Димаш Құдайберген әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде өнер көрсетті
«Астана Опера» театрында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің делегаттары мен қатысушыларына арналған концерт өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің ресми өкілі Назым Жанғазинованың айтуынша, бір сахнада есімі әлемге әйгілі өнер майталмандары жиналды.
Олардың арасында Димаш Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жалтыргөзов, Бибігүл Жанұзақ, Нұрболат Арзамас, Жәмилә Жарқымбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Жақсыкелді Маясаров, П.И.Чайковский халықаралық байқауының лауреаты Ақбике Алғи бар. Сондай-ақ шараға «Астана Опера» театрының хоры, балет труппасы мен симфониялық оркестрі, домбырашылар ансамблі, Мемлекеттік республикалық академиялық корей театрының би тобы, «Астана Опера» балалар хоры, «Астана балет» театры, «Астана сазы» ансамблі және басқа да бірқатар би ұжымдары қатысты.
Димаш Құдайберген көрерменге жаңа синглін ұсынды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, «The story of one sky» («Бір аспанның хикаясы») әні адамдарды татулыққа үндейді. Әнші нәсілге, ұлтқа, дінге бөлінген халықтың бәрі бір планетаның перзенті және бір аспан астында өмір сүріп жатқанын айтады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі осы уақытта елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр.