Жаңақорғанда қайтарымсыз грант жұмысы жүйелі
Бүгінде қолында қос-қос дипломы бар азаматтар да, маман да, қарапайым халық та «жұмыс жоқ» деп қарап отырмай, екі қолға бір күрек табудың амалын күйттейді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Күнкөріс мәселесі қиындай түскен қымбатшылық заманда қол қусырып қарап отырған құрдымға кетері анық. Осы тұста қандай да бір қарекетке көшіп, кәсіпкерлерді қолдау аясында мемлекеттен бөлінген қайтарымсыз грантқа қол жеткізу – жұмыссыздықтан құтылудың бірден-бір жолы. Кәсіп ашып, кәдеге жұмсар ниетіңіз болса, биылғы 1 476 800 теңгені кімдер алатынын, қай бағытқа басымдық берілетінін біле жүріңіз.
Жеке кәсіп бастап біреуді екеу қылуға әрекеттенудің де артықшылықтары бар. Аудан әлеуетін көтеруді айтпағанда, жеке басыңыздың тәуелсіздігі мен мардымды табыс көзін табудың пайдасы орасан. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен қайтарымсыз несиелер де қарастырылған. Сәйкесінше, күнделікті табыс көзін табуды көздеп жүргендердің қатары да көбеюде. Дегенмен, қайтарымсыз грант алу үшін бірқатар шарттарды жетік білуіміз керек.
Бизнес-идеяңызды жүзеге асыру мақсатында қайтарымсыз несиеге қол жеткізу үшін, біріншіден, жұмыс¬сыз және соңғы үш жылдан аспаған мерзімде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуыңыз шарт. Өтініш берушілер көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, "қандас" мәртебесі бар адамдар, аз қамтылған отбасы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, мүгедекті тәрбиелеуші санатындағы тұлғалардан болуы тиіс. Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификатының үш жылдан аспаған мерзімде болуы да негізгі шарттардың бірі.
Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға бағытталған өтеусіз негіздегі несиенің биылғы жылға жоспарланған жалпы сомасы 400 айлық есептік көрсеткіш негізінде 1 476 800 теңгені құрайды. Оны қатысушылардың 1 рет қана жеңіп алу мүмкіндігі бар. Бизнеске бағытталған идеяңыздың көптің қолдауына ие болғанын қаласаңыз, бизнес жоспарыңыздың тиянақтылығына мән беріп, қандай бағыттарға басымдық берілетінін назарда ұстағаныңыз абзал.
Жалпы, ауданымыз бойынша 2023 жылғы қайтарымсыз несиеден үміт еткендердің елу пайыздан жоғарысы мал шаруашылығы және мал бордақылау кәсібін негізге алып, осы салаға байланысты жеке бизнес жоспарларын ұсынған. Десек те, бұл саланы басты бағытқа алғандардың қатарында қайтарымсыз несиені жеңіп алғандар жоқтың қасы. Бұл кәсібіңіз мақсатты өнім өндіруге мүдделі болуымен маңызды екенін көрсетеді.
Аудан бойынша бизнеске бағытталған биылғы қайтарымсыз несиеге өтініш қабылдау мен оны арнайы комиссия алдында қорғап шығу жұмыстары сәуір мен тамыз айларына жоспарланған. Осы уақыт аралығында үміткерлерді қабылдау екі рет өтеді. Ауданымыздан 160 адам грант иегері бола алады.
Мақсат – грант иегері атанудан бұрын, сол алған қаражатқа лайықты кәсіп бастап, өзін де өзгені де іске баулып, тұрақты жұмыс көзін ашу. Жеке кәсіпкерліктің ілгерілеуіне талап қылудың маңыздылығын естен шығармаған жөн.
Мемлекет тарапынан ұсынылған қайтарымсыз несиенің қайтымы – кәсіпкер тарапынан жүріп тұрған жүйелі жұмыс, сұранысқа ие өнім болуы шарт. Жұмысыңыздың берекетін арттыруға бағытталған ақшаны мақсатсыз жұмсаудың машақаты да жоқ емес. Өткен жылдары грант иеленгендер арасында шағын тігін шеберханасын ашып, жұмыс жүргіземін деп уәде еткен азаматтар тексеріп барған комиссияға бөтен біреудің жабдығын жалға алып көрсетіп, жалған есеп берген жағдайлар кездесті. Сөйтіп, алған қаржыны қайта орнына құюға тура келген. Тағы бір айтарымыз, асығыңыз алшысынан түсіп, жүздің арасында наныңыз жүріп, жеңіп алған грантыңызға уақытылы іс бастау да маңызға ие.
Мемлекет басшысының қолдауымен 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қабылданды. Жоба аясында 2023 жылдан бастап жастарға жеңілдетілген микрокредит беріле бастады. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Микрокредит кәсіппен айналысқысы келетін 21 мен 35 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі. Жеңілдетілген несиенің жылдық өсімі 2,5 пайыз. Алуға болатын қаржының ең жоғарғы сомасы 5 миллион теңге. Несиені 5 жыл ішінде қайтару керек, ал мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер 7 жыл ішінде қайтарса болады. Несиені кез-келген адам ала алмайды. Ол үшін арнайы бизнес-жоспар жасап, ол комиссия мүшелерінен қолдау табу керек.
– Несиеге кәсіп ашқысы келген 21-35 жас аралығындағы жас үміткер бола алады. Тіпті тұрақты жұмысы бар жастар да қосымша кәсіп ашу мақсатында несиені алуға құжат тапсырса болады. Бастысы, бизнес жоспары қолдау тапса болғаны. Микронесие кәсіптің кез-келген түріне беріледі. Белгілі бір шектеу жоқ. Бірақ кепіл болуы міндетті, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаев.
Марлен Бақытұлының айтуынша, өткен жылы аудан бойынша 63 жас аталмыш несиені алып, бүгінде кәсіптерін жүргізіп жатыр. Олардың басым бөлігі қызмет көрсету мен мал шаруашылығы саласында кәсіп жасауда. Мәселен, кент тұрғыны Ару¬жан Әлібекова сұлулық салонын ашу мақсатында қажетті жабдықтарды алуға 5 миллион теңге несие алса, қожакенттік Нұрлыбек Садықбекұлы тігін цехын ашу үшін 4 млн. 820 мың теңге қаржы алған. Ал Ілесбай Азаматұлы IT орталық ашу үшін 2 млн. 445 мың теңге, Бағдат Хайбулла Темір жонатын цех ашу үшін 5 миллион теңге несие алып жұмыс жасауда.
Жоғарыда атап өткен азаматтар мемлекеттен қолдау тауып, аталмыш несие төңірегінде кәсібнен нәсібін терген жандар. Ал, кент тұрғындары Жасұлан Қайыпов пен Әлихан Сәрсеновтер болса биылғы жылы осы несиені алып кәсібін дөңгелетсек деген неиетте.
– Мен көлік жөндеумен айналысамын. Қызметіме сұраныс көп. Кейде есіктің алдына көліктер сыймай кетеді. Әзірге ескі гаражды пайдаланып отырмын. Іші тар, көлікке бояу шашқанда тіптен ыңғайсыз. Оның үстіне аядай жерде бояудың иісінен ауа тарылып, діңкең құриды. Осы кәсібімді әрі қарай дамыту үшін үлкен гараж салу мақсатында жеңілдетілген несие алсам деген ниетім бар, – дейді Жасұлан Қайыпов.
– Мен тұрмыстық техника, оның ішінде шаңсорғыштан бастап күнделікті өмірде пайдаланатын аса қажетті құралдардың барлығын жөндеймін. Бірақ сол заттардың қосалқы бөлшектері ауылдан табылмайды. Түркістаннан, Шымкенттен алдырамын. Оны көріп алмаған соң кейде сәйкес келмей жатады. Оның үстіне әкелу ақысы бар, жұмысымның төлемі тұрғындарға қымбатқа түсіп кетеді. Сол себептен осындай техникалардың қосалқы бөл¬шектерін сататын дүкен ашып, соның жанында жөндеу жұмыстарын жүргізсем деген ниетім бар. Осы бизнес-жоспарды несие алуға ұсынып көремін, – дейді Әлихан Сәрсенов.
Несиені рәсімдеуге 21 ден 35 жасқа дейінгі кәсібінен нәсіп тергісі келген кез-келген қазақстандық қатыса алатынын түсіндік. Енді жастарды қолдауға арналған шағын несиені алу жолдарын саралап көрейік.
Несие қай банктен және қандай жобаларға беріледі?
Несиені алғысы келген адам кез-келген бизнес түрін аша алады. Бастысы, бизнес-жоспары сұранысқа ие болса болғаны. Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Бизнес жоспарды қарайтын арнайы өңірлік комиссия құрылады. Ескеретіні, бизнес жоба өзінің өзектілігімен, аргументтілігімен, экономикалық және қоғамдық маңыздылығымен, бұрын атқарылған жұмыстардың болуымен және бизнес-жоспардың өміршеңдігімен бағаланады.
Несиенің шарты қандай? Бағдарламаға тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған және кәсібін енді ашатын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат барысында тексеріледі. Несиенің ең жоғарғы сомасы 5 миллион теңге. Оны алу үшін кепіл қою міндетті. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына 7 жыл. Ал, өзге кәсіп түрлеріне 5 жыл.
Үміткер құжатты қайда өткізеді? Үміткер құжатты қабылдау науқаны басталған соң Қызылорда қаласындағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалына өткізеді. Аталмыш мекеме құжатты өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде тексереді. Егер құжаттар микрокредиттеу шартына сай келмесе, иесіне себебін түсіндіріп қайтарады. Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күн ішінде бизнес-жоспарға бағалау жүргізіледі. Жобаны бағалағаннан кейін нәтижесін 3 жұмыс күн ішінде конкурс комиссиясына ұсыну үшін жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы мекемеге жібереді. Комиссия шешімімен үздік деп табылған жобаның кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5 жұмыс күн ішінде үміткердің шотына соманы аударады.
Несиені алу үшін қандай құжат жинау керек?
Микрокредитті алуға өтініш, жеке басты куәландыратын құжат, кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға келісім беруге, субъектінің мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттердің орындалғаны не орындалмағаны жай¬лы мәліметтерді беруге келісімі және бизнес-жоспар қажет. Қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі. Агенттің ішкі құжаттарына сәйкес рәсімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушінің келісімі, қызмет көрсететін банктен алынған шот, несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер бар болса). Қарыз алушының жалақысы мен өзге де кірістерін растайтын анықтама, бағалау туралы есеп және кепіл берушімен кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттарды жинау керек.
Айта кетейік, несиені алу үшін кепіл қойылуы міндетті. Үміткерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа қосымша ретінде меншіктегі жер немесе жылы жаңа арнаулы техника қабылданады. Сондай-ақ кәсіпкерге жеңілдік ретінде 6 айдан 1,5 жылға дейінгі каникул беріледі. Ол үшін микрокредит алған азамат агент атына өтініш жазуы керек. 2,5% мөлшерлеме жеңілдікті кезеңге есептеліп, оны өтеу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін. Сонымен қоса несие алушының кредитті қайда жұмсағаны жасалған келісімшартқа сәйкес тексеріледі. Несие алушы өзіне жүктелген міндетті орындамаса ҚР заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
Иә, кәсіптен нәсіп көріп, “екі қолға бір күрек” іздеген жастарға аталмыш бағдарламаның берері көп-ақ. Десе де, несиені жоспарсыз алуға тағы болмайды. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей қаржыны мақсатсыз жұмсасаңыз сұрауы ауыр. Сондықтан әр істі бастамас бұрын жеті рет өлшеп, бір кескен абзал.
Грант иегері атанғаннан кейін межеленген уақытта жеңімпаз тарапынан жауап берілмесе, автоматты түрде күшін жоятынын да айта кетуді жөн санадық.
Кәсіп ашамын деп жеке жұмысыңызды жүргізуді көздесеңіз, оны дамытудың да бірқатар жолдары бар екені белгілі. Бастысы, бұрынғы қателіктерден сабақ алып, бизнес идеяңызды дұрыс жоспарласаңыз болғаны. 2023 жылдың өзінде ауданымыздың 161 тұрғыны грант иегері атанды. Қайтарымсыз несиеден құр қалмай, жеке жұмысыңызды ашып, бренд қалыптастырам десеңіз, жол көрсетер жеке кәсіпкерлер де аз емес. Сөз басында айтқанымыздай, өндіріс орындары көбейсе жұмыс іздеушілердің де арқасынан жүк түскендей болары анық.
Қайтарымсыз қаржыны алуға ниетті адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Осы ретте, айта кететіні грантқа қолжеткізу үшін адам жағалап, алаяқтардың құрбаны болуы да мүмкін ғой! Бұл жөнінде жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әбілхайыр Бегманов:
– Халық арасында түрлі жағдай болады. Қарапайым тұрғындар тікелей біздің орталыққа келіп жөн сұраудың орнына араға адам салып жатады. Осы тұста көпшілікке түсіндіре кетейін, бұл қайтарымсыз гранттың мүмкіндігі жоғары. Кез келген адам келіп, бізден ақыл-кеңес сұраса болады. Біз жөн сөрсетіп, кеңес беруге әрдайым дайынбыз, – деп жауап берді.
Иә, бұл аудандық кәсіпкерлер палатасының жергілікті билікпен бірлесе отырып атқарған шаруасы. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырып, өңірдегі көшбасшылық көрсеткішті сақтап қалады деген сенім мол. Ең бастысы – халықты жұмыспен қамту мәселесін кәсіпкерлікті дамыту, оқыту және басқа да белсенді шаралар арқылы шешуге ықпал ете отырып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды пайдалы еңбекпен барлық мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қамтамасыз етуге ілкімді істерді жалғастырса игі.
Міне, осылай жауапты мамандар нақты талап пен межені түсіндірді. Мемлекет енді кәсібін бастауға ынталы азаматтарға көмек беруге әзір. Тек оны мақсатты пайдалана алсақ болғаны...