Қызылордада Қорқыт ата университетінің магистранты комикс кітап шығарды

209

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Информатика» мамандығының 1-курс магистранты София Темірболаттың «Cyber City хикаялары» комикс кітабы жарық көрді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.





Облыс әкімінің қолдауымен өткен идеялар байқауында қызылордалық өрен үздік атанып, конкурстан ұтып алған 500 мың теңге қаржысына өз идеясын іске асырып, виртуалды ортамен қауіпсіз байланыс дағдыларын дамытатын кітап жазып шықты.


Жоба – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының арнайы «Қауіпсіз интернет», «Кибербуллинг – ол не және оны қалай тоқтату қажет?» кибербуллингке қарсы бағдарламасы мен зерттеулері аясында жасалған. Кітап арқылы балалар қауіпсіз киберкеңістікті оқып,  цифрлық иллюстрациялар мен комикстерді кәсіби оқуға мүмкіндік алады.


Автор өз еңбегінде шетелдік мамандардың пікірі мен зерттеулерін негізге ала отырып, 10 бөлімнен тұратын кітаптар сериясын әзірледі. Комиксті құрастыру үшін Жапон, Корей, Еуропа елдерінің суретшілерінен дәріс алып, шеберлігін шыңдаған. Кітап білім беру ұйымдарында киберқауіпсіздік білімін ілгерілету үшін педагогтар пайдалана алатын стратегияларды ұсынады. 


«Соңғы жылдары балалардың ақпараттық қауіпсіздігі – өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан оқушылардың ғаламтор туралы түсінігін кеңейтіп, одан туындайтын қауіптің алдын-алу үшін осы жобаны қолға алдым. Комикс кітабын әзірлегенде 6-14 жас аралығындағы балалар мен олардың ата-аналарына сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде жинақталған мәліметтерді пайдалана отырып, негізгі проблемаларын комикс арқылы салдым. Комикс авторлық құқықпен қорғалған», – деді София Темірболат.


Салтанатты жиынға облыс әкімдігінің өкілдері, мұғалімдер мен оқушылар, өңірдің белсенді жастары, IT мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Тұсаукесер рәсімінде София Хайруллақызы авторлық кітабын облыстық жастар орталығының кітапханасы мен «Қызылорда облыстық мүгедектер» қоғамдық бірлестігіне сыйға тартты.


Айта кетейік, жоба облыс әкімінің қолдауымен өткен «InnoFest-2022» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалінде үздік деп танылып, қаржылай қолдау тапқан. Алдағы уақытта кітаптың ІІ, ІІІ бөлімдерін баспаға жіберу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек София зерттеулер аясын кеңейте отырып, авторлық курс оқытуды қолға алмақ. Сонымен қатар, магистрлік диссертациясы аясында «Факультатив сабақтарында «NFT криптографиялық токендері» курсын оқыту әдістемесі» тақырыбын зерттеуде.