Құрманғазы консерваториясы әлемнің үздік 100 оқу орнының қатарына енді
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы QS әлемдік рейтингінде үздік 100 ұйымның қатарына енді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
QS World University Rankings by Subject 2026 пәндік рейтингісінің қорытындысы бойынша Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Орындаушылық өнер» бағыты бойынша әлемнің үздік 100 оқу орнының қатарына енді. Оқу орны 51–100 аралығында бағаланған. Бұл нәтиже Қазақстан үшін халықаралық рейтингтегі маңызды жетістіктердің бірі саналады және отандық музыкалық білім беру саласының жоғары деңгейін көрсетеді. Аталған рейтингті жыл сайын халықаралық QS Quacquarelli Symonds талдау агенттігі жариялайды. Биыл тізімге Қазақстаннан 13 жоғары оқу орны енгізілген.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы бұл рейтингке алғаш рет қатысып, өз бағыты бойынша бірден жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жетістік ұлттық орындаушылық мектептің әлеуетін, мамандар даярлау сапасын және қазақстандық музыкалық білімнің әлемдік деңгейде мойындала бастағанын айқындайды.







