Оңтүстік Кореяда қазақстандық музыканттың құрметіне орай көрме өткізілді

741
Композитор Яков Ханның құрметіне арналған шығармашылық көрме  Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Корея Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мәдени орталығында сазгердің музыкасы ойнап, оның суреттері мен мұрағаттағы құжаттары ұсынылды. Қазақстанда джаз музыкасының қалыптасуына ерекше үлес қосқан Яков Хан композитор ретінде елімізде ғана емес, көптеген шет елдерде де танылған.

Ол Алматыдағы республикалық академиялық корей театрында біраз уақыт жұмыс істеді. Музыканттың құрметіне арналған көрме жыл соңына дейін жалғасады.

Еске салайық, сазгер былтыр қыркүйек айында 77 жасында дүниеден озған. 

Ким Бен Хак, ТМД корейлер мәдени орталығының басшысы:

- Біздің мұражайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы корейлерінің 160 жылдық тарихы ұсынылған. Әлемге танылған қазақстандық композитор Яков Ханның еңбектерін де таба аласыз. Бұл көрме арқылы Корей халқы Қазақстандағы отандасының өмірімен етене таныса алады.