Сенат депутаты Геннадий Шиповских Қазақстанда TikTok платформасын бұғаттауды ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сенат депутатының сөзінше, көптеген елдер платформаны қолдануға ішінара тыйым салып отыр.
“TikTok желісі әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдылыққа ие. Қазақстанда да бұл желіні пайдаланушылар үлесі күн санап артып отыр. Платформаны кей креативті адамдар жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып жүр. Бірақ ондай контенттердің үлесі, өзге контенттерге қарағанда өте аз. Әлемдік практикаға қарасақ көптеген елдер әртүріл себептермен аталған платформаны қолдануға ішінара тыйым салып отыр”, – дейді ол.
Депутаттың сөзінше, балаларды онлайн қауіпті контенттерден қорғау үшін YouTube-kids секілді балаларға арналған арнайы желі құруды ұсынды.
“Бірінші, TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсыну керек. Екінші, бұл платформа жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube-kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсыну қажет. Үшінші, 13 жасқа толмаған балалар TikTok-қа ата-анасының атынан кірген жағдайда міндетті түрде Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз”, – деді ол.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда TikTok пен басқа да әлеуметтік желілерді толығымен бұғаттаудың орнына, әлеуметтік желілерге кіру жасын шектеу керегін мәлімдеген еді.