Шибандар әулеті туралы кітап

2 505

Фото: ашық дерек көзіЕлордада Жошы ұлысының 800 жылдығына орай «Қазақ хандығы тарихындағы Шибандар әулеті» халықаралық зерттеу тобының ұжымдық монографиясының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған кітапты шығармас бұрын қалай зерттелгеніне тоқталды.

«Кітапты дайындаған кезде орыс, татар, өзбек, тәжік және мемлекет институтының бірнеше ғалымы атсалысты. Тілді жетік меңгерген ғалымдар болды. Олар парсы, араб тілдерін жетік білді. Архивтермен де көп жұмыс істедік. Әбілқайыр хан – тікелей Қазақ хандығын құруға қатысы бар. Өзбек тарихшылары Шибандарды мойындағысы келмейді. Олар көбіне Әмір-Темірдің тарихын айтамыз дейді. Мен өзбек ғалымдарына «өзбек этнонимін алып барған Шибандар еді ғой» деп талай айттым. Ол кезде өзбек ұлт емес еді. Жалпы, қазақ пен өзбек сөзінің этимологиясы бір, екеуі де еркін көшпенді деген мағынаны білдіреді», – деді тарихшы.

Тарихшы Б.Аяғанның айтуынша, кітаптың басты жаңалығы – Қазақ хандығының негізін қалаған Ұрыс ханның балалары туралы дерек берілгені.

«Әбілқайырдың туған жері – қазіргі Атырау, хан болып көтерілген жері – Тобыл, ал қоныс тепкен жері – Сығанақ. Тек Әбілқайырдың балаларын кезінде көшпелі өзбектер деп атап кеткен, олар – Мұхаммед пен Махмұд. Екеуі Самарқандқа кетеді де, Шибан әулетінен өзбек мемлекетін құра бастайды. Ал Сыр бойында қалған Ұрыс ханнның балалары Қазақ хандығының негізін қалайды», –  дейді профессор.