Қызылордада жастар арасында жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді
Бүгінде екі қолға бір күрек іздеген жандарға мемлекеттен қолдау көп, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Осы бағдарламалар арқылы талай жас тірлігін түзеп, тұрақты жұмыс орындарына қабылдануда. Мәселен, 2024 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 46 475 адамды тұрақты жұмыспен қамту белгіленген болса, оның ішінде 60 пайызы жастардың үлесінде. Жалпы облыста да жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жұмабекқызы мәлімдеді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын» құру тапсырмасына сәйкес, өңірде 466 жұмыс орны ашылған болатын. Ал «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 198 жас жолданған.
-Жалпы, облыста «Мансап» орталықтары арқылы тұрақты түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Тиісінше, жыл басынан бері 16 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда 211 жұмыс берушіден 952 бос жұмыс орны ұсынылды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан 1002 жұмыссыз азаматтың 316-сы тұрақты, ал 29 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Жалпы аталмыш жәрмеңке арқылы жұмыспен қамтылғандардың 78,7 пайызы жастардың үлесінде. Бұдан бөлек, былтырдан бері Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында оларға жеңілдетілген түрде жылдық өсімі 2,5 пайыздық шағын несие берілуде. Осы бағдарлама аясында биыл 400 жасқа шағын несие беру жоспарлануда. Одан бөлек, халықтың осал топтарына жататын жұмыссыз азаматтардың жаңа бизнес идеяларын дамытуға арналған мемлекеттік гранттар бар. Бұл гранттардың басым бөлігі мал мен құс шаруашылығына, еңбек құралдарына, технологиялық жабдықтарды құрайды,- деді Жанар Жұмабекқызы.
Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Экономикалық әдебиеттерде кез келген қоғамдағы жұмыссыздық құбылыстары сипатына байланысты:
Құрылымдық жұмыссыздық – елдегі тұтыну тауарларына сұранымның құрылымында және өндіріс технологиясында болатын өзгерістер салдарынан пайда болатын құбылыс. Бұл жағдайда қызметкер не өзінің кәсібіне (мамандығына) сұранымның жоқтығы салдарынан‚ не жұмыс алу үшін жеткілікті біліктілігінің жоқтығы салдарынан жұмыссыз қалады.
Кез келген қоғамдағы экономикалық даму барысында тұтыну тауарларының сұранымы құрылымында және өндіріс технологиясында маңызды өзгерістер болады. Бұл өзгерістер өз кезегінде жұмыс күшіне жалпы сұранымның құрылымын да өзгертеді. Осындай өзгерістерге байланысты кәсіптердің кейбір түрлері азаяды не қысқарады‚ ал басқа бір түрлері көбейеді. Қоғамдағы жұмыссыздықтың пайда болу себебі жұмыс күшінің осы өзгерістерге баяу ыңғайланатындығына және оның құрылымының нақты жұмыс орнына сай келмейтіндігіне байланысты болады. Фрикциялық жұмыссыздық пен құрылымдық жұмыссыздық арасындағы елеулі ерекшелік мынада: бірінші жағдайда жұмыссыздарда еңбек нарығында ұсынуына болатын дағды‚ машық бар‚ ал екінші жағдайда олар қайта даярланбайынша‚ қосымша оқып біліктілігін арттырмайынша‚ тіпті тұрғылықты жерін ауыстырмайынша жұмыс таба алмайды. Фрикциялық жұмыссыздық неғұрлым қысқа мерзімді сипатта болады‚ ал құрылымдық жұмыссыздық неғұрлым ұзақ мерзімді сипатта болады‚ сондықтан ол қоғамдағы неғұрлым елеулі жұмыссыздық болып табылады. Циклдік жұмыссыздық – елдегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жиынтық сұранымның күрт азаюы салдарынан болатын құбылыс. Осы себептен оны кейде сұранымның тапшылығына байланысты жұмыссыздық деп те атайды. Циклдік жұмыссыздық – кез келген қоғам үшін экономикалық және әлеуметтік дағдарыс болып саналады. Экономикалық дағдарыс (экономикалық дамудың құлдырауы‚ тоқырау) елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың елеулі бөлігінің бостан босқа уақыт өткізуіне әкеліп соғады‚ ал мұндай жағдай олардың біліктілігінің жоғалуына‚ адамгершілік қадір-қасиеттің азғындауына‚ әлеуметтік және саяси жанжалдарға апарып соқтырады. Жұмыссыздық – барлық қоғамда болып тұратын құбылыс. Нарықтық экономикасы дамыған елдерде‚ мысалы‚ АҚШ-та‚ еңбекке қабілетті тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы жұмыссыздық мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Фрикциялық және құрылымдық жұмыссыздық болмай қоймайды деп есептеледі. Демек, елдегі тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы – ол елде циклдік жұмыссыздықтың жоқтығын білдіреді. Жұмыспен толық қамтылу кезіндегі жұмыссыздық деңгейі оның табиғи деңгейі болып саналады. Мұндай жағдай елдегі жұмыс күшінің рыноктары теңдестірілгенде, яғни жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орындарының санына тең болғанда пайда болады. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі қоғамдағы оң құбылыс болып есептеледі. Өйткені “фрикциялық” жұмыссыздарға бос жұмыс орнын табу үшін әрқашан уақыт керек‚ “құрылымдық” жұмыссыздарға да біліктілігін жетілдіру, жаңа мамандық алу үшін немесе жұмыс табу мақсатымен басқа жерге көшу үшін уақыт керек. Егер жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орнынан асып түссе‚ онда жұмыс күші рыногінің тең болмағаны. Екінші жағынан‚ жиынтық сұраным молайған жағдайда жұмыс күшінің “жетіспеушілігі” сезіледі‚ яғни бос жұмыс орындарының саны жұмысқа мұқтаждардың санынан асып түседі. Қазақстанда нарықтық экономикаға өту кезеңінде бұрынғы тиімсіз кәсіпорындар мен ауыл шаруашылық мекемелерінің жұмысын уақытша тоқтатып, жабылуына, банкротқа ұшырауына, жекешелендіріліп, қайта құрылуына байланысты құрылымдық жұмыссыздық құбылысы байқалды. 2000 жылы елдегі жұмыссыздар саны 1997 жылғы деңгеймен салыстырғанда біршама (0,2%-ке) төмендеді. Елдегі түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформалар барысында жаңа жұмыс орындары ашылуына, ішкі, сыртқы инвестициялар көмегімен, бірқатар өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылығының жандануына орай, ауылды қайта өркендетудің 3 жылдық бағдарламасына байланысты жұмыссыздық деңгейі де біртіндеп табиғи деңгейге түсе бастады.
Фото: egemen.kz