Қызылорда облысында кәсіпкерлердің саны 32,8 пайызға ұлғайған

329

Қызылорда облысында кәсіпкерлердің саны 32,8 пайызға ұлғайған,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Биыл Қызылорда облысында кәсіпкерлердің саны 32,8 пайызға ұлғайған. Сәйкесінше, жұмыс істеп тұрған белсенді кәсіпкерлердің саны 39,2 пайызға артқан.

Шағын және орта кәсіп экономиканы дамытуда айрықша рөл атқарады. Бүгінде аймағымызда шағын және орта кәсіпкерлікте 121 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, облыстың экономикалық белсенді халқының үштен бір бөлігін құрады. Осы жылы аталмыш кәсіпкерлікті 125 мың адамға жеткізу жоспарлануда. Бұл бастаманы іске асыруда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңбері дайындалып, 168 жоба субсидияланды. Сондай-ақ, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы 273 жобаны қаржыландырған. Сонымен қатар өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібі 1,9 пайызға өсім көрсетті. Бұл ретте жиһаз өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіп айрықша өсім көрсеткен. Биыл бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 4 жоба іске қосылып, жергілікті тұрғындар 125 жаңа жұмыс орындарымен қамтылған. Аталмыш жобалар аймақ экономикасын дамытуда елеулі үлес қосарына сеніміміз мол. «Қармақшы құс» серіктестігінің қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіруге қауқарлы құс фабрикасы іске қосылмақ. Ал, «Айғасар» серіктестігі жылына 36 мың тонна бие сүтін өңдесе, «Казах камел» зауыты 700 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндірмек. Сондай-ақ, «Арал кварц» зауыты 172,8 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін болады. Мұнан өзге шикізаттық емес экспорт көлемі 18,8 пайызға өскен.

Сала мамандары биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 42,1 пайызды құраған. Сондай-ақ, жеке инвестициялардың көлемі де жыл сайын артуда. Биылдың өзінде 70 миллиард теңгеге жеке инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 71 пайызға өскен.

«Қазақстанда жасалған» белгісі бар,  сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатуға басымдық берген, көлемі мың шаршы метрден кем емес азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды өткізуге арналған сауда орталықтарына 3 миллиард теңгеге дейін несие беріледі.

Кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жобаға мамырда енгізілген өзгерістердің бірі осы. Бұл туралы Қызылордада «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес қолдау тетіктері жөнінде ақпарат ұсынуға арналған шарада айтылды.

«Қазір кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға мемлекеттік бағдарлама аясында көрсетілетін қолдау тетіктері жеткілікті. Тек уақытылы хабардар болуы керек. Сол үшін «Центр кредит Банкі» мен «Дамудың» ұсынысын қуана қарсы алып, осы кездесуді ұйымдастырдық. Бұл ұйымдардың бастамасын өзге де қаржы институттары жалғап, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын насихаттауға арналған осындай шараларды ұйымдастырады деген үміттемін», – деген болатын Палата басшысы.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Жомарт Ермағанбет Ұлттық жоба аясында бизнестің жобасын қаржыландыруға арналған бағдарламаларға, олардың талаптары мен ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Ұлттық жобаға осы мамырда өзгерістер енді. Әлеуметтік азық-түлік сататын, сондай-ақ отандық өнімдерге басымдық беретін сауда орталықтарына қолдау бар. Осы саладағы кәсіпкерлер жыл соңына дейін 3 миллиард теңгеге дейін несие ала алады», – дейді ол.

Сонымен бірге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына да өзгеріс енген. Облыс орталықтарында халықаралық қонақ үй желілерінің франшизасы негізінде «3», «4» и «5» жұлдызды жаңа қонақүй құрылысы, қайта жаңғырту және құрал-жабдықтармен жабдықтау жобалары осы бағдарлама аясында субсидияланбақ. «Банк Центр Кредит» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Айбек Бекбанов кәсіпкерлік мақсатта алынған бағдарламаларды «Даму» арқылы субсидиялау жолдарымен таныстырып, банктің бизнес өкілдеріне арналған өзге де өнімдерін таныстырды.

«Осындай кездесулер өткізу арқылы іскерлік ортаның дамуына үлес қосқымыз келеді. Кәсіпкерлер – біз үшін экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбекқор азаматтар, әрі серіктестеріміз. Бизнес өкілдерінің тың бастамасын қолдауға әзірміз», – дейді сала мамандары.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі 100 мың жасты тұрақты жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар азаматтарды қолдау керектігін айтқан болатын. Осы бағытта жастардың өз бетінше кәсіп ашуына жәрдем беру үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беріліп жатыр. Бүгінде аталған бағдарламаның көмегімен облыстағы 109 жастың жобасы мақұлданған. 

«Бекітілген ережеге сәйкес, кәсіп бастауға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені алуға 21-35 жас аралығындағы азаматтар өтініш білдіре алады. Бұл бағдарламаға мал шаруашылығымен айналысуға және егін егуге ниеті бар азаматтар қатыса алады. Егер жеке кәсіпкер болса айналысатын кәсібінің тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бұл бағдарламаға қатысу үшін азаматтар «Аграрлық несие корпорациясына» барып құжаттарын тапсыра алады. Несиенің негізгі шарты бойынша микрокредит мерзімі - 5 жыл, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін - 7 жылға қаржы беріледі. Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Сонымен қатар бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар қатыса алатын болса, биылдан бастап тек әлеуметтік осал топтарына жататын жандар ғана грант ала алады. Сондай-ақ, 50 жастан асқан жұмыссыз жандарға арналған «Күміс жас» жобасы да биыл басталған болатын. Қазіргі таңда осы жоба арқылы жұмыспен қамтылғандар саны артып келеді» дейді мамандар.

«2023 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында облыста 43 898 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде 280 ұлттық жоба шеңберінде үш мыңнан астам жұмыс орны құрылмақшы.

Жастарға қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Биыл республикада отбасылық цифрлық картасы іске қосылды. Бүгінде осы бағдарлама аясында облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сәйкесінше, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4 пайызға төмендеді. Бұл бағдарламаның оң динамика қалыптастырғанының айқын көрінісі. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Талғат Тлес хабарлады.

«Жастарды кәсіпке баулу, оларды жұмыспен қамтамасыз етудің нақты шаралары қабылданды. Жастарды бизнеске тартуда мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие қарастырылып келеді. Бұл жастарға деген үлкен мүмкіндік. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті дамыту, жастар арасындағы сұранысқа ие мамандықтарды қажеттілікті қамтамасыз етуде мүмкіндіктер керуені, кеңес беру, мәдени көпшілік шаралар өткізіліп келеді. Сондай-ақ бос жұмыс орны жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 303 жас жұмыспен қамтылды», - дейді Талғат Оспанұлы.

Жастар - мемлекеттің болашағы. Жастар жылы аясында еңбек бригадалары құрылып, бүгінде өз жұмыстарын бастаған болатын.

«Бұл бригадаларды құрудың басты мақсаты - аудандағы жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету. Бүгінде аудан әкімінің қолдауымен Сырдария ауданына қарасты кенттер мен ауылдық округтерле жастар бригадалары құрылды. Аталмыш бригада қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратын жастар жұмыс жасауда. Осы уақытта басталған егін науқанына бригада құрамындағы жастарды тарту қарастырылып отыр. Сонымен қатар жастарды Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округіне тәжірибе алмасуға жіберіп, егін егу тәсілдері үйретілді. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан берген егіндік жерлерде дайындық барыстары жүргізіліп, бақша егу жоспарлануда. Сондай-ақ, Шіркейлі ауылдық округінде құрылыс материалдарын шығаратын "Шіркейлі" жастар бригадалары жұмыс жасайды. Нәтижелі жұмыс жасаған еңбек жастары жыл соңында лайықты марапатқа ие болады. Атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады», - дейді Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов.

Сыр өңіріндегі ірі өндіріс орны саналатын шыны зауыты биыл алғашқы өнімін шығарған болатын. Қуаттылығы жылына 200 мың тоннаны құрайтын  зауыт іске қосылғалы бері 75 мың тоннаға жуық өнім өндірген.

Бүгінде мұнда күніне 500-510 тонна шыны түрлері шығарылып, басқа өңірлерге жөнелтіледі. Сондай-ақ, жергілікті өнімге көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен де сұраныс жоғары. Республикада алғаш іске қосылған зауытта жыл соңында дейін  қосымша 80 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек, қытай, неміс және түрік компанияларымен зауыт аумағында құны 100 млрд. теңгені құрайтын 8 шағын ілеспе завод құру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

«Orda Glass ltd»» ЖШС-нің табақша шыны өндіру және өңдеу зауытының жобасы биыл іске қосылып, шыны өндіру жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Жалпы зауыт іске қосылғалы бері 40 мың тоннаға жуық өнім басқа аймақтар мен сырт мемлекеттерге эскпортталды. Жергілікті өнім көбіне құрылыс саласына қажетті болғандықтан сұраныс та соған сай көбейіп келеді. Бүгінде өндіріс орнында 400-ге жуық жұмысшы еңбек етсе, оның 70 пайызы жергілікті мамандар. Екінші жарты жылдықта зауытта электр тоғын үнемдейтін жобаны жүзеге асырмақшымыз. Ол үшін керекті қондырғыларға тапсырыс беріп жатырмыз, - дейді кәсіпорынның өндірістік бөлім басшысының көмекшісі Ғалымжан Қуатов.

Осы жылдың төрт айында құны 6 миллиард теңгені құрайтын 3,5 миллион шаршы метр өнім шығарылды. Ал жыл аяғына дейін 140 мың тонна шыны түрлерін шығару жоспарлануда. Бұл зауыт қуаттылығының 71 пайызын құрайды. Ал өнімге қажетті шикізаттар шет мемлекеттерден тасымалдануда.

«Өнеркәсіп саласындағы ірі өндіріс орны – Шыны зауыты индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған болатын. Бұл зауыт өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін берді. Мәселен, биыл бұл зауытқа 42 млрд.теңге инвестиция тартылып, бірнеше мемлекеттермен өндіріс  аумағына шағын заводтар құру туралы келісім шарт жүргізілді. Жалпы шыны зауытының өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 8 пайызды, ал құрылыс индустриясындағы үлесі 42,2 пайызды құрайды», - дейді мамандар.  

Ағылшын жазушысы Бернард Шоу «Қолынан іс келетін адам жасайды, келмейтін адам үйретеді» дейді. Рас, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе кедергі бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ынта-жігер ұштасса болды. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен, кәсіп ашып, оны одан ары дөңгелентіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда кездесетін кедергілер мен қиындықтарға төтеп беру ерік-жігердің күштілігіне байланысты.

Ниеттен туған құлшыныс кезіккен қиындықтардан өтуге серпін береді. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, талпыныс, ізденіс арманға жетуге үздіксіз жетелеп, түбінде мақсаттың шыңына шығарады. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін шалқытып отырғандар көп-ақ.Қызылордалық кәсіпкер жаңа жобаны қолға алды. Отбасының берекесін ұйытып отырған, қызметпен бірге үй тірлігін қатар алып жүрген нәзік жандылардың бірі ЖК «Абилова» мекемесінің директоры Гүлзат Абилова жаңа кәсіп түрін бастады.

Кәсіпкер 2015 жылдан бастап брусчатка өндірісімен айналысып келеді. Ал, 2022 жылдың қараша айында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант конкурсына қатысуға жаңадан «Еурозабор»  жобасын әзірлеп, қайтарымсыз грантқа ие болды. Оның еуропалық үлгіде дайындаған темір-бетоннан жасалған өнімдеріне сұраныс жоғары. Қайтарымсыз қаржыға жаңа кәсіпке қажетті құрал-жабдықтарды алып, 1 апта ішінде арнайы қалыпқа салып әзірленетін еурозабордың  600-800 метрін өндіріп, тапсырыс берушіге жөнелткен. Кәсіпкер көбіне тапсырыспен жұмыс жасайды.    

Сонымен қатар, кәсіпкер қазір суағар, бордюр,баспалдақ қаптағыш, тіпті брусчатканың 12 түрін құйып жатыр. 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар цементті әбден араластырып, қажетті түстерге бояйды. Содан соң түрлі пішіндердегі қалыптарға құйып, арнайы аппаратпен тығыздайды. Бұл жұмыстың барлығы тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады.

Қызылордалық «Абай Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков жақында Жапонияға барып, JICA халықаралық әріптестік агенттігі ұйымдастырған оқыту бағдарламасы арқылы біліктілігін көтеріп келді. Оның сапарына қажет құжаттарды Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары әзірлеп берді.

Жыл басында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына JICA халықаралық әріптестік агенттігінен жапондық бизнес өкілдерімен іскерлік байланыс орнату үшін қазақстандық кәсіпкерлерге арналған тегін оқыту бағдарламасын бірге ұйымдастыру жөнінде хат түседі.Халықаралық агенттік күріш өсіру және өңдеумен айналысатын кәсіпорын өкілдерін маусым-шілде аралығында өтетін «Жапон тәжірибесі арқылы бизнестің әлеуетін дамыту» тақырыбындағы оқытуға шақырды.

«Біз бұл ұсынысты өңірдегі аталған салада қызмет көрсететін кәсіпкерлердің барлығына жолдадық. Ұсынысымызға «Абай Дәулет» ЖШС-і қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдірді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Алма Пірманова.

Кәсіпкерлер палатасының мамандары ұйымдастырушы тараппен байланысып, кәсіпорынның ұсынған өкілінің құжаттарын әзірлеп берді.Нәтижесінде «Абай Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков 10 маусым мен 2 шілде аралығында Жапонияда біліктілігін арттырып келді.«Қазақстаннан оқуға 7 азамат бардық. Оның үшеуі біздің өңірден. Біз тек шет елге барып-келу, яғни ұшақтың шығынын ғана өтедік. Қалған оқу, жатын орын – барлығын Жапониядағы ұйымдастырушы компания өздері қамтамасыз етті. Бір айға жуық уақытқа созылған шарада өзіміз секілді күріш өсіру және өңдеумен айналысатын компаниялардың жұмысымен таныстық.Технологияның мүмкіндігімен өнімділікті арттыру әдістерін көрдік. Өте жақсы тәжірибе болды. Осындай мүмкіндік берген Кәсіпкерлер палатасына алғысымыз шексіз», – дейді Жасұлан Тұрлыбеков.

Кәсіпорын өкілі оқу барысында алған тәжірибесін компанияда қолдану мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын жеткізді.

Қызылорда қаласында жеке кәсіпкер Дархан Асан «Qyzylorda» арнайы белгісімен шоколад шығаруда. Сіз бен біз білетін «Қазақстан» мен «Аlpen gold» тәттісінен кем түспейтін өнімді жерлестеріміз дайындап отыр.Дарханның айтуынша, цехтан шығатын өнім облыстың жиырмадан аса дүкендерге өткізіледі.

– Бұл кәсіпті бастағанымызға бір жылға жуықтады. Шоколадтың дайындалу әдісі бұрыннан қызықтыратын. Сол кезде осыны өзіміз дайындасақ қаламыздың өз өнімі болар еді деп ойлайтынмын. Сол идеяны іске асыратын уақыт келіп, қолға алған жайымыз бар – дейді кәсіпкер.

Бүгінде олар аптасына 300-ден аса тәтті өнімді сатылымға шығаруда. Шоколадтың екі түрі бар. Цехтың өніміне қала дүкендері де қызығушылық танытуда.

– Керек шикізатты Ресейдің Калининградынан, сосын өзіміздің Қарағандыдан алдырамыз. Алғашында қиындық болды. Шығын да аз емес. Шоколад дәміне келтіру – өте қиын жұмыс. Қазір екі түрлі тәттіні халыққа ұсынып отырмыз. Бұның басты айырмашылығы сол, Сыр өңірінен шығатын өнім болатыны бізді қатты қуантады. Біз әу баста осыны армандадық, – дейді Дархан.

Қызылордада шығатын шоколадтың дизайны өзгеше, салмағы 90 грамм болатын тәттінің келешекте аймақтық брендке айналатынына сенім мол. Тек жергілікті кәсіпкерлік саласына жетекшілік ететін орындар қолдауын аямаса болғаны.Кәсіп бастауға ниетті болғанымен, оны неден бастау керегін, жолын біле бермейміз. Өндіріспен айналысып, өз өніміңді шығару да оңай шаруа емес. Істің көзін тапқанмен оны әрі қарай алып кетуге де көп күш жұмсалады. Қаржы табу, оны жөнімен жұмсай білу де қажет. Мемлекеттік “Бизнестің жол картасы 2025” бағдарлама аясында қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Одан бөлек, “Қызылорда” өңірлік инвестициялық орталығы арқылы несие алғанбыз дейді кәсіпкер.

Тәтті өнімдерді дайындаудың өзіндік технологиясы, әдіс-тәсілі бар. Одан ауытқысаң өнім ойдағыдай шықпауы мүмкін. Дархан Асан шоколад жасаудың арнайы курсын өтіп, сол арқылы оны әзірлеу әдісін игерген. Бүгінде олар күніне 300-ден аса тәтті өнімді сатылымға шығаруда.Жоба құны 14 миллион теңге болатын кәсіпорында айына 300 келі шоколад өнімдері өндіріледі.Өнімді өндірген соң, оны сатылымға шығару да еңбекті қажет етеді. Қазір облыстың барлық ауданы өзіміздің өніммен қамтылған. Олар Қызылордадан шыққан өнім деп ерекше қуанады екен. Тапсырыс та ауыл-аймақтан көп түседі. Әрі қарай дүкен иелері өз бағасын қояды.

Өндіріс орнының, кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, отандық өнімді өндіріп, ел тұрғындарын сапалы өніммен қамтуда аянбай еңбек ете беруіне тілектестігін білдіреміз. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан, қашанда, тиісті қолдаулардың болатынын тағы бір еске салып, азаматтың ісі көпке үлгі болуы керектігін айтты.Қызылордада раковина шығарылады. Өңірде өте сирек кездесетін кәсіпті жергілікті кәсіпкер Бауыржан Қамзаев былтыр желтоқсанда ғана бастаған. Инновациялық жоба «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауына «ә» дегеннен ие болыпты. 

Палата мамандары тегін бизнес-жоспар жасап берді. 4,5 миллион теңгеден астам қайтарымсыз грант бұйырып, оған құрал-жабдық сатып алдым. Қазір қаланың шет аймағындағы бір үйдің ауласында жұмыс істеп жатырмыз. Арендалық орын тар болса да тәуекел еттім. Өйткені арзан жер таппайсың. Бизнесім аяққа нық тұрғанша осылай амалдауға тура келеді дейді кәсіпкер. Бұл – кейіпкеріміздің бизнес жолындағы қанатқақты жобасы, алғашқы баспалдағы. Оған мотивация берген мектеп бітіргелі отырған қызы екен. «Оқуға түссе, көп ақша керек болады» деп өз-өзін қамшылапты. Балдызы Шымкентте раковина өндірісінде еңбек етсе керек. Екі айын сонда өткізіп, кәсіптің қыр-сырына қанығады. 

Базарда не көп, темір раковина көп. Бауыржан жаттандылықтан қашып, қолжуғышты жасанды мәрмәрдан құюды құп көріпті. Құрал-жабдықты Ресейден алдырғанмен шикізат – Арал ауданындағы Шөміштің құмы. Бұйымның сапасына біржылдық кепілдік беріледі. Ал бағасы базардағыдан біршама есе арзан – 20-30 мың аралығында. Кейіпкеріміз алғашқыда кәсібіне күмәнмен қарағандар болғанын жасырмайды. Бірақ сатып алып, сапасына көз жеткізгеннен кейін ол ойынан айныған. Өнімді сатып алуға ынталылар қатары күн өткен сайын артып келеді. Қаладағы «Рамазан» сантехника дүкені алғашқы клиенттердің қатарында. 

Бауыржан – он саусағынан өнер тамған жігіт. Тұтынушылар раковинаның дизайнына, қауіпсіздігіне, құрамына қатты мән береді. Өнімді сатып алушылар сапасына да, бағасына да риза, - дейді дүкен қожайыны Әлішер Сатығұлов.

Бауыржанның ендігі ойы – кәсібінің аясын кеңейту. Үйінің алдынан екіқабатты цех салғысы келеді. Арманы – сол жерде раковина ғана емес, ванна, душ, кабина дегендерді дайындап шығу. Мұндай бұйымдарға жазда сұраныс жоғары. Жергілікті кәсіпкер айдарынан жел есетін уақыт та – осы екенінен үмітті.

Қызылорда қаласында қазір құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Соған сай жергілікті құрылыс өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Өз кәсібі арқылы аймағымыздың дамуына үлесін қосып жүрген «CK AYA-ZHAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Мекеме 2019 жылдан бастап пенопласт және полистирол бетон өндірісімен айналысып келеді. 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік бағдарламаның көмегімен, яғни «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 10 млн. теңгеге қолдау алып, шикізат сатып алған. Бүгінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Бұл - отбасылық кәсіп. Цехта өндірілген өнімнің қуаттылығы жылына 200 тоннаны құрайды. Пенопласт Ресейден сатып әкелінетін полистирол материалынан өндіріледі. Қыс мезгілінде үйді жылы, жаз мегілінде салқын ұстап тұру үшін құрылысқа қолданатын пенопласт өніміне құрылыс компаниялары мен жергілікті тұрғындардың сұранысы жоғары. Шығарылған пенопласт өнімдерін облыс аудандарына, Түркістан, Жезқазған, Шымкент, Ақтөбе облыстарының тұтынушыларына да жіберудеміз. Алдағы уақытта құрылыс материалдарының барлық түрін шығару арқылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді мекеме директоры Нұржан Болатұлы.

«Тірліктің көзін тапқан...» деген сөз тап осы жігітке арнап айтылғандай. Нұрбек Жұмабаев көліктерге арналған аксессуарлық қызмет көрсететін (EVA және 3D поликтер, тонировка, химиялық тазалау, панельге накидка),  тігін цехын ашқан.  Автокөлік жапқыштарын (авточехол)  тігу шеберханасы бірқатар қызметтерді ұсынады. 

– Өзім автокөлікке жақын болғандықтан осы кәсіпті таңдадым. Бұл кәсіпке 2019 жылы келдім. Бастапқыда автокөлік тауарларын жәй сатып жүрдім. Кейін бұл салада табыс көзі жақсы екендігін түсініп, серіктестер тауып, тауарларды өзіміз тіге бастадық. Біз қазірдің өзінде 1000-нан астам көлікті өзгерттік.  Бағаларымыз қолжетімді.  Сондай-ақ банктерден бөліп төлеу қызметі бар.  Автокөлік жапқыштардың жинағы – 65 000 мыңнан басталады, – дейді ол.

Алғашында тек орындықтар қаптайтын болса, бертін келе полик, көліктердің ішкі салонын жаңалап жайнатудың да қыр-сырын меңгерді. Қазір панельге накидка салу сынды қызметтер де көрсетеді. Қаптауға қажетті маталарды Алматыдан және өзіміздің қаладан арнайы тапсырыспен алдырып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, нарық болған соң, бәсекелістік әрқашан жоғары болады. Ең бастысы тұтынушыға сапалы тауарды ұсыну. Өз  ісіне тиянақты шебердің қолынан шыққан көлік бұйымдары көздің жауын алады. Бүгінді жұмыс ауқымды болған соң бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оларға да жалақыны тұрақты төлеп отырғандығын айтты.

Шаһардағы жаңадан ашылған Нан зауытының жұмысы қазір ширақ. Кәсібін дөңгелетіп отырған бұл зауытта күніне 20 000 дана нан пісіріліп, шығарылады.Кәсіп иесі жалпы құны 400 миллион теңгені құрайтын жаңа наубайхананы іске қосу үшін жеке қаражаты есебінен 215 миллион теңге және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында субсидиялау бағыты бойынша «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» арқылы 185 миллион теңге «Халық банкінен» қаржы алған.

«Ақжелең» ЖК-і 2018 жылдан бері нан өнімдерін пісірумен айналысып келеді. Биыл наубайхананың иесі Азамат Мәдениетұлы кәсібін кеңейтіп, 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде зауыттағы нан пісіруге арналған қажетті құрал жабдықтар заман талабына сай» деді «Ақжелең» ЖК-нің өкілі Айдана Қылышбек.

Зауытта наннан өзге кондитерлік өнімдерде шығарылады.«Зауытта тәулігіне 10 тонна нан пісіріледі. Наубайханадағы қызметкерлердің бәрі өз ісін білетін мамандар. Бүгінде екі ауысыммен жұмыс істеуде. Өнімдер күнделікті Қызылорда қаласындағы әлеуметтік дүкендер және келісім шартқа отырған кәсіпкерлерге жеткізіледі. Сондай-ақ, наннан өзге де кондитерлік тағамдар да сатылымға шығарылады» деді зауыт технологы Фарида Саменова.Кезекті кейіпкеріміз Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Қалмағамбет заман талабына сай түрлі-түсті құрт жасап, кәсібін дөңгелетуде. Қазіргі таңда ешқандай химиялық коспасыз таза табиғи түрлі түсті құрттың 6 түрін жасауда.Кәсіпкер қазақтың қасиетті тағамдарынның бірі – құртты заманауи негізде жасауды көптен бері армандап жүретін. Айтуынша, құртты дайындау үшін бірнеше күн уақыты кетеді. Сүтті құртқа айналдыру үшін бірқатар ереже мен тәртіпті сақтау керек. Мәселен, ақ құрт жасауға шикі сүт керек. Ал оның ақ құрт аталу себебі оған тұз көбірек қосылады.

– Жалпы, бұл құрттар барлық қалаларда үлкен сұранысқа ие екен. Шынымды айтсам, жарты жылдай ойдың жетегінде жүрдім. «Қалай болар екен?», «Тұтынушыларға ұнай ма?» деген сауалдар санамды жаулап алды. Дегенмен, ол уайымдардың барлығы артта қалды. Қазір сатылым жақсы. Басқа қалалардан алуға тапсырыстар көп келеді. Осы кәсібіме атау беріп, айтпақшы, құрттарымыз «Qurtella» брендімен шығады, қазіргі таңда күніне 500 кг өндіреміз. Осы кәсіпті 15 мың теңгемен бастағанмын. Сұраныс көбейе түскесін арнайы жабдық сатып алдық. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық тағамдарды таныстырып, олардың ерекшеліктерін, пайдасын жастарға насихаттау, – деген Н.Қалмағамбет арман-мақсатымен де бөлісті.

Жас болса да, үрдісті жаңғыртып, батыл қадамға барып отырған кейіпкеріміздің бастамасы көпті қуантып келеді. Дәмі тіл үйірер дәмнен ауыз тиген тұрғындардан тапсырыс көбейе бастағанда ата кәсіпке деген құштарлығы арта түскен. Бүгінде жас кәсіпкердің алдағы мақсаты осы кәсіпкерлігін кеңейтіп, шикізат сатып алмау үшін сиырларды сатып алуды жоспарлап отыр.Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында ауыл тұрғындары кәсіпке бетбұрып келеді. Мәселен былтыр, бір ғана «Үшінші интернационал» елдімекенінде 20-ға жуық жас мемлекеттік грант арқылы жеке бизнесін бастады. Сол ауылдың тумасы Ясин «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген қазақтың нақылын жадына тоқып өскен азамат. Ол былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, бүгінде қорасын ұсақ малға толтырған. Қой шаруашылығымен отбасын асырап отырған тұрғын енді асыл тұқымды төл санын көбейтпек.

"Жәй тұқымнан бастадық. Құдайға шүкір қазір гесарға дейін алдық. 120 мыңға гесар алдық. Қошқарына. Бір миллион 225 мың алдық. Рақмет көмектесті. Соның арқасы осы қойлар. Жәймен-жәймен енді көбейтеміз" дейді жас кәсіпкер Ясин Мұратов.

Ал жас механик Пазыл былтыр ауылдан көлік жөндеу орталығын ашты. Мемлекеттен бір миллионның үстінде қаржы алып, өзіне қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп алған. Қазір шеберге жүгінетіндер көп. Себебі, көлігі бұзылғандар көрші ауылдан да ағылып жатады.

"Әскерден оралып жұмыс көрдім бүкіл жерде айлық аз. Ал бұндай жұмыста табыс көзі қой мұндайда. Егер жақсы білсең. Ұқыпты істесең. Грантты алдық, бүкіл қондырғыны алдық. Қазір шүкір, күніне екі-үш көлік келеді. Соны жөндеп шығарамыз, дейді жас кәсіпкер Пазыл Ғазизұлы.

Жаңажол ауылыдағы жас кәсіпкер темірден түрлі құрылыс материалдарын шығарып отыр. Шағын цехында шеге, темір тор мен сым тікен өндіреді. Оны шаруалар көбіне егістік аумақты малдан қорғау үшін пайдаланады. Елдімекен шалғай жатса да жан-жақтан тапсырыс берушілер көп.

"Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша шаруашылықтар сым тікен, шеге заттарымызды алып жатыр. Алдағы мақсатымыз осы құрылыс заттарын толығымен қамтып шығаратын үлкен кәсіпорын ашсақ деген ойымыз бар, дейді жас кәсіпкер Ерсін Өтепов. 

Жалпы өткен жылы облыста кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп оның үлесі 22 пайызға артқан. Әсіресе, ауыл аймақта бизнеске бетбұрғандар көбейген. Қазір өңірде 70 мыңға жуық адам өз кәсібінің арқасында күн көріп отыр. Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік мол екені белгілі. Сол себепті де өз шаруасымен айналысып жүрген қоғалыкөлдік жас кәсіпкердің жұмысын насихаттауды жөн көрдік. 

Кәсіптің көзін тапқан Жәнібек Алтынбеков ерекше кәсіпке ден қойған. «Ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашу» жобасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр. Жас кәсіпкер 2017 жылдан бастап мал бордақылаумен айналысып келеді. Ол өзінің ізденімпаздығының арқасында 2021 жылдың қыркүйек айында жас кәсіпкерлерді қолдау, кіші кәсіпкерлікті дамыту және өндірісті арттыру мақсатында жасалған инновациялық жобаға қатысып, онда ұсынған жобасы бірауыздан мақұлданады. «Ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашу» және өз қаражатынан ветеринариялық дәріхана ашу жобасымен өзі білетін салаға ден қойған.

Аталған жоба комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, қолдауға ие болады. Талабы таудай жігіттің жобасына 3 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, өзі 340 мың теңге қосымша қаражат қосып, жұмысқа білек сыбанып кірісіп кетеді.

«Негізінен, менің мамандығым – тіс дәрігері. Інім Әлібек Алтынбековтің мамандығы – мал дәрігері. Бұл жобаға қатыспас бұрын ініміз екеуміз үлкендермен көп ақылдасып, бірігіп жұмыс жасаудың кілтін таптық. Әуелі інім екеуміз есік алдына кәсіпкерлік мақсаттағы екі бөлмелі нысан салдық. Оның ішін қажетті саймандарымен жабдықтап, жан-жануарлар дәріханасын ашуға дайындадық. Ауылда барлығының қорасында дерлік мал бар. Ірілі-ұсақты мал бағумен айналысатын ауыл халқына енді аудан, облыс орталықтарына барып малға қажетті дәрі-дәрмек түрлерін алудың еш қажеті жоқ. Керекті дәрілер біздің ветеринарлық дәріхананың сөрелерінен табылады. Онымен қоса, қазір жоба аясында ультрадыбыстық зерттеу және рентген аппараттары мен қажетті құрал-саймандарымды алып жұмыс жасаудамыз», - дейді жас кәсіпкер.

Кілем тоқу – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер. Оны бұрын қабырғаға іліп, еденге төсеп, үйдің жылуын сақтау үшін пайдаланса, кейін сәндік бұйымға айналды. Ал, жеке кәсіпкер Жандос Шораев бүгінде тафтинг әдісімен кілем тоқумен айналысуда. XVII ғасырдан бері белгілі тафтинг технологиясын зерттеп, ол арнайы станок сатып алды. Ондағы жұмысты игеріп, алғашқы табысқа да қол жеткізді.

Кәсіпкер 2022 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бағдарламасы аясында 2,5 миллион теңге қайтарымсыз грант иегері атанып, жаңа құрылғылар мен керекті материалдар сатып алған. Бүгінде ол жергілікті үш тұрғынды жұмыспен қамтып отырған жайы бар.Кілем тоқу цехы әзірге өз үйнде орналасқан. Цехта екі кілем тоқу станогы және өзге де қажеті құрылғылар бар. Кілем сапалы шығу үшін жібек жіптер пайдаланылады. Алматы қаласынан әкеледі.

«Ағылшынша tuft сөзі «түйін» деп аударылады. Бұл өндіріс технологиясының мәнін көрсетеді. Олар бір жіппен тоқымайды, бірақ түйінделген шоқтармен толтырылады. Осы технологияны меңгергеннен кейін мен алғашқы тапсырыстарды алдым. Мен айына бірнеше кілем жасаймын», – деді Жандос Шораев.

Машинамен тоқылатын  кілемдердің негізі: табиғи жіптермен  бірге синтетикалық жасанды талшықтар,  жүн тәріздес жіптер, химиялық  қабыршық жіптер. Машинамен тоқылатын кілемдердің түгі мынандай түрлерге бөлінеді: тігілген тафтинг, тоқылмалы, трикотаж, тоқыма – тігілмелі, шыбықшалы киіз, флокировты.

Кәсіпкердің айтуынша, болашақта ол өз тәжірибесін кеңейтіп, оны табысты бизнеске айналдырғысы келеді. Алматы қаласына кәсіпкерлік негіздеріне арналған сабақтарына қатысты.

«Механикалық тоқу станогы арқылы шығарылатын тоқыма кілемдер бір түсті немесе әр түрлі түсті болады, құрылымы жағынан көп қабатты матаға ұқсас. Жоғары жылдамдықтағы көп инелі машиналармен тоқылатын кілемдер: түгі тігілмелі тафтинг және негізгі тоқымалы, трикотаж, тоқыма – тігілмелі. Кілем тоқылып бітісімен атқарылатын жұмыстар: түгі қырқылады, тазаланады, ыстық буға ұсталады, шеті әдіптеледі немесе оған шашақ тігіледі, сөйтіп, қосымша өңдеуден өткізіледі», - деп түсіндірді кәсіпкер.

Тапсырыстар жан-жақтан түседі екен. Көбісі жақындарын қуанту мақсатында сыйлық ретінде тапсырыс береді. Кілемнің көлемдері әр-түрлі. Өнім төрт күнде тоқылады, осы уақытқа дейін 2 айдың ішінде Жандос 20-ға жуық кілем тоқыған.

«Соңғы жылдары қолөнер бұйымдарының қадір-қасиетін түсінетіндердің қатары көбеюде. Кілем туралы көпшілік бір-бірінен естігендіктен тапсырыс берушілер аз емес. Сол себепті, сапаға аса мән береміз. Жібекке синтетиканы араластырып, кілемнің жылтырауын, суреттің дәл келуін қадағалаймыз. Жібек пен синтетиканы араластырмаса да болмайды. Екеуі үйлесім тапса, кілем жылтырып, көздің жауын алатындай болады. Бізге көбінесе балалары ата-аналарына тосынсый жасағысы келеді. Сонымен қатар, көбінесе халық қалаулыларына, сыйлы азаматтарға, атақты ақын-жазушыларға арналып портреттік кілемдер тоқылады», – дейді кәсіпкер.

«Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Кушжанова түрлі өсімдіктің қоспасынан сабын дайындайды. Кәсіпкердің өнімі көп сабынға ұқсамайды. Ол түйе, ешкі сүті, жантақ қосылған емдік қасиеті бар сабын шығаруда. Бұл сабын түрлі тері ауруларына және терінің құрғауына қарсы емдік қасиеті бар екен. Арсенаның емдік әрі хош иісті сабыны «Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік көрме-байқауында-ақ сұранысқа ие болды.

Арсена Көшжанова бұрын сабынды өзіне және таныстарына дайындайтын, содан кейін хоббиді бизнеске айналдыруды шешті. Мемлекеттік қолдау аясында қолдан жасалған сабын шығаратын цех ашты.

- Кәсіпті бастағаныма 6 айдай уақыт болды. Мүмкіндігінше өзімізде бар нәрселерден пайдалы дүние жасағым келді. Сабын түйе, ешкі сүті қосылып жасалады. Сонымен қатар жантақты да пайдаландық. Қазақстанның басқа өңірлеріне де жіберсек, менікі органика болып есептелгеннен кейін, ауылдан өзіміз шөпті теріп, қайнатып, істегеннен кейін, органика магазиндеріне қойылып, ұсынылса деген ойым бар. Бізде тек ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнімдерді өндіру үшін айтарлықтай әлеует бар, – деп бөлісті кәсіпкер.

Арсена қазіргі таңда сабынның 11 түрін шығарып отыр. Соның ішінде 3 сабын емдік қасиетке ие. Айтуынша, сабынның құрамында хош иістер, бояғыштар мен консерванттар жоқ, тек табиғи ингредиенттер. Судың орнына ешкі мен түйе сүтін қосады, сонымен қатар түйе тікенегі қосылған шөп сабынының рецептін ойлап тапқан.

Айта кеткен жөн, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында бірқатар негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасқанын атап өтті.Өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 пайызға (36,2 миллиард теңге), инвестициялар тарту  23,1 пайызға (162,0 миллиард теңге), құрылыс жұмыстары көлемі 54,9 пайызға (53,7 миллиард теңге), көлік және қоймалау көлемі 5,9 пайызға (139,5 миллиард теңге), пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,1 пайызға (318,7 мың шаршы метр) және сауда көлемі 3,2 пайызға (325,3 миллиард теңге) артқан.Облыс әкімі есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,4 пайызға, оның ішінде химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 31,5 пайызға, тамақ өнеркәсібінде 11,1 пайызға, металлургия өнеркәсібінде 7,4 пайызға және жеңіл өнеркәсіпте 5,3 пайызға төмендегенін айтты. Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттыру үшін өңірде Индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 6,4 миллиард теңге болатын 4 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 

2023 жылдың 1 шілдесіне облыс бюджетінің шығындар жоспары 99,8 пайызға орындалды, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер 99,0 пайызға игерілген.Облыс бойынша инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің тозу деңгейі 33 пайыздан 68 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды. 2023 жылға табиғи монополиялар субъектілерінің желілерді жаңғыртуға арналған инвестициясының көлемі 10,2 млрд.теңге. Оның ішінде: бюджет қаржысы – 8,9 миллиард теңге, несие қаржысы – 878 миллион теңге, кәсіпорындардың өз қаражаты – 448 миллион теңге. Бұл қаржыға атқарылатын жұмыстар нәтижесінде инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің тозу деңгейі 3 пайызға дейін төмендемек.Мемлекет басшысы мен Үкіметтің алға қойған міндеттерін орындау аясында облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» іске асырылуда. Бүгінде 24 мың 364 азамат жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық меженің  55,5 пайызын құрады.

«Жастардың кәсіпкерлік бастамасын» қолдау шеңберінде комиссия 252 адамға 1 млрд. 153 млн. теңгенің несие портфелін мақұлдады. Берілген несиелердің 61 пайызы (154) мал шаруашылығына, 36 пайызы (91) қызмет көрсету саласына, 3 пайызы (7) өндіріс ашуға бағытталды.Облыс әкімі жастардың кәсіпкерлік бастамаларына берілетін жеңілдетілген несие кеңінен қолдау тауып, сұраныс көлемі артқанын айтты. Қазірдің өзінде  257 орынға 313 адам сұраныс білдірген. Қаржының толық игерілуіне байланысты құжат қабылдау уақытша тоқтатылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тағы да 200 адамға 1 миллиард теңгеге қосымша бюджеттік өтінім жолданды.