19 жастағы жігіт сүйіктісін көлікте ұрып өлтірген

1 707

Фото: видеодан скриншотТүркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылында ер адам сүйіктісін өлтіріп, денесін көлікжайда алты сағат сақтады деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.


Toyota Land Cruiser Prado көлігінің салонында 19 жастағы жігіт сүйіктісін ұрып-соққан. Қыз соққылардан көз жұмған. Алайда қылмыстың нақты себебі хабарланған жоқ. 


Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, қыз бен жігіт бір жылға жуық уақыт кездесіп жүрген. Тіпті той күнін белгілеп қойған екен. Жігіт қызды күнделікті жұмысынан алып қайтып, үйіне жеткізіп жүрген. Ол 30 маусым күні кешкі сағат 18:30-да қызды жұмысынан алып, бірден өз үйіндегі көлікжайға кірген. Одан кейін не болғаны белгісіз.


Сарапшылардың мәліметінше, қыз 20:30-да қайтыс болған.


Жігіт үйіне жеткен соң туыстарымен ақылдасып, қызды газға уланып көз жұмды деп хабарлаған. Сосын денені көлікке салып, ауызына газ жіберіп, желдеткішті қосқан. Сосын түнгі 00:30-да жедел жәрдем шақырып, полицияға хабар берген. 


Ата-ана қызын іздеп, жігіттің туыстарына бірнеше рет хабарласқан. Алайда олар ұлын үйде ұйықтап жатқанын, қыздың қайда екенін білмейтінін айтқан. Көшеде белгісіз адам қыздың қайда екенін біліп, ата-анасына хабар берген. Таңға дейін қыздың туыстары оны газға уланып өлді деп ойлаған.



“Біздің ойымызша ол қызымызды зорламақ болған. Өйткені оның денесінде зорлық белгілері бар, денесі көгерген және мұрны сынған”, – дейді марқұмның туыстары.


Ал жігіт пен оның жақындарының айтуынша, қыз газға уланып жан тапсырды. Балаларын кінәсіз деп отыр. 


Түркістан облысы полиция департаментіне хабарласып, аталған оқиғаның мән-жайын білдік. Полиция департаментінің мәліметінше, қыздың денесін алты сағат көлікжайда сақтады деген ақпарат жалған. 



“Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажет сараптама тағайындалды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр”, – делінген хабарламада.