ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанадағы ШЫҰ саммитінің нәтижелері бойынша ақпарат және мәдениет саласында қандай уағдаластықтар орнағанын айтып берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
«Мұнда екі аспектіні қарастыру керек. Біріншісі – Қытай Халық Республикасының көшбасшысы Си Цзиньпиннің сапары. Оның мемлекеттік сапары аясында мәдени-гуманитарлық бағыт бойынша келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, Астанада қытай мәдени орталығын және Бейжіңде – қазақ мәдени орталығын ашамыз. Заң қазірдің өзінде ратификацияланған және іске кірісе аламыз. Бұл Қазақстан-Қытай қатынастары тарихында тұңғыш рет болып отыр. Алғаш рет мұндай ынтымақтастық институционалды түрде жүзеге асырылуда және әрине, бұл мәдени орталықтар екі ел халықтарының бір-бірімен жақынырақ танысуына ықпал етеді», - деді министр Silk way телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Бейжіңдегі мәдени орталық халық көп жүретін туристік орын – Арбат маңында орналасқан. Мәдени орталықтардың қызметі аясында әдеби сала, концерттік қызмет және бейнелеу өнері сынды мәселелердің барлық спектрі қамтылады.
Ақпарат және кино өнері саласындағы келісімдер жақын арада нақты жобалар түрінде өз нәтижелерін береді.
«Сондықтан ШЫҰ-ға төрағалық ету және тұтастай алғанда ШЫҰ ұйымына кіретін елдердің өзара іс-қимылы бірқатар мәселені шешуге ықпал етеді. Атап айтқанда, біздің министрлік серіктестермен өте тығыз қарым-қатынаста және біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына ықпал ететін бірлескен жобалар пайда болуда. Кеше біздің көшбасшыларымыз Қытай мен Қазақстанның өзара іс-қимылы жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін, бұл біздің елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа дәуірі екенін растады. Сондықтан бәрі, ең алдымен, мемлекеттік органдардың қалай жұмыс істейтініне және қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және тереңдетуге ықпал ететініне байланысты», - деп толықтырды сөзін А. Балаева.