Өзге сөзден өлеңге ұста ақын Бұдабай Қабылұлының туғанына 180 жыл

322
Ақын-жазушыларын «сүлей», «шайыр» деп дәріптейтін жыр елі – Сыр елі Шиелі бұл күндері тағы бір арқалы азаматын әспеттеу үстінде,-деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

 Ақын Бұдабай Қабылұлының туғанына 180 жыл толуы атап өтілуде. Соңғы жылдары Шиелі ауданында жақсы дәстүр қалыптасты. Оны орнықтырған аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған басшылық, игі істі ықыласпен қостаушы – халық. Ел өміріне қатысты айтулы оқиғалар, әйгілі азаматтардың мерейтойлары жұртың абат, тойларың қабат болсын дегендей, берекелі «Алтын күз» тойының шырайын келтірер жоталы шара ретінде бірге өткізіліп келеді.


Ақын-жазушыларын «сүлей», «шайыр» деп дәріптейтін жыр елі – Сыр елі Шиелі бұл күндері тағы бір арқалы азаматын әспеттеу үстінде. Ақын Бұдабай Қабылұлының туғанына 170 жыл толуы атап өтілуде. Соңғы жылдары Шиелі ауданында жақсы дәстүр қалыптасты. Оны орнықтырған аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған басшылық, игі істі ықыласпен қостаушы – халық. Ел өміріне қатысты айтулы оқиғалар, әйгілі азаматтардың мерейтойлары жұртың абат, тойларың қабат болсын дегендей, берекелі «Алтын күз» тойының шырайын келтірер жоталы шара ретінде бірге өткізіліп келеді. Бұған дейінгі жылдары «Ардақтаған азаматын, Шиелі, неткен ғажап атың!» деген атаумен түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі күрішші Ыбырай Жақаевтың, халық ақыны, сазгер Нартай Бекежановтың 120 жылдығы, академик ғалым-жазушы Мұхаметжан Қаратаевтың 100 жылдығы, Социалистік Еңбек Ері, күрішші-диқан Шырынкүл Қазанбаеваның 90 жасқа толу мерейтойлары «Алтын күз» мерекесінде тойланды. Бұл «Алтын күздің» аясын кеңейтті, қайта-қайта шашылмауға үйретті, әсіресе алыстан келетін тойшы қауым ағайынға тіпті қолайлы еді. Сонымен, биылғы жыл – Шиеліде ел бірлігін жырлаған Бұдабай ақын жылы.
Заманында, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Бұдабайдың ақындық даңқы қа­зақ даласында Сыр бойына ғана емес, Жетісу, Арқаға, көрші ел Ташкент, Бұхара, Хорезмге дейін жайылды. Оның әйгілі толғауы «Әйе­кені жоқтау» көзі тірісінде екі рет баспа жүзін көрді. Оның үзіндісін фольклор жинаушы Я. Лютшь 1883 жылы Ташкент қаласында бас­тырған «Киргизская хрестоматия» («Қыр­ғыз (қазақ) хрестоматиясы») жинағына алғаш рет енгізсе, халқымыздың ауыз әдебиетін тағы бір құнт­таушы башқұрт Ә.Диваев 1904 жылы «Сырдария облысының есеп материалдары жинағы­ның» ХІ томында толық нұсқа­сын жариялады.
Бұдабайдың ақындық мұрасы қазақ оқы­мыс­тыларының ішінде алғаш Ахмет Байтұр­сынұлының назарына ілікті. Қазақтың рухани көсемі Ахаң 1925 жылы Мәскеуде Кеңес Одағы елдерінің кіндік баспасынан халқы­мыз­дың төрт жүз жылын қамтыған «Жиырма үш жоқтау» жинағын шығарғанда, осы жи­нақ­қа енген Қазыбек би, Абылай хан сияқты қа­зақтың әйгілі ұлдарын жоқтаған сол жиырма үш таңдаулы әдеби туындының бірі Бұда­байдың «Әйекені жоқтауы» еді. Ахаңның ке­ле­сі 1926 жылы Мәскеуде басылып шыққан теңдесі жоқ ғылыми еңбегі – «Әдебиет таныт­қыш» кітабында қазақ әдебиетінің түр-тұлға­сын, көркемдік әдістерін саралап, тал­даған кезде мысалға келтірген талай туынды – «Қо­быланды батыр», «Ер Тарғын» дастандарынан үзінділер, Асан қайғы, Абай, Наурызбай би, Нысанбай жырау, Орынбай, Алтыбас Ақмолда, Ыбырай Алтынсарин, Шортанбай, Байтоқ, Мұрат, Жарылғап, Әбу­бәкір, Досжан, Шернияз, Мағжан, т.б. біраз ақын­дар өлеңде­рінің қатарында Бұдабай шығар­малары да бар еді.
Бірақ бұдан кейін ХХ ғасырдың елуінші жылдарының аяғына дейін қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілер еңбектерінде отыз жылдай Бұдабай Қабылұлы тізім арасында аталып кете­тіні болмаса, оның шығармашылығы туралы арнайы тоқталып айтыла бермейді, туын­дылары жинақтарға енбей келді. Соның салдары – қазақ энциклопедияларынан Бұда­бай Қа­был­ұлы туралы дерек таба қоймайсыз. Сондық­тан, Бұда­байды бұрын естіп-біле қоймаған кейінгі ұрпақ оны ауыл-үйдің арасында ұйқас құрастырып жүрген бұрынғы қазақтың көп өлеңшісінің бірі екен деп қалуы да мүмкін.
Бұдабайды ХІX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әде­биетінің көрнекті өкілдерінің бірі деп баға­лап, оның шығармашылығы туралы сөз қозғап, қайтадан ғылыми айналымға түсірген фольклор зерттеуші ғалым, қазақ әдебиеті ғылы­мы­ның көрнекті абызы ардақты Әукең – Әуелбек Қоңыратбаев болды. Бұл 1959 жыл, «Жұлдыз» журналының алтыншы санына басылған «Сыр шайырлары» деген мақала­сын­да бірсыпыра сү­лейдің қатарында Бұдаб­а­­й­ ақын шығармашы­лығына да тоқталып өтеді. Әуелбектің өзі Шиелінің тумасы, бала күні­нен құлағында күмбірлеген Бұдабай шайыр­дың жырлары Ә. Қоңыратбаевтың ғана емес, оның шәкіртте­рінің, ізбасарларының да ғы­лы­ми зерттеу нысанасына айналды. Ә.Қо­ңы­ратбаев министрлік мақұлдаған жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген оқулық ең­бегінде Бұдай­байдың өмірі мен шығармашы­лығын кең талдады. Қызылорда педагогика институтының аға оқытушысы Қуандық Әб­діразақұлы 2009 жылы ғылым кандидаты атағына Бұдабай Қа­былұлының әдеби мұрасы туралы диссертация қорғады. Осындай зерттеу жұмыстарын басқа да зерттеушілер жалғас­тырды. Олардың қатарында белгілі әдебиетші-ғалымдар М.Мағауин, Б.Адамбаев, Х.Сү­йін­шәлиев, М.Байділдаев және басқалары бар.
Дегенмен, Бұдабай шығармаларының кең тарай қоймауының ең үлкен себебі – ауызша да, жазбаша да жазып шығарған оның мол мұрасының сақталып қалғаны шамалы ғана болғандығында еді. Қазір қолға тигені оның ел аузынан жиналған, шығармашылығын жоғары бағалаған жандар кезінде жазып алып өзде­рін­де сақтап жүрген, сондай-ақ кейбір әдеби мұра жа­нашырлары әр кезде Ұлттық ғылым ака­де­миясының Әдебиет және өнер институтына, ғылыми кітапханасына өткізген азын-аулақ қол­жазбалар. «Әйекені жоқтау», басқа да өлең­дері және ақынның өміріне қатысты тартымды әңгімелер 1980–1990 жылдары «Бес ғасыр жыр­­лайды», «Бозда­ғым», «Айтыс», «Ел аузынан», «Әй, заман-ай, за­ман-ай», 2004 жылы «Же­­ті ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілді.
Бұдабайдың шығармалары жеке жинақ болып 1994 жылы ғана басылып шықты. Бұл талай жыл Бұдабай мұрасын ел ішінен жинап, игілікке айналдырған Шиелі ауданының тұр­ғыны, әдебиет сүйген азамат, бүгінде марқұм Нұрмахан Қасымовтың еңбегі еді, жинаққа енген шығармалардың түрлі нұсқаларын салыстырып, жүйеге түсірген, алғысөзін жазған тарихшы ғалым марқұм Мәдіахмет Аяпұлы мен фольклоршы ғалым Мұхамедрахым Жар­мұхамедұлы. Бұл бұдабайтануға қосыл­ған өлшеусіз үлес болды.
Бұдабай 1842 жылы қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданында Сырдарияның сол жағалауында Керделі деген жерде дүниеге келген. Бұл қазіргі «Қарғалы» ауылының маңы. Зираты сол төңіректегі «Әулие тораң­ғыл» деген жерде. Биылғы жылдың шілде айында журналист-жазушы Қызылорда об­лыс­тық «Сыр бо­йы» газетінің тілшісі Нұрмақан Елтай екеумізді «Қарғалы» ауылының тұр­ғын­дары Нұрбапа (Нұрпан) Оралбайұлы мен оның күйеу баласы Үсен Дүйсенбаев Бұда­байдың зиратына алып барып көрсетті. Өзінің де өлеңге әуестігі бар Нұрпан аға жол-жө­некей әңгіме үстінде кезінде Бұдабайдың қолда бар өлеңдерін Бұдабай жинағын құрас­тырған Нұрмахан Қасымовқа бергенін айтты. Қорым «Қарғалыдан» «Таштоп» деген жерге қарай жүргенде он шақы­рымдай жерде екен. Зират жолдың жиегінде, зәулім өскен тораң­ғыл ағаштың түбінде. Көлеңкесі қою, биік жабайы ағаш киелі ақын зиратының басында өсіп тұрғандықтан «Әулие тораңғыл» атан­ған­дай. Басына туыстары жазып қойған мәрмәр көктас болмаса, Бұдабайдың жерлен­геніне жүз жыл өткен, қазір теп-тегіс бұл жерді зират деп ойлай қоймайсың. Айнала қалың өскен жиде, жыңғыл, шеңгел, қамыс, тоғай, жал-жал бұйрат құмдар. Дария қашық емес. Келешекте зират басына келісті кесене орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді
Бұдабайдың туған жылы 1830, 1842, 1848, ал өлген жылы 1890, 1911, 1912 жыл деп, түрлі деректерде әркелкі көрсетіліп келеді. Інісі Орда­лының баласы Қанжардың айтуынша, Бұдабай­дың туған жылы 1842, қайтқан уақыты 1912 жыл. Мұны бекерлейтін хатқа түскен басқа дерек болмаған соң, сан саққа жүгіртпей осыны ұстан­ған жөн. Сонда биыл ақынның туғанына – 180 жыл, дүниеден озға­нына – 110 жыл.
Сүлейлер бір-бірінен үйреніп, үлгі алып, алдыңғы шайырларды ұстаз тұтқан. Балқы Базар, Кете Жүсіп, Молда Мұса Байзақұлы, Мәнсүр, Нартай Бекежанов Бұдабай ақын­нан тағылым алғандарын айтады, оның ақындық қабілетін жоғары бағалайды.
Бұдабайдың ақындығы он төрт-он бес жасынан мәлім бола бастайды, ол кезде ақын­ды танытатын, мойындататын жер – көпшілік алдындағы айтыс. Өлеңді суырып салып та, жазба түрде де шығара беретін болған. Жай­шылықта сөзге сараң ақын өзін өзге сөзден өлеңге ұста Бұдабаймын деп таныстыратыны содан. Оның жырларының мазмұны мәнді, тілі сөлді келеді. Ел аузындағы аңызға қара­ғанда, Бұдабай бала күнінде бірде ұйықтап жатқа­нында түсіне ақсақалды қария кіріп:  «Балам, өлең аласың ба, әлде көген аласың ба?» деп сұрапты. Ол ойланбастан: «Өлең аламын», депті. Ояна кетсе, айналасы, көзіне көрінген­нің бәрі көкірегінен өлең болып төгіліп тұр екен деген аңыз бар ел аузында. Мұндай ақын­дық киесінің қонуы мысалын бұрынғы талай қазақ шайырларынан келті­руге болар еді. Сүйінбай, Жамбыл, Кемпір­бай, Базар ақындар өлеңнің «киесі бар, иесі бар» деп білген. Бақ­тыбай мен Жанақ, Нартай ақындар да Бұдабай сияқты түс көріп, өздері­нің өлеңді қалағанда­рын айтып кеткен.
Өлеңді бұлбұлша құйқылжытатын арқалы ақынның «Көңіл» деп аталатын мына бір ша­ғын өлеңі оның шайырлық шеберлігін аң­ғартады.

Кейде бір көңіл-дария тасқындайсың,
Кернеліп кемеріңнен асқандайсың.
Қонбастай көтеріліп көкке бойлап,
Шалықтап түз құсындай аспандайсың.
Бейнебір бес қаруың сай кісідей,
Жасанған жаудан көңіл жасқанбайсың.
Жағдайда жайбарақат ер болсаң да,
Жерлерде екіталай бас қамдайсың.
Осы әдет өз басыңда бар болса егер,
Ойланып, не себептен еске алмайсың?
Өзгеден өзіңді артық санауменен,
Сен де бір, сірә, неге тайсалмайсың.
Арналып айтылғанмен өз басыма,
Кәнекей, қайсың мұнан қашқандайсың?
Бұдабай Қабылұлы – айтыс ақыны. Молда Мұсамен жазба айтысы, Майкөт Сандыбай­ұлымен, Жадыра, Дәмегөй, Қарлығаш, Айсұ­лумен, құдаша қызбен айтыстары, байдың қызымен жұмбақ айтысы, өзінің сиырымен, атымен айтысқан мысал айтыстары белгілі. Оның алғаш ақын ретінде танылуы Қарлығаш деген қызбен айтысынан басталады. Қоңырат (кей деректерде – қаңлы) руынан шыққан төк­пе ақын Қарлығаш қызбен айтыстары оншақ­ты рет болыпты, тіпті бір айтысы бір аптаға созылыпты деседі.
Шайыр есімі жоқтау жырларымен әйгілі болғанын айтып өттік. Осыған орай Бұдабай­дың көзіқарақты күллі елге ең танымал туындысы «Әйекені жоқтау» туындысына тоқта­лып өтейік. Әдебиет тарихын зерттеушілер Бұда­бай Қабыл­ұлының Әйеке болысты жоқтауын Үмбетей Тілеуұлының Бөгенбай батырды, Алаша Бай­тоқтың Жәңгір ханды, Орынбай ақынның Шо­қанды, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Мұса Шормановты жоқтаған жырларына, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин мен Сүйінбай Аронұлы өмірден озғанда айтылған жоқтау­ларға теңестіреді. «Әйе­кені жоқтау» деп аталатын жыры ел арасына кең таралған, көркемдігі мен құрылысы жағынан ерекше туынды. Сон­дықтан да бұл жыр, міне, бір жарым ғасырдай әдебиет зерттеушілер назарын айрықша аударып келеді.
Бұдабай Қабылұлы әдебиет тарихында шұрайлы айтыс, арнау, толғау өлеңдерімен өзіндік мәнері бар ақын ретінде орын алады. «Бұдабайға Сыр мен Қырдың көптеген ақын­дары еліктеген. Әңгіме оның жалпақ тілінде, ғажап теңеулерінде болатын. Ел билегендерге ақыл айтқанда Бұдабай ел қамын, еңбекші қамын көбірек жеген. Толғаулары сын аралас қағида болып келеді» деп жазды ақын мұрасын зерттеген ғалым Әуелбек Қоңырат­баев. Соның бір мысалы мына өлеңі:

Сәлем де өрде жатқан шонжарларға,
Елге би, жұртқа қорған болғандарға.
Болыпты басың аяқ, аяғың бас,
Заманға бұл күндегі болжам бар ма?

Мал жақсы болыстан да, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде.
Азғанын заманыңның білмейсің бе?
Жабы озды жалы сұйық жүйріктен де.

Паһ, шіркін! Ақынның осыдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен төкпе жыры бүгін ай­тылғандай емес пе! Мұндай ескірмейтін өнер­ді классика, оның шығарған адамды классик дейтініміз осы болар-ау!
Ақын шығармашылығының бір қыры – оның арнау өлеңдері. Арнау қазақ әдебие­тінің дәстүрлі үлгілеріне жатады. Әріден келе жат­қан жанр. Ке­йіп­керіне қошемет көрсетіп, көте­ре сөйлеу, қа­дір-қасиетін бағалау арнау­ға тән. Сонымен қатар, реті келгенде қасқая қарап билеушілерге мін айту, тоқтам айту, кеңес беру арнауда кезде­седі. Бұ­дабайдың арнау өлеңдері де тұрмыс-тіршіліктен туындап жатар өмірлік пайымдар. Шайыр орайы келген жерде ақынға тән өр мінезбен әлдебір жағымсыз қылықты бетке айтып тастаудан та­йынбағаны өлеңде­рі­нен көрінеді. Тіпті өзін де астарлы әжуа, ащы мысқылмен түйреп алады. Өзінің қу кедей­ші­лік күйін де жырына қосады. Бұдабай Қа­былұлының арнау өлең­дері жанрдың қысқа да нұсқа дөп сөйлеп, тура айту ерекше­лігін мей­лінше меңгерген, иі қанық шығармалар. Өлең­дерінің бірсыпы­расы ел бірлігі мен адамдар татулығын жырлауға, араздасқандарды бітімге шақыруға арналған. Патша заманында әділет­тен тайған кейбір ел басшылары – болыстарды сынай отырып, оларға бұрынғы хандық дәуір­де әділ­дігімен аты қалған билер, датқалар істе­рін, ата-баба жолын үлгі етеді, сөйтіп оларды дұрыс жолға салмақ болады.
Бірлік, татулық, адамгершілік қасиеттер сүлейдің толғау-терме, ақыл-нақыл сөздерінің қызыл арқауы. Жамандықтан жирендіріп, жақ­сылыққа ұмтылдырады, мейірімділікке, сүйіс­пеншілікке баулиды. Ақын дүниетаны­мы хал­қымыздың ежелгі даналық үлгілерімен қабыса байланысып жатыр. Бұдабай өлеңінің өзегі – өз құлқынының құлдығынан құтылған адам ғана елге иелік жасай алады дейтін ежелгі даналық.
 Тамыры аса терең рухани танымнан тарайтын Сыр шайырларының жүйрігі, сүлей­лер­дің сүйрігі Бұдабай ақын шығарма­шы­лығындағы елдік сана, ел бірлігі мәселесі бүгін де таусылмайтын, сарқылмайтын қа­шан­да өзекті тақы­рып. Бұдабай тәлімі – елдік ұстанымды ту ету, ұлы дала төсінде дәстүрі бұзылмаған, іргесі берік ел болып қала беру.