Қызылордада кейбір көшелер жарық пен жолдан құр қалуда

708
Қызылорда қаласындағы СПМК-70 мөлтек ауданындағы Орал көшесі жарық пен асфальттан құр қалып, тұрғындар наразылығын білдіруде, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
 
 


Қаламыздағы жаңа мөлтек аудандардың бірі СПМК-70 шағын мөлтек ауданындағы Орал көшесінде жарық пен жол басты мәселеге айналып отыр. Тұрғындардың айтуынша, көше атауы беріліп, мөлтек аудан қалыптасқалы бері жол да жарық та жоқ. Көше бойында бағандар орнатылса да электр сымдары жүргізілмегендігін атап өтті.
 
 
Спмк-70, Орал көшесінде жол ешқашан болған емес. Тек осы көше ғана емес бірнеше көшелердің де жолы жөндеу көрмеген. Жаңбыр күндері батпаққа батады. Кешқұрым жарық қосылмайды. Шамдар тек сән үшін қойылғаны ма? Иттер де көп, балаларымыз жарық болмағаннан кейін үйлеріне қайтуға қорқады. Неге осы көшені жыл сайын қалдырып кете береді? Жолды салып, жарықты кешкісін жағып қойса, -дейді көше тұрғыны Мөлдір.
 
Кеш батысымен қараңғылық құшағына еркін енетін қызылордалықтар үшін бұл жайт бас ауыртар басты мәселенің бірі. Жылу, көгілдір отын, жолдан да маңызды саналатын түнгі жарықтың жоқтығы жанына батқан жұртшылықтың көкейіне көмілген түйін. Ауыл-аймақ, арық жолдарын қойғанда, өңірдің бас мәселенің шешімін таппауына не кедергі?
 



Бұл туралы «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі мамандарының айтуынша,
 
СПМК-70 ауданында орналасқан Орал көшесі орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етілетін көшелер тізіміне енгізілді. Алдағы уақытта жоба – сметалық кұжаттары әзірленіп бюджеттік өтінім жолданылатын болады. Қажетті қаражат көзі қарастырылғаннан кейін кезең - кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылатын болады, -дейді ресми жауапта.


Бақылау барысында жарық бағандары орнатылмаған орындар көптігін де байқадық. Бұл бір ғана әкім мен жауапты орындар шешетін мәселе емес. Кейде уақытпен ғана санасатын ­жауапсыз мердігерлердің ісіне де бақылау қажеттігі ойға оралады. Жұмыс сапасы мен келіссөздердің нәтижелілігі барша үшін маңызды.