Президент тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурс жарияланды
Президент тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурс жарияланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Конкурстың басты мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.
2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады.
Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.
Гранттар 5 бағыт бойынша беріледі:
«Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
«Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.
Үміткерлердің конкурстық өтінімдері 26 қыркүйектен 26 қарашаға дейін электрондық нұсқада t.urpaktary2023@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.
Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады және:
1) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық өтінім;
2) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның сипаттамасы;
3) жоба бойынша (60 секундтан аспайтын) бейнематериал немесе (10 слайдтан аспайтын) презентация;
4) 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығындар сметасының жобасы;
5) PDF форматындағы зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса);
6) PDF форматындағы жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі болуы тиіс.
Байланыс нөмірі: 8 (7172) 74-12-78.