мәртебеге ие тіліміздің тазалығын сақтауға тиіспіз. Сондықтан қоғамда осындай күнделікті кедесетін көрнекіліктердің сауатты, дұрыс жазылуын қадағалау, тілге сақшылық көзқараста болу әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз деп ойлаймын. Көрнекі ақпараттағы заңдылықты сақтамау, қателік көзге бадырайып көрініп тұрады. Бірақ көп адам соған мән бере бермейді. Біздің әрқайсымыз тіл күрескері болуымыз керек.
Дәулетбаев Асқар, тіл жанашыры:
– «Шынар ана» жолаушылар тасымалдау мекемесі автобустарының есігінде «вход», «выход» деп жазылған. Оны «кіру», «шығу» деп өзгертуге болады ғой. Күнделікті адамдар көп жиналатын орындарда тілімізге деген құрмет әрбір қазақ азаматының өзіне байланысты. Мынадай теріс пікір бар. Үлкен қалаларда, солтүстік облыстарға қарағанда бізде шүкіршілік дейді. Олай болмайды. Сөйлеу тіліміз де, көрнекі ақпарат та таза қазақ тілінде болуы керек. Бұл – тәрбие, жастардың елжанды болуына әсер етеді. Алдымен өзімізді түзейік, содан кейін басқаларды да түзейміз.Рейд барысында түрлі меншіктегі мекемелердің атауы болмаса, басқа көп қателік көрінген жоқ, бұл да үнемі жүргізіліп отырған жұмыстың нәтижесі. Меншік иелеріне орысша, басқа да шетел тіліндегі атауларға үйір болмау жөнінде ескертілді.
Аудандық филиалдың ұйымдастыруымен аудандық емханада тіл жанашырларымен кездесу болып өтті. Кездесуге Қармақшы аудандық ауруханасы бас дәрігері Нысанбаев Бақытжан Сағилатұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалының төрағасы Раева Гүлжауһар Төлегенқызы, Қармақшы аудандық ауруханасының бас мейіргері Жүсіпова Шырынкүл Сванқызы, ішкі аудит мейіргері, аудандық аурухана «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының төрайымы Пірманова Назерке Жұмағалиқызы және тіл белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты. Филиал төрайымы Гүлжауһар Раева: Қазақ тілі қоғамы өз жұмысында қазақ тілін, сондай-ақ халқымыздың мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып үйрену әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтай отырып, оны одан әрі дамытуды филиалдың бастауыш ұйымдарында өзінің тығыз байланыста бірлесе жұмыс жүргізіп келеді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалының ірі бастауыш ұйымы «Қармақшы аудандық ауруханасы. Ұйым мүшелерінің белсенділігі, туған тілге деген көзқарасы, азаматтық ұстанымы ерекше. Аудандық филиалдың ұйымдастыруымен отбасы күніне орай өткен «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты байқауда аурухана ұжымынан қатысқан дәрігер Қалмаханова Гүлдана сайыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Қай кезде де ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарап тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысып, мекемедегі белсенділігінің артуына ықпал етіп келе жатқан мекеменің Бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Нысанбаев Бақытжанның еңбегін мақтанышпен айтуға болады. Бүгінде әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен аялы алақандарын сезінеді. Бастауыш ұйым ұсынысымен тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде шипалы қолдарымен, дертке дауа сөздерімен жан жылуын сыйлап, ел құрметіне бөленіп келе жатқан бір топ тіл жанашырлары –мейіргерлерді: терапия бөлімшесі аға мейіргері Бибігүл Зулкашева, Қармақшы ауылы мейіргері Айгүл Бөлекбаева, аймақтық мейіргер Жанар Аймаханова, емхана мейіргері Гүлжан Игисинова, Жаңа Жол ДА аға мейіргері Айзада Айтұрсыноваларды құттықтап,сый сияпат жасалды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызды насихаттап,тіліміздің мәртебесін көтеруде қоғамның белсенді мүшесі ретінде атсалысқандары үшін шынайы алғысын білдірді. Ауданымыздың Бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев : қай кезде де мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілімізге деген құрметіміз шексіз. Мекемемізде барлық құжаттар қазақ тілінде жүргізіледі. Оған қоса, өзінің мамандығы бойынша қызметтерін адал атқарумен қатар қоғам өміріне, қоғамдық жұмыстарда да ұжым мүшелерінің белсенділіктері жоғары екенін айтқым келеді. Қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысым шексіз- деді.
Ақтөбе ауылдық мәдениет үйінде №109 орта мектебі кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен жастардың бойында қоғамдық белсенділікті арттыру мақсатында "Жастар - прогресс даму һәм жаңашылдық жаршысы" тақырыбында сайыс өтті. Онда ауыл жастары мен жас ұстаздардан құралған 3 топ бақ сынады. Осы байқауға қазылық етуге және демеушілік жасауға «AMANAT» партиясы Қармақшы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дастан Буханов, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Қармақшы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева, «Төретам жастары» жастар ҚБ төрайымы Гүлжазира Маханова, Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Ляззат Есханова және ауыл тұрғындары, жастар, мектеп ұстаздары, жоғары сынып оқушылары қатысты.
«Жаңа Қазақстан», «Нұрлы жол», «ҰБТ» топ атауларымен жастар өздерін таныстыру, сұрақ-жауап, өнер тапқыштық қабілеттерімен сайысқа түсті. Сыртқы бейнесімен, мазмұнды көріністерімен, тапқырлық өнерлерімен және қазіргі қоғамдағы экология, «Жасыл ел», темір жол, кәсіпкерлік, білім салалары бойынша жан-жақты ізденісті ойларын ортаға салды. Мектептен қатысқан «ҰБТ» тобы «Ұлттың болашағын тәрбиелеу» деп аталатын топ атауының ерекшелігі, «Нұрлы жол» тобы қалдықсыз өнім жасауы, «Жаңа Қазақстан» тобы жастарды кәсіпкерлікке сүт өнімдері оның ішінде құртты дайындау, сатудың өте ұтымды жолдарын көрсетті. Сайыс тартымды өтті. Шара соңында орындар белгіленіп, 1 орын алған «ҰБТ» тобына«AMANAT» партиясы Қармақшы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Д. Буханов, 2 орын алған «Нұрлы жол» тобына Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Қармақшы аудандық филиалының төрағасы Г. Раева, 3 орын алған «Жаңа Қазақстан» тобына «Төретам жастары» жастар ҚБ төрайымы Г. Маханова дипломдар мен сыйлықтар табыс етті. және 3 топтың қатысушыларына Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Л. Есханова сыйлықтар берді. №109 орта мектебінің басшысы Б. Алмағамбетов сайысқа қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.
1 маусым балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалы бала тәрбиесінде айрықша рөл атқаратын, білімнің баспалдағы саналатын балабақша қызметкерлерімен кездесу өткізіп, мерекемен құттықтады. «Қазақ тілі қоғамының» белсенді мүшелері, тәрбиешілер мен олардың көмекшілері балабақшада тіл мәртебесін көтеруге байланысты өткізіп жүрген іс-шараларымен бөлісті. Кейбір балабақшаларда арнайы «Қазақ тілі» пәні оқытылып жатқанын айтып қуантты. Тәжірибелі тәрбиешілер Қуанышкүл Желдербаева, Шұға Рахатова, Аманкүл Уатаева, Айнұр Бектұрғанова, Жамила Байсынова, Жанар Әбдімәлікова, Сәулекүл Жүсіпова, Мейрамкүл Жұбайдаевалар облыстық филиалдың алғыс хатымен марапатталса, Гүлсім Ідірісова, Ләззат Амантаева, Қарашаш Ұзақовалар аудандық фииалдың алғыс хаты мен сыйлығына ие болды.
«Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева балабақша қызметкерлерінің ізденіс пен жауапты жұмыстарын тиек етіп, болашағымыз, өміріміздің жалғасы болар бала тәрбиелеу жолында анбай еңбек ете берулерін тіледі. Сондай-ақ кездесуге филиалдың алқа мүшесі, кеше ғана А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық оқытушылар байқауынан бас жүлдемен оралған мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова қатысып, балабақша қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Тіліміздің тұғырын биікке көтеретін тіл жанашырларымен бірлесіп алдағы уақытта түрлі іс-шаралар ұйымдастыра берейік деген пікірін білдірді.
Тіл жанашырлары құрамында аудандық мәслихат депутаттары Буханов Дастан, Бекбаев Мырзаш және «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалы төрағасы Гүлжауһар Раева, Қармақшы аудандық Мәдениет және спорт бөлімі өкілдерінен тұратын арнайы топ көрнекті ақпарат өнімдерінің «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы»ҚР Заңы талабына сәйкестігіне кезекті рейд жасап, мониторинг жүргізді. Мониторинг Қармақшы ауданындағы орталық көшелерде орналасқан шағын және орта бизнес субьектілері қамтылды. Шараның негізгі мақсаты тұрғындарға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл заңнамасы талаптарының сақталуы, сапалы қызмет көрсету, және көрнекті ақпарат мәтіндерде қателерді болдырмау болып табылды. Мониторинг барысында орын алған бұзушылықтарды жою бойынша ұсыным-хаттар табысталып, көрнекті ақпарат пен жарнама өнімдерін тіл заңнамасы талабына сәйкес рәсімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір сауда орнының маңдайшадағы жазуы өшіп,түсіп қалған. Бұл бойынша меншік иелеріне хабарланды. Батыр Б.Момышұлының «Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» деген сөзі қашанда әр қазақтың жадында тұруы тиіс. Тіл тазалығын, заңдылығын сақтау бойынша алдағы уақытта да жүргізіледі. Басталған іс өз нәтижесін берсін. Тілге құрмет жасау баршамыздың міндетіміз екенін ұмытпайық!