Қалалық білім бөлімінің бас есепшісінен 1 млрд теңге мен 14 пәтердің құжаты табылды
Талдықорғанда қалалық білім бөлімі бас есепшісінің үйінен 1 млрд теңгемен қатар қымбат мүліктің құжаттары табылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
48 жастағы әйел шетелге қашып кетпекші болған. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстап үлгерді. Үйін тінту кезінде 942 млн 902 мың теңгеден аса қаражат тәркіленді.
Бас есепші ұрлаған ақшаның басым бөлігін шетелдік валютаға айырбастап қойған. Бұдан бөлек, 14 пәтер, 7 коммерциялық нысан мен «land cruiser 200» маркалы көліктің құжаттары табылды. Зергерлік бұйымдар да шықты. Қазір 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған дүние-мүлікке уақытша шектеу қойылды.
Бас есепшімен бірге оның орынбасары және бірнеше қызметкер қамауға алынды. Олар бірнеше жылдан бері білім саласында жұмыс істемейтін адамдарға ақша аударып жүрген. Өткен жылдың өзінде мектептер арқылы бюджеттің 750 млн теңгесін қалтаға басқан.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.